Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Құрсақ тойдың құндылығы

Құрсақ тойдың құндылығы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында ұлттық ерекшелігімізді екшелеп, қазынаға бергісіз қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрімізді бағамдай түстік. Атадан балаға мұра болған дәстүр сабақтастығының мәні өміршеңдігі мен адам өміріндегі маңызында болса керек. Соның ішінде баланың «тоғыз ай тоғыз күн» ананың құрсағында жетіліп, жарық дүниенің есігін ашқан сәтінен үлкен азаматқа айналып, өмірден өтер шағына дейін салт-дәстүрмен өрілген.

Сәбидің алғашқы тойы
Ұмытылып бара жатқан дәстүрдің бірі, баланың алғашқы атаулы мерекесі “құрсақ тойдан” басталады. Құрсақтағы сәбидің қамы үшін өткізілер жоралғыны әулеттің үлкен анасы жасайды. Жүкті әйелді тіл-көзден сақтау үшін «ішінде көжесі бар», «аяғы ауыр» деп тұспалдаған қазақ келіннің және құрсақтағы нәрестенің амандығын тілеу мақсатында көрші, ағайын-туыстарын «құрсақ шашуға» шақырған. Атаулы дәстүр жасалған үйде сәби дүниеге келетіндіктен бұл көпке ортақ қуаныштың мерекесі сынды.
Құрсақ шашуға жиналғандар түрлі тәтті-дәмді мен жылы-жұмсақты өздері пісіріп әкелуі тиіс. Жүкті әйелдің неге жерік екенін білу үшін әкелінген ас-ауқатпен бірге түрлі тағам қойылған. Ал қазақ келін неге жерік болса, соған қарап болашақ сәбидің ұл, не қыз екенін тікелей болжаған. Мәселен жүкті әйел қандай да бір етке жерік болса, ұл, тәттіге құмар болса, қыз туады деп ойлаған. Сонымен бірге анадан нәр алатын баланың денсаулығына зиянын тигізбесін деген ниетпен түйе, қоян еті, қасқырдың бауыры сынды тағамдарды жегізбеген.
«Құрсақ тойда» қонақтардан келетін басты сый тағамдар емес, ақжарма лебізі мен ақ батасы болған. Келіннің тезірек қол-аяғын бауырына жинап, сәбиін дүниеге аман-есен әкелуі үшін тәтті тілектерін жаудыратын болған. Тойға келген әйелдер өздерінің қолжаулықтарын жақсы ниетпен босағаға ырымдап іліп кетеді. Бұл бір жағынан көптің қол-аяғымыз жеңіл болсын, осы үйдегі шаттық бізбен бірге еріп кетпесін дегені болса, екіншіден, көпбалалы аналардың жаңа босанар келіншекке «жұғысты болсын» деген ниетінен туған.
Көптің тілегінде күш бар. Ағайын мен көрші-қолаңның, жақындардың тілегі бір жерден шығатын дәстүр «Алпамыс батыр» жырынан да көрініс табады.
«Құтты болсын деді де,
Құрсақ шашу жеді де,
Қайтадан халқы тарады», - деген үзінді сөзімізге дәлел. Академик, ғалым Ақселеу Сейдімбектің пікірінше, бұл дәстүр ерте кезде Жиделібайсын жерінде қалыптасқан.
Жас келіннің аяғы ауырлағанын абысындары бірінші болып байқаса, келіннің енесінен сүйінші сұрайтын болған. Сүйіншісін берген ата-енесі қуанышты хабардың соңын құрсақ тойына айналдырады. Бұл дүниеге келген адам баласының құрметіне арналатын ең алғашқы той болып саналады. Думанды салт сәби дүниеге келген соң «шілдеханамен» жалғасын тапқан.

Дәстүрдің берер тәлімі
«Құрсақ той» - бала тәрбиесін анасының құрсағына біткен күннен бастаған бабаларымыздың бай тәжірибесінің бір көрінісі. Бала іште жатқаннан-ақ өзіне деген ілтипатты, анасының және отбасы мүшелерінің ғана емес, бүкіл ағайын-ауылдастың құрметін сезініп, содан қуат алып өседі.
Бұл тойға тек әйелдер мен қыздар ғана қатысады. Ал керегеге ақ орамал таңылғаннан кейін келіннің жүкті екенін бүкіл ауыл білетін болған. Мұның мәніне үңілсек, «осы үйдің төңірегінен ақырын өтіңдер, аттылы адамдар қатты шауып өтпесін, ал кішкентай балалар алысқа ойнасын» деген жүкті әйелдің шошынбауына, тыныштығына назар аударған халықтың даналығы жатыр.
Бұл дәстүрдегі ененің тағы бір міндеті – келінінің жерік асын табу. Ананың жерігін басу арқылы баланың денсаулығы мықты болуы қамтамасыз етілмек. «Аяғы ауыр кезде жерігі қанбай қалса, баланың аузынан су ағып жүретін болады» деген түсінік бар. Шаттық пен ілтипатқа бөленген келіншек жан дүниесінде ерекше сезімді кешеді. Ас ішуге тәбеті тартпай, көңілі құбылып жүрген кезінде батасын беріп, қолдау бергендерге құрметі еселенеді. Ене мен келіннің арасына «алтын көпір» болатын салт та осы. Болашақ немересінің анасына көңіл бөліп, келін енесінің қамқорлығын сезінгенде шаңырақтың да берекесі арта түспей ме?
Психолог ғалымдар баланың іште жатып-ақ тәрбие ала бастайтынын айтып жүр. Ал дана бабаларымыз мұны баяғыда-ақ байыптаған. «Жақсылықты бөліссең, көбейеді» дегендей, осынау дәстүрдің арқасында бір қуаныш екіншісіне ұласады. Жаңа түскен келін өзінің ұрпақ жалғастырушы екенін сезініп, еңсесін тіктейді. Жолдасының жұртын өзінікіндей қабылдап, сол әулеттің шамын жағуға барын салады. Бала қазақи дәстүрге жақын, ұлтын сүйетін азамат болып өседі. Отбасына деген мейірімі артады. Дәстүрін ұмытпаған шаңырақтан тағы бір мықты азамат өсіп жетілмек. Сан ғасырлардың сынынан өткен дәстүріміздің дерегіне көз жүгіртсек, тамыры тереңде екенін байқаймыз. «Кішкентай отандағы» құндылықтарды жаңғыртуға атсалысайық.

Дина БӨКЕБАЙ
31 шілде 2021 ж. 1 674 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 75

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 70

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930