Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кредиті бар қазақстандықтарға керемет жаңалық

Кредиті бар қазақстандықтарға керемет жаңалық

Қазақстанда несиелендіру қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Фото: canva
Бұл салада бірнеше жаңалық өмірге жолдама алды. Қолданысқа енгізілген заңнамалық өзгерістер туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айтып берді.
Біріншіден, 2025 жылғы 31 тамыздан бастап жеке тұлғалар кредиттерін еш айыппұлсыз мерзімінен бұрын жаба алады. Мүмкіндігі болса, қаржы тапса көптеген адам пайыздық сыйақы бойынша банкке басыартық ақша төлемеу және қарыздық міндеттемелерінен арылуды тездету үшін несиесін мерзімінен бұрын өтеп тастайды. Мұның екі тәсілі бар:
Толық – бірнеше жыл бойғы кредиттің негізгі борышын, пайыздарын, үстемеақысын, банктік комиссияларды және басқасының бәрін төлеуге тура келеді.
Ішінара – банк бекіткен кестедегі сомадан артық ақша енгізіледі.
Соңғысы кем дегенде екіге бөлінеді: несиені мерзімінен бұрын ішінара өтейтін клиент ай сайынғы төлемінің бұрынғы мөлшерін сақтай отырып, кредиттің мерзімін азайта алады. Немесе заемның мерзімін сақтай отырып, ай сайынғы төлемнің сомасын кеміттіре алады.
Клиенттің алған қарызын уақытынан бұрын жауып тастауы банктерге тиімсіз. Адам несиені неғұрлым ұзаққа алса, банк оны "сауынды сиырдай" ұзақ "сауа" алады, мысалы, жыл сайын түрлі комиссияларды, үстемеақыларды, өсімпұлдарды және басқасын ойлап тауып, оның енгізген төлемінен ұстап отыруы да ықтимал.
Егер клиент кредитін тездетіп өтеп тастаса, бұл қаржы қайнары жоғалады. Сондықтан банктер, микроқаржы ұйымдары мерзімінен бұрын өтеу үшін айыппұл салатын.
Қаржы ұйымдары заңнама аясында мерзімінен бұрын өтеудің тәртібін анықтай алады: минималды сомасын бекітуге, өтініш берудің мерзімдерін, есептік күндерді белгілеуге құқылы. Сол себепті, сарапшылар заемшыларға қарызын ертерек "сөндіретін" жағдай туындаса, қайта есептеудің өзі таңдаған тәсілін банкпен алдын ала келісіп алуға кеңес береді. Әйтпесе, бәрін банктің қалауына тапсырса, ол қосымша төлемдерін қосып, қарызды көбейтіп жібереді.
Сондай-ақ қаражатты есептен шығару тәртібін, мерзімінен бұрын өтеген жағдайда сақтандыру сыйақысын қайтару және ипотекада кепілзаттан құқықтық ауыртпалығын (обременение) алып тастау ерекшеліктерін де нақтылап алғаны жөн.
2025 жылғы 31 тамыздан бастап күшіне енген нормаға сәйкес, мерзімінен бұрын өтеу үшін айыппұл санкциялары тек заңды тұлғаларға ғана қолданылатын болады.
Агенттіктің хабарлауынша, жеке тұлғалар өз несиелерін тұрақсыздық айыбын (неустойка) төлемей-ақ кез келген уақытта, мерзімінен бұрын өтеп тастай алады. Бұл норманың барлық келісімшартқа, соның ішінде осыған дейін бекітілген шарттарға да таралатыны мәлімделді.
Алайда назар аударатын жайт, өзгерістер қолданысқа енгізілгенге дейін төленген айыппұлдар және тұрақсыздық айыбы қайта есептеуге немесе қайтаруға жатпайды.
Агенттік мамандарының байламынша, мерзімінен бұрынғы төлемдер азаматтың қарыз жүктемесін азайтуға, кредиттік тарихын жақсартуға, қаржылық орнықтылығын нығайтуға септеседі. Сондықтан егер бір айда көбірек табыс тапсаңыз және үнемдеуге жағдайыңыз жетсе, онда қарыз кестесімен шектелмей, көбірек төлем енгізуіңізге болады.
Бұдан бөлек, агенттік мерзімінен бұрын өтеу туралы шешім қабылдамас бұрын бос қаржылық қорыңыздың бар-жоғын бағамдауға кеңес береді. Өйткені егер бір кредитті толық жауып тастау үшін қолыңыздағы бар ақшаны банкке беріп қойсаңыз, дәл осы кезде қаржыға деген басқа қажеттілік туындаса, онда қайтадан қарыз алуға тура келуі мүмкін.
Ал, банктен теңгемен алған қарызыңыздың құны уақыт өте келе, дефальвация мен инфляцияға байланысты кеми береді. Мысалы, осыдан он жыл бұрын 9 миллион теңге ипотекаға Астанадағы жаңа тұрғын үй кешенінен бір, тіпті екі бөлмелі пәтер алуға болса, бүгінде одан екі есе көп қаржыға – 18 миллионға бір бөлмелі жаңа баспана табу қиындау.
Бұған қоса, қаржылық реттеуші мамандарының түсіндіруінше, қарызды мерзімінен бұрын өтеу үшін банкке өткізгелі тұрған бос қаржыңызды тиімді пайдаланудың өзге де жолдары бар. Мысалы, 19 пайыздық депозитке, 21 пайыздық облигацияларға, немесе перспективті акцияларға салып, қосымша пайда таба аласыз.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының қаулысымен өмірге жолдама алған кредиттеу қағидаларына өзгерістердің екінші жаңалығына сәйкес, қазақстандықтардың бір бөлігіне кредитті өтеуді еш комиссиясыз кейінге қалдыруға (отсрочка) мүмкіндік беріледі.
"Банктер мен микроқаржы ұйымдары бұдан былай әлеуметтік осал қарыз алушыларға және төтенше жағдайлардан зардап шеккен тұлғаларға ең кем дегенде 3 ай мерзімге қарызды өтеуді кейінге қалдыруды қосымша комиссияларсыз және өзге де төлемдерсіз ұсынуға міндетті", – деді агенттік өкілдері.
Кейінге қалдырудың 2 шарты бар, ол:
қарыз алушының өтініш бергенге дейінгі соңғы 2 айдағы орташа айлық табысы алдыңғы 12 айдағы табысымен салыстырғанда 30%-дан астам төмендеген жағдайда,
немесе оған мемлекет атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындаған кезде беріледі.
Жалпы, Қазақстан халқы қарызға батып барады. "AMANAT" партиясының дерегінше, әрбір 2-ші қазақстандықтың несиесі бар. Ал, 1,5 миллион азаматтың шоты қарызына байланысты бұғатқа түскен. Халықтың жалпы қарызы 26 триллион (!) теңгеден асып кетті. Яғни, қазақстандықтардың борышы Қазақстанның бүкіл республикалық бюджетінен (25,19 трлн теңге) асып түсті.
"Жүздеген мың отбасы үнемі күйзелісте өмір сүреді: алған жалақысы төлемдерге жұмсалады, ал тұрмысы жаңа қарызбен жалғасады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызына тоқталды. Ол халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету керек екенін мәлімдеді. Президент "AMANAT" партиясының бастамасымен қолға алынған "Қарызсыз қоғам" жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет екенін ерекше атап өтті", – деп хабарлады жетекші партия.
Оның дерегінше, "Қарызсыз қоғам" жобасы аясында банктер мен МҚҰ-лар тарапынан әділетсіз жүктелген 1 миллиард теңге қарыз жойылыпты. 2025 жылғы ақпан-тамыз айлары аралығында 110 мыңнан астам адам заңгерлік көмек алды. Ал Call-орталыққа күн сайын үш мыңға жуық қоңырау шалынады.
Партияның Астана қаласындағы кеңсесінде 40-қа жуық заңгер жұмыс істейді, өңірлерде ондаған маман еңбек етеді. "Қарызсыз қоғам" жобасының жетекшісі Дәулет Мұқаевтың мәліметінше, былтыр 845 мың адамға көмек көрсетілген, ал, биыл 1 миллион қазақстандықты қамтуға ниетті.
"Қарызсыз қоғамның" атқарушы директоры Олжас Ордабаев жоба қарапайым кеңес беру шеңберінен шығып, азаматтарды толғандырған мәселе бойынша істің басынан аяғына дейін қолдау көрсететін толыққанды жүйеге айналғанын жеткізді.
Жоба мамандары телефон арқылы кеңес берумен ғана шектелмейді екен: олар талап-арыздар әзірлейді, ЭЦҚ алуға көмектеседі, банкроттықты рәсімдеу кезінде азаматтарға қолдау көрсетеді, ал алаяқтық фактілері анықталған кезде материалдарды Қаржылық мониторинг агенттігіне және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолдайды.
"Биылдың өзінде бізге жалпы қарыз жүктемесі 28 миллиард теңгені құрайтын 40 мыңнан астам адам жүгінді. Мамандарымыздың араласуы арқылы 1 миллиард теңгеден астам берешекті есептен шығаруға немесе қайта құрылымдауға мүмкіндік пайда болды. Бірде айыппұлдар мен өсімпұлдар алынып тасталады, енді бірде төлем кестелері түзетіледі", – деді ол.
Ордабаев жоба аясында оқытуға көп көңіл бөлінетінін қаперге салды: қарыз қамытынан құтылу, сауатты бизнес-жоспар әзірлеу және грант бағдарламаларын пайдалану туралы 24 онлайн-сабақ әзірленді. Оқудан соң жеңілдікпен несие берілетін "Ауыл аманаты" жобасы арқылы ауылдағы адамға жеке кәсібін ашуға қолдау көрсетіледі.
Қарыз кесірінен қазақстандықтар ауыр өмірлік жағдайға тап болады. Өмірден баз кешіп, өзін-өзі өртегендер қаншама?! Жоба заңгері Нұркен Сегізбайдың әңгімелеуінше, жеке сот орындаушысы бір борышкер әйелдің барлық жалақысын ұстап алып отырған.
Салдарынан, ол әйел тек қарызын өтеу үшін жұмыс істеген. Бұл бір құлдыққа ұқсайды. Оның үстіне заңға сәйкес ЖСО-лар қаражат өндіру кезінде борышкер табысының тек жартысынан аспайтын сомасын ғана ұстап қала алады.
Осы орайда жоба командасы жедел шағым әзірлеп, заңсыз әрекеттердің күшін жойды және заңсыз есептен шығарылған қаражатты әйелге қайтартқызыпты. Бүгінде ол адам қарыздарын қайта құрылымдау рәсімін жалғастыруда.
Сарапшылардың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу, жеке кәсіпкерлік ашудан бастап, соттан тыс банкроттық кезінде көмектесу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі мәселе бойынша кеңес алады. Барлық кеңес тегін, заңгерлер әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттейді.
"Курсқа qogamfin.kz сайты арқылы жазылуға болады. Оқыту курсы күндізгі форматта өткізіліп, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні. Жобаның Call-орталығы әр жұмыс күні 9-00-ден 20-00-ге дейін жұмыс істейді. Қоңырау шалу үшін: +7 700 855 85 85. WhatsApp үшін: +7 700 023 01 44", – деп мәлім етті жоба өкілдері.
18 қыркүйек 2025 ж. 142 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930