Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қасиетін қанып ішкен құндақта

Қасиетін қанып ішкен құндақта

Қылыштан өткір, қылдан нәзік өнер туындысына айналамыздағы оқиғалар арқау боларын білеміз. Дегенмен әдеби, көркем шындықтың өмір шындығымен сәйкес келмейтін тұстары да жоқ емес. Содан да болар байдың бәрін жауыз, сараң көретін оқырман қалыптасты.
Уақыт өзінікін жасаймын десе де, ұлыларға өлім жоқ. Осы орайда «Қазақты танығың келсе, Абайды оқы» деген пәлсапаның ар жағынан Абайды тану үшін Құнанбайды зерттеу керектігі қылаң етеді. Қатігез әкенің көлеңкесінде қандай адам тұрғанын байқап көрейік.

Кеңгірбайдың теріс батасы
Болмысы бөлек Құнанбайдың тарихи тұлғаға айналуы бертін келе емес, бала күнінде-ақ сезілген. Жидебайлықтар арасында мына бір аңызға бергісіз әңгіме кең таралыпты.
Құнанбайдың бала кезінде анасы Зере қолынан жетектеп алып батасын алу үшін алыстан ат терлетіп Кеңгірбай биге барған. Ол кезде бидің атағы аспандап тұрған кез. Оның оң батасын алу екінің бірінің қолынан келе бермейді деседі. Босағадан төрге жол алған Зеренің жанында тұрған жас балаға Кеңгірбай ұзақ қадалып қарайды. Артынан күбірлей бастайды. Бірақ «Тоғыз ата толғанша, түңлігіңді ешкім ашпасын» деп теріс батасын береді. Аталы сөздің астарын түсінген ана көз жасын көл қылып, кері қайтуға бекінеді. Бірақ Құнанбайды дәретсіз емізбеген ананың көңілі қайта-қайта осы үйге тартқан болу керек, тағы да келіп бата сұрайды. Кеңгірбай тағы да сол батасын беріп, есіктен үнсіз шығарып салған.
 Көңілі құлазған ана намысын ысырып, би алдында баласының бағын ашу үшін үшінші рет қайта келеді. Осы жолы да сол батаны алып, еңіреген күйі далаға қарай кетіп бара жатқанда, артынан қарап тұрған Кеңгірбайдың бәйбішесі: «Құдай-ау, мұның не! Бір емес, екі емес, үшінші рет келіп отырған Зеренің баласына бір батаңды қимадың ба?!» десе биекең: «Тәйт, сен әліптің артын бақпай сөйлеме. Сыртқа шығып артынан қарашы» деп бұйырады. Бәйбіше есік алдына шығып Зере мен Құнанбайдың артында кетіп бара жатқан екі итті көріп: «Ертіп бара жатқан екі итті айтасың ба?» – дегенде барып: «Бұл екеуі ит емес, күшік күнінен өсірген арландарым. Екеу емес төртеу еді, мына Зеренің баласына төртеудің екеуі еріп барады. Бұл тегін емес. Мен теріс батамды берген күннің өзінде, ол менің екі қасиетімді әкетіп барады. Менің де ұрпағыма бірдеңе қалсын дегенім», – деп, қысқа қайырыпты. Осынау аңыздың өзі бойына бала кезінен дарыған тектілік пен қасиетті көрсетпей ме?
Құнанбай мен Абай
Бидің әкесі Өскенбай Арғын ішіндегі Тобықты руының биі болған, адалдығымен, әділдігімен танылған. Содан болар, ел арасында «Ісің адал болса, Өскенбайға бар» деген сөз тарапты. Өскенбай би қайтыс болғасын жұрт оның орнына баласы Құнанбайды би сайлайды. Құнанбайдың өзі де бірнеше әйел алады. Әйгілі Шәкәрімнің әкесі Құдайберді оның бәйбішесі Күңкеден туған. Екінші әйелі Ұлжаннан төрт ұл: Тәңірберді, Абай (Ибраhим), Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі Айқыздан Халидолла, Ысқақ есімді ұлдар мен Кәмшат есімді қыз өмірге келген. Ал төртінші әйелі Нұрғанымнан туған баласы жастай қайтыс болған.
Сексен бір жылдық ғұмырын ел мен ердің тәрбиесіне сарп еткен Құнанбай Өскенбайұлы «тобықтыны ел қылған» қайраткер, Абай мен Шәкәрімнің тұлғасына ықпал еткен ұстаз, мұсылмандығын биік қойған пенде.
Мұхтар Әуезов 1933 жылы жарық көрген Абайдың толық жинағында: «Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім екенін білу қиын» деп мәлімдеген еді. 1868 жылдың айналасын Құнанбай заманы десек, одан былайғы кезеңді Абай дәуірі деп атауымыз заңды. Өйткені, ұлы ақынның тұстастары «Жаңа низам» аталған ереже жағдайында өмір сүрді. Сөйтіп, «Абай жолы» роман-эпопеясының әкелі-балалы екі басты кейіпкері екі түрлі дәуірдің өкілдері болмақ. Бірі – ескінің соңы, бірі – жаңа жолдың басшысы еді.
Ел жадынан ерекше орын алғаны аңыз Құнанбайдың жас Абайға үш түрлі мін таққаны болса керек. «Ең әуелі – сен жұрттың бәрімен күліп, жадырап сөйлесесің. Жайдақ су сияқтысың, жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісілерге қадірі болмайды. Екіншіден, кім көрінгенге жақын боласың, кісі талғамайсың. Желбегей жүрген кісінің қасына ел үйірілмейді. Елді билейтін қылық ол емес. Үшінші, орысшылсың, орыстың дұшпандығын ұмытқансың», – депті талапшыл әке. Сонда Абай: «Қолында құралы бар бірен-саранға тиетін шыңыраудағы судан қойшы-қолаңшы, жалшы, жақыбайдың күллісі бірдей мейірін қандыратын жайдақ су артық деп білемін. Екінші, ел билейтіндердің мінезін айттыңыз. Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған. Бір қора қойды жалғыз қойшы «ай» десе өргізіп, «шайт» десе жусататын болған. Бертін келе, ел түйе сияқты болды. Алдына тас лақтырып «шөк» десең, аңырап барып қана бұрылады. Ал, қазіргі ел бұрынғы көрбалалықтан, нашар, момындықтан сейіліп, көзін ашып келеді. Ендігі ел жылқы сияқты болды. Аяз бен боранда, жауын-шашында топ не көрсе, соны көруге шыдаған, жанын аямаған, қар төсеніп, мұз жастанған, етегін төсек, жеңін жастық қылған бақташы ғана баға алады... Жанашыры бар, жақсылық пайдасы бар ғана кісі бағады», – деп жауап беріпті. Ал орысшылсың деген мініне айтқан жауабы мынадай: «Заман орыстікі, олар жеңген, біз жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білу керек. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі аламын».
Құнанбай туралы көбірек мағлұмат берген – Шәкәрім Құдайбердиевтің ұлы Ахат Шәкәрімұлы. 1900-1986 жылдары өмір сүрген ұрпағының айтуынша: «Құнанбай діншіл адам. Пара алуды, пара беруді, өтірік айтып ұрлық қылуды, адамға табынуды жаны түршігіп жек көрген. Ол тек құдай мен көпке бағынуды лайық деп санаған. Өскенбайды іздеп келген адамдардың дауларын Құнанбай тыңдап, әділ билік айтады, оған екі жағы да риза болып қайтады екен».
Ел арасындағы бір жиында атағы алысқа жайыла бастаған Абайды жер-көкке сыйғызбай мақтаған Ерболға Құнанбай: «Әй, Ербол! Сен мақтағыш болсаң, алдымен, мына мені, Құнанбайды мақта. Неге десең, мен өзімнен асырып Абайды тудырдым. Ал Абайың мықты болса, өзінен асырып ұл тудырсын. Оны содан кейін мақтарсың, қарағым», – деген екен. Қысқа қайырылған әке сөзінің астарында өзінен асып туған балаға деген толайым көңілімен қатар саналы ұрпақтың сұйылмауын меңзеген даналық ой ұшығы жатыр.
Тектіні текті таниды
Халық ішінде де, ғалымдар арасында да Құнанбай қажы мен Кенесары ханның арасында бітіспес жаулық болғаны туралы ақпарат көп. Алайда бидің Кенесары көтерілісіне қатысы туралы М.Әуезов: «Құнанбайдың бұдан соңғы ел есінде қалған бір ісі – орыс ұлығының бұйрығы бойынша Кенесарыны қуғаны. Ол ханды қуа шыққан орыс отрядымен бірге қазақтан кісі алып, қоса қуысқан. Қуған қол Кенесарының көшіне тезірек жетіпті. Көшінің жанында Кенесары атынан түсіп намаз оқи бастайды. Сонда орыс бастықтары шабайық дегенде, Құнанбай «намаз уақытында шаппаймыз», – деп шапқызбай қойыпты. Сол жолда би орыстармен бірге келе жатқан қазақтарды жиып алып, Кенесарыны ұстамауға, қас қылмауға уәделесіпті. Кейін атыс болғанда жуантаяқ Төбет деген батыр Кенесарыны қолының бір батырын қуып, найзаламақшы болған. Мұны естіген Құнанбай өз ханын өлтірмек болған намыссызды сабаған», – деп жазды.
Бұдан да бөлек Құнанбай патша әскерімен Кенесарының соңынан қуған болып, бірақ өзі оларға білдірмей ханға «артыңнан келе жатырмыз» деп хабаршы да жіберіп отырған деседі. Қазақтың екі даңқты перзенті бір-бірін терең түсінсе керек.
Дина БӨКЕБАЙ
29 маусым 2021 ж. 737 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 76

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930