Қуат Қиықбай: «Абайды мерейтой қарсаңында ғана еске алмайық»
Елімізде ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Соған сәйкес жыл соңында көптеген Абайтанушы жазушылармен сұхбат ұйымдастаруды көздеген біз. Орайы келіп Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ғылыми қызметкері, жазушы, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің гран-при иегері, бірнеше кітаптың авторы Қуат Қиықбаймен тілдесудің сәті түсті. Әңгіме барысында ұлы ақын туралы біз білмейтін өзекті, тың тақырыптар қозғалып, көптеген сауалдардың жауабына қанық болдық. Бүгін сол сырды қалың оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Жалпы біз Абайды қаншалықты таныдық?
– Қазірде Абайтану ғылымы, Абайтану саласы күннен күнге қарқынды дамып келе жатыр. Десек те біз ақынға қатысты әңгімелерді тек тіл ұшымен ғана айтатынымызды жасыра алмаймыз. Олай дейтінім, оны насихаттау, білу, жұртшылыққа қыр-сырын жария ету тек қана Абай есімімен байланысты тарихи, мәдени, және өнер мекемелерінің ғана қызметі, міндеті десек қателесеміз. Өйткені Абайды білу, оны айналаңда жүрген жақындарыңа таныту барша қазақтың парызы һәм міндеті.
Әлемге танымал көптеген ұлы ойшылдар бар. Мысалы, қытайлық Конфуций, ағылшындық Байрон, немістің Гётесін алып қарасақ, еліндегілер оларды өзгелерге насихаттауда керемет жұмыс жасайды. Бұлар ең алдымен ақын, ойшылдардың шығармаларын өзге тілде өте сапалы әрі сол түп нұсқадағы қуаты мен мазмұнын, мәнін сақтап аударылуын қатаң қадағалайды. Аспан асты елі Конфуцийді оқытуға, жан-тәнін салады. Себебі биліктің күші оны насихаттау керек деп алдына жан салмай қызмет етеді. Осы бір дүниені бізге де қолданса артық етпейді. Бұған қолында билігі бар азаматтар мен үкімет басындағылар араласпайынша Абайды танимыз, білеміз деп айта алмаймын. Әдеттегіше бұған жүрдім-бардым қарамау керек. Негізі Абайды тану деген сөз – ол өзіңді тану.
50-60 жылдардан бертін келе 70-80 жылдарда Абайдың қыр-сыры ашылып, бүге-шүгесіне дейін үңілетін көп дүние жарияланды. Ендігі жерде осыны әрі қарай дамытуды қолға алу қажет. Себебі біздің ақынды тану деңгейіміз әлі де айтарлықтай керемет емес. Өкінішті, бірақ шындық осы.
– Неге көпшіліктің ұлы ақынды білу оның бірлі-жарым шығармасын жатқа айту деңгейінде қалып қойды?
– Иә, мұнымен келіспеске болмас. Өйткені көпшілігіміз ел арасына кеңінен тараған «Ғылым таппай мақтанба», «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар қалан», «Қыс» шығармасы, «Жаз» өлеңі арқылы ғана білеміз. Мұнан бөлек маған Абай мерейтойлық ақын сияқты. Неге десеңіз, оның 175 жылдық тойы келе жатыр деп аласапыран болдық. Той өтіп, барлығы су сепкендей басылды. Одан соң Абайдың 176 жылдығы жетім қыздың тойындай өтеді. Сосын 180 жылдығы жақындады деп тағы шапқылаймыз. Міне, бұл үрдіс осылай жалғаса береді. Мұнан кейін көпшілік Абайды тек мерейтой қарсаңында еске түсірмесіне кім кепіл?!
Одан бөлек «Біз Абайды білеміз, танимыз» деп жатамыз. Бірақ ол «Абай 1841 жылы дүниеге келіп, 1904 жылы 60 жасқа қараған шағында өмірден озыпты» деген деңгейде қалып жатыр. Шынтуайтында Абайды тану оның айтқанына үңілу, тіпті сол арқылы азаматтығыңды қалыптастыру. Абайды ұғу ол – адам тану. Біз осыған терең мән беруіміз қажет. Сонда ғана Абай сөз етілгенде жас балалардың ойына, болмаса басқа салада қызмет жасап жүрген жандардың санасына «Қыс» шығармасы немесе «Жаз» өлеңі ғана емес, ақынның болмысы, тарихы келетін болады.
– Абайға қарап бой түзеп жүрміз бе?
– Өкінішті, шындығында біз Абайға қарап бой түзеп жүрген жоқпыз. Біз шетелдіктерге, есі кеткен еуропалықтарға, астарына үңіліп қарасақ арабтарға еліктеп өмір сүрудеміз. Егер ақын болмысын үлгі етсек барлығы мүлдем басқаша болар еді. Өйткені оның өлеңдерінде, қара сөздерінде түп нұсқасымен дәлме-дәл келе бермейтін аудармалары мен мысалдарында адам баласына қандай қасиет қажет, нендей жаман әдет пен мінезден арылу туралы көптеп айттылып, жазылған.
Бұл күндері қоғамда мотивациялық тренингтер белең алуда. Оқи қалсаң мақтауын асырып, баруға міндеттеп жатады. Бірақ нағыз мотивация Абайда жатыр. Ақын өз сөзінде «Еңбектің наны тәтті», «Егіннің ебін, сауданың тегін үйреніп, ойлап, мал ізде» деп бекер айтпаған. Осының барлығы дүниелік таным. Қазір Абай десек бір найманның болмаса арғынның жалпы орталық Қазақстан, шығыстың бір ғалымы болып қана көрінеді. Ол бізге ағартушылығымен, хакімдігімен қымбат. Бізге Махамбеттің рухы, жыры, жүріп өткен жолы қымбат. Жастар Махамбеттің жырларын оқу арқылы қуат алады. Ал Махамбетті білмей, Жанқожа батырдың ерлік жолын танымағандықтан қоғамда құлағына сырға таққан еркектер көбейді. Махамбетті не үшін қозғап отырмын. Себебі бізге тек Абайды ғана білу аздық етеді.
– Сөз бастап отырған кемеңгердің қазақтың әрбір баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырғаны рас. Оған қоса оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Десек те бүгінгі жас шығармаларын оқуға, ақын өлеңін жаттауға бейжай қарайтын секілді. Осы тұрғыда сіздің пікіріңіз...
– Абайды оқу мектепте ғана парыз болып қалды. Ащы болса да бүгінгі көрініс осылай. Қазір арнаулы немесе жоғары оқу орнында басқа бір мамандықпен білім алған студентке Абайдың бір өлеңін айтып беріңізші десеңіз өңі қашып, «Мұның маған не керегі бар?» деген жауабын аласыз. Бала жастан Абай танымы, рухы қанға сіңбей, жүректе орнамаған соң 40-50 жасқа келгендер тосаңсып тұрады. Оның ұйқастары, тіркестері мен өлеңдерінің өміршеңдігі оның көрнісі Абай өмір сүрген қоғамдық формацияларды жақсы тану болса, екінші жағынан классикалық әдебиет, көркем туынды ретінде бүгінгі заманмен ұштасып жатады.
Біле білсеңіз, ХХ ғасырдың басында Алашорда оғландары шықты. Одан соң 20-30 жылдары мәдениет және өнер саласының майталмандары жарқырады. Бұлардың барлығы ақын сәулесін, нұрын сезінген адамдар. Бүкіл Алаш арыстарының барлығы дерлік Абайды ұстанды. Мағжан «хәкім» десе, Ахмет «қазақтың бас ақыны» деді. Әлихан 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде жариялаған Абайдың өлімі туралы жазбасында «Абайдың табиғат мезгілдеріне, көріністеріне арнаған төрт өлеңі кез келген еуропа ақындарымен қатар тұрады» деген болатын. Сондықтан Абай еккен дән, шашқан нұры ол қай кезде де жаңа толқынның өсіп жетілуіне әсер етеді. Кейде ойлана келе ақынның ұлағатын, даралығын, даналығы шынайы сезінетін кез туса қазіргі мәдениет, өнер, білім саласының жаңа тынысы ашылып, бүлк-бүлкілдеп тамыр соғатындай көрінеді.
– Ұлт мақтанышының айтылмай жүрген, біз білмейтін қырлары, тарихи кезеңдері туралы айтып өтсеңіз...
– Абайдың қоғамдық қызметі туралы көбіне айтпаймыз. Мысалы, ол шығармаларында ғана әділ, адал бол деп айтқандай көрінеді. Бірақ Ұлы ақын екі мәрте штаттан тыс би, төрт мәрте болыстық қызмет атқарған. Осы кезде адал билеуші, әділ би ретінде бәсі өсті. Абай жалпы ағартушылыққа, ақындыққа неге келді? Бұл жолға түсуіне екі фактор әсер етті. Біріншісі, көшпелі халықтың еркіндік шеңберінде қалып қоюы. Екіншісі патша үкіметінің отарлау жүйесі. Бұратана халық ретінде біз не заң білмеміз, не тіл білмейміз. Сондықтан айтылған екі фактор оның осы жолға түсуіне, халқына қорған болуға итермеледі. Одан соң Абай бұдан шығудың соқпағы білім мен ғылым екенін білді әрі сезді.
Ашылмаған қырлары десек, «Абайға өзінің орыс достары көп нәрсе берген» деп бөсіп жүр біреулер. Бірақ мен мұны қоштамаймын. Өйткені орыс достары Абайға емес, Абай оларға көп нәрсе берді. Неге десеңіз, қазақты танытуға кеңес құрып, оларға лекция есебінде әңгіме айтатын болған. 1885 жылы «Сендер қазақты таныңдар» деп ауылына қонақ болып келген патша үкіметінің солақай саясатының қуғынына ұшыраған Нифонт Иванович Долгополов арқылы 1885 жылы тарихи өлкетану музейіне қазақтың этнографиялық салт-дәстүрінен хабар беретін жәдігерлер көрмесін өткізеді. Біз осы жәдігерлердің тарихына үңілуді білмей жүрміз. Тек «Бұлар Абай тапсырған заттар ғой» деп қана қоя саламыз. Ақын ұсынған ерді өзі пайдаланды ма? Бұның жасалу үрдісі, тарихы қандай? Ақын тапсырған құрсауланған кесе, шыныаяққап дейміз бірақ оны кімдердің пайдаланғанына мән бермейміз. Абай жинаған дүниелердің сырына үңілуді бастасақ, сосын жоғарыда сөз еткендей қоғамдық қызметіне келгенде көбіне-көп орысқа тели беруді қою керек.
Өйткені Абайдың бастау, қайнар бұлағы қазақтың халық ауыз әдебиетінде жатыр. Жиырма жасқа келген Абай туралы Әуезов: «Ол қазақ ішіндегі дәулескер дауға түскен небір биліктегі кесіп айтқан ділмар шешендермен қатар түсетіндей сөзге шешен адам болған», – дейді. Демек Абайдың нәр алған бұлағы шығыстың шайырлары Орта Азияның әдебиет марқасқалары, ойшылдары. Міне, осы дүниелерді айту арқылы Абайды барша адамзаттың биігіне көтере аламыз. Ал орыстың таңына қарай икемдей берсек, Абай орыстың шапанынан шыққан болып шыға келеді. Сондықтан Абай жалпы түркі тілдес Орта Азия халықтарының мақтанышына айналуы үшін, біз осы жағына қарай ден қоюымыз керек.
– Уақытыңызды бөліп, еркін әңгіме өрбіткеніңізге рақмет!
Әңгімелескен Абзал ЖОЛТЕРЕК