Сөздің құдіреті
Адамзатқа тәбәрік ретінде жеткен төрт кітаптың бірі «Библияда»: «Алдымен сөз жаралды» деген жолдар бар. Ең бірінші болып қалыптасқан құбылыстың сыры неде? Сөздің расымен құдіреті бар ма? Қазақ халқы «Айтылған сөз – атылған оқ» дейді. Ал басқа жұртшылықтың оған деген көзқарасы қандай?
Әлем халықтарының барлығына ортақ бір дүние бар. Ол өздеріне тән тілдері. Жаратылыс біткеннің саналысы саналатын адамды басқа болмыстан ажыратып тұратын айрықша артықшылықтың бірі де дәл осы сөйлей алуында.
Сөздің күші мен киесі деген ұғым дүние жүзі жұртының көбіне ортақ. Оған мысалдар жеткілікті. Орта ғасырдағы католик шіркеуіне мінәжет етуге барғандарға діни қызметкерлердің жиі ескертетіні: «Дұрыс сөйле. Жарылқаушы әрбір ойды қабыл етеді» болса, Шығыстың Фен-шуй ілімі сөздің заттанатынын айтады. Ислам дінінде де жан азығына баланатын жақсы сөз, ізгі ниет арқылы сананың тазаратыны жайында тәлімді жолдар нұсқалған.
Ұлттық танымда: «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деген нақыл қалыптасқан. Бұл «Тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндірме» деген тілекті өмірлік ұстанымына айналдырған халық өкілдері үшін рухани асыл қазына құнының қымбаттығын танытады.
Менің балалық шағым өткен ауылдағы қарама-қарсы үйде Ұлжан деген әжей тұратын. Ол кісінің біреумен тілге келгенін, налыған кезін көрмеппін. Есімде қалғаны, кейуана барға да, жоққа да қанағат етіп: «Алла жеткереді», – дегенді жиі айтатын. Өткен ғасырдың аяғы біздің ауылдағылар үшін де оңай өтпеді. Әркім барын бағалап, ұсақ-түйекке дейін назар аударатын дағды мұнда да қалыптасты. Отбасына кіретін аз-маз тиын-тебенді әйелдер жағы құрай алмай жүргенде «тойлатып» кететін күйеулеріне ашуланатын. Ондайда: «Саспа, келер жерін кеңітсін. Өмір осылай тұра бермейді. Бұл қиындық та өтеді», – деп жұбатқанында жеңгелер ашуға булығатын. Ағаларымыз ол сөздерді қиындыққа жауап табу мақсатында айтты ма екен, әлде үкілі үміттері сондай ма, ол жағын білмеймін. Көп өтпей заман түзелді. Сана оңалды. Тұрмыс тіктелді. Әже айтқандай «Алла жеткерді». Ешкімге болмасын демейтін алғаусыз көңілінен бе екен, кимешекті кейуана қазір бұл сәтті көзімен көріп отырған ауылдың ең үлкені ғана емес, бақытты адамдардың бірі. Әже дегеннен шығады, кішкентайымызда үлкендердің аузынан ренжігенде «тұқымың жайылғыр» деген «қарғыс» шығатын. Мағынасына бойласақ, «ұрпағың көбейсін» дегенге саяды екен. Бүгінде ол сөзді айтатындарды кездестіру қиын. Кейде отбасында бала сүю бақытынан кешігіп жүрген жұптарды көргенде осындай тілегені келген жанашыр жандардың азайғанына іштей налисың.
Бірде талантты жерлесіміз Гүлнұр Оразымбетова теледидарға берген сұхбатында басынан кешкен оқиғаны жанарына жас үйіріле жеткізді. Әншінің айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын Мәскеу қаласынан келе жатып, өзіне танысының берген аманатын жоғалтып алады. Өкініштісі, ол бір-екі адамның жинап беретін ақшасы емес, көлемді қаржы көрінеді. Мән-жайды отбасына айтқанында тете сіңлісі келіп: «Ойбай, ондай болса, мен өлейін. Соған жиналған ақшаны апарып құтылыңдар. Басқа қалай болуы мүмкін», – дегенді айтады. Сөзі қабыл болды ма, жай сәйкестік пе, арада бір күн өтпей, сіңлісі қайтыс болып, Гүлнұр қиындықтан, бауыры айтқандай, оның жаназасына жиналған қаражат арқылы шығады. Бұл мысал да аузымыздан шығар пайымның дұрыс болу керектігін ескертетіндей.
Мамандар: «Әркімнің қандай іс атқармағы, алдағы жоспары жайында білу үшін онымен аз уақыт диалогқа түсу жеткілікті», – дейді. Осы орайда қазақтың «Киіміне қарап күтіп алып, ақылына қарап шығарып салады» деген мақалы ойға оралады. Ал ақылдың негізгі көрсеткіші біз айтып отырған жайт. Қазіргі таңда сөзді қасиетті құралға санайтын арнайы ғылым бар. Психолог, коуч, бизнес жаттықтырушылар тілдің көмегі арқылы адам өмірін өзгертуге болатынын дәлелдеп жүр. Сөз арқылы мақсатқа жетуге болатыны туралы ойлағанда, екіұшты пікірге ұшырасасың. Алғашқысы, жоғарыдағы азаматтардың кәсіпке айналдырып жүрген жұмысын негізсіз деуге болмайды. Солай екен деп «қу шөппен ауыз сүрту» құрғақ қасықтың оны жыратынын еске салады. Тілдің қоры, қолданыс аясы қандай болмасын, негізгі атқаратын қызметі – қарым-қатынас құралы. Біз күніне өзіміз іске асыратын қызмет, жұмыс, мақсаттың көптеген бөлігін сөз арқылы бітіретінімізге аса мән бермейді екенбіз. Осы орайда қос тараптан тоғысатын пікір – сөз – ойдың бейнелі, заттанған үлгісі екендігі шыға келеді. Ал пайым-парасатты бір арнада тоғыстырып, сананы салмақтау арқылы мақсатқа жету – көңілге қонымды уәж.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА