Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сахнадан үлкен табалдырық жоқ

Сахнадан үлкен табалдырық жоқ

Айтыс өнері – ғасырлармен қанаттасып, дәуірлермен үндесіп, заманамен тілдесіп келе жатқан кемел дүние. Ауыз әдебиетінің жарқын мұрасы. Түркі жұртының, оның ішінде қазақ пен қырғыздың төл өнері болып табылатын сөз сайысының, әсіресе, ұлтымыздың біртұтастығы мен саяси өміріне де зор ықпал еткені анық.
Осы орайда Қызылорда қаласында ұйымдастырылған «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық айтыстың бас жүлде иегері, жас айтыскер Нұрзат Қарумен әңгімелескен едік.
– Нұрзат, жеңісіңіз құтты болсын! Қазалының Өркендеу ауылында туып өстіңіз. Ақындыққа, айтыскерлікке келуіңізге не түрткі болды?
– Үлкен рахмет! Бұл менің ғана емес, туған жердің ортақ жеңісі деп білемін. «Сыр елі жыр елі» деп бекер айтпаған ғой. Қасиет пен кие қонған мекенде дүниеге келіп, өнерді сезініп өстік. Оның үстіне өзімнің туған анам Ғалия Орынбасар ақын, нағашыларымның ішінде сазгерлер бар. Анамның ақындығы мен өскен ортам қалам ұстауыма әсер етті. Яғни, ақындық қаннан да, қасиетті топырақтан да дарыса керек. Бірақ мұны кәсіби түрде дамытпай жүріппін.
Ал айтыскер боп үлкен сахнаға шығуыма себепкер — қарашаңырақ ҚазҰУ-дағы ұстазым Күләш Ахметова. Университет қабырғасында жүргенде бір сабақтың кезінде ұстазыммен сөз қағыстырып, артынан :"сен ақынсың ғой, айтысқа да шамаң келеді",– деп сенім білдірді. Содан бастап айтысқа қатыса бастадым.
– Айтыс қалай ұйымдастырылады? Алдын ала жұптап,тақырыптар беріле ме?
– Мен қазір Алматы қаласындағы Алатау дәстүрлі өнер театрында ұйымдастыру (импровизация) бөлімінде жұмыс жасаймын. Яғни, айтыс, жыр-терме ұйымдастырамыз. Ал жалпы өзім қатысатын республикалық айтыстарда тақырып алдын ала беріледі. Сол тақырыпты жан-жақты ашу үшін ақындар ізденіп, оқиды. Ал сөз бәйгесіне қатысатындарды жұптау әр кезде әрқалай ұйымдастырылады. Бұрын көбіне айтысқа бір күн қалғанда қазылардың жеребесі арқылы жұпталса, соңғы кездері халықтың таңдауымен сахнада жұпталып жүр. Кеше ғана Оралда өткен "Асылтас" айтысында да, оның алдында өткен Қасқелеңдегі айтыста да ақындар халықтың жеребесі арқылы жұпталды.
– Үлкен сахнада ең алғаш кіммен айтыстыңыз?
– Өнер адамы үшін халықтың көңілі мен сахнадан үлкен табалдырық жоқ. Айтысты студент кезімнен бастағанымды айтып өттім. ҚазҰҚПУ-да Балғынбек Имашпен бәйгеге түстім. Ал үлкен сахнада ең алғаш Талғат Мықимен Семей қаласында айтыстым. Далада ашық алаңда он мыңдай халық көрермен болды. Әр айтыс өзінше ерекше әсер сыйлайды. Дегенмен, алғашқының орны бөлек. Қай салада болмасын өзін өзгемен емес, кешегі өзімен салыстыратын адам жеңіске жетеді.Сондықтан әр айтыс сайын өзімді салыстырып, дайындығымды көбейтуге тырысамын.
– Көтеріліп жатқан мәселелер көп. Бір айтыстың өзінде Қазақстанмен танысып шығуға болады. Айтыста айтқан бір ауыз сөзіңіз өзгеріске әкелген кезін айтып өтсеңіз...
– Қай кезде де ақындар халықтың сөзін сөйлеп, елдің жағдайын көтеріп жүр. Бекарыс Шойбеков ағамыз Елбасының алдына барып та қарапайым халықтың жағдайын сөз етті. Әр айтыстан кейін біраз өзгерістер де орын алады. Мысалы, ақындардың мәселені көтеруі арқасында басында баспанасы жоқ, жері жоқ адамдарға аз да болса жағдай жасалды, күнделікті халық қарайтын теледидардағы кәріс, үнді сериалдары тоқтатылып, орнына қазақша контент ұсыныла бастады. Одан да басқа біраз нәрсеге ақындар мұрындық болған.
Кеше соңғы айтыста Арал, Қазалы өңіріндегі қуаңшылық мәселесін Қызылорда облысы әкімдігіне жеткіздім. Қазақтың жаны малмен бірге ғой. Айтыс соңынан марапаттау кезінде әкім сол күні Арал жақтан келгенін, елдің жағдайы қиындап жатқанын, жағдайды оңалтудың жолдары қаралып жатқанын айтты. Яғни, облыс әкімінің бұл мәселеге бей-жай қарамай, өз көзімен көріп, дұрыс шешім қабылдайтынына сенімдімін.
– ИК, Ninety one сияқты топтарды тыңдайсыз ба?
– Ирина Кайратовна, Ninety one топтарын тыңдамаймын. Талғамына қарай әр адам түрлі музыканы тыңдайды ғой. Өзім дәстүрлі әндерді жақсы көремін. Қазақтың баласына дәстүрлі әнді насихаттап, тәрбиені бесіктен бастап беру керек деп ойлаймын. Бұл топтарды тыңдайтын жастар көп. Әрине, оларды тыңдамау керек демеймін. Өнерге еркіндік керек. Олар өз жанрымен Қазақстанды шетелге танытып, өз ойларын қоғамға тыңдатып жүр. Тыңдарманы бар жастарды қолдау керек.
– Айтыскердің сөзі билікке,қоғамға қаншалықты өтімді?
– Билікке де, қоғамға да айтыс өтімді. Себебі, жоғарыдағылар айтыста айтылған сөздерден кейін нәтиже шығаруға тырысып, әрекет жасайды. Түрлі жобалар да айтыста көтерілген мәселеден кейін талқыланып, жүзеге асып жүр.
Көбінесе нақты билікке айтылғандардың біраз сөзі эфирлерде қиылып берілуі немесе сол бөлігі шықпауы мүмкін. Сондықтан қазір ютуб желісіне салынып жүр. Әрі халық өзі қалаған уақытында, өзі қолдайтын ақындарының шығарылымын қарай алады. Әлеуметтік желілердің жаңалығы десек болатын шығар бұрынғыдай қиып тастау, шығармай қою деген нәрсе атымен жоқ.
– Қазақстандағы діни фанатизм, тұлғалардың культқа айналуына кім кінәлі?
– Діни фанатизм деген – үлкен мәселе. Фанатизм деген жанкештілік, сауатсыздық қой. Дін үшін өмірін қиып жатқандар қаншама. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында діни фанатизмді тоқтату керектігін атап өткен болатын. Енді ғана барымыз бен жоғымызды түгендеп жатқандықтан біздің елімізде діни ағымдардың насихатталу оқиғасы орын алып жүр. Мынау дұрыс, мынау бұрыс деп тағы айта алмаймыз. Соңғы онжылдықта үлкен мәселе болған ұлы жиһадты тоқтатуға биліктегілер барынша жұмыс істеп, ақпараттық тұрғыдан, әрекет тұрғысынан атсалысуда. Діни фанатизмге нақты біреуді немесе бір нәрсені кінәлі деу қате шығар. Себеп көп, шешім аз.
– Бізде ұлтжандылықтан гөрі ұлтшылдық басым сияқты. "Қазақтар өзінің кім екенін білсе, әлемді басқарады", "Шыңғысхан қазақ болған" деп кеудені соғу жалған мақтан емес пе?
– Біз өзіміз 19 миллион ғана халықпыз. Неліктен дінімізді, дәстүрімізді, тілімізді насихаттамасқа?! Оның үстіне көпұлтты мемлекет болғандықтан, қазақтың құндылығын неге дәріптемеске? «Тілі жоқ мемлекет мемлекет емес» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай жеке мемлекет, ұлт ретіндегі ерекшелігімізді, болмысымызды сақтап қалу үшін еңбек етуіміз керек. Ахмет, Міржақыптар халықты ұлтшылдыққа шақырған жоқ. Тек ұлтшылдық пен ұлтты шынайы сүйе білудің айырмасын сезіну керек шығар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Дина БӨКЕБАЙ
29 маусым 2021 ж. 806 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930