Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бас ұстаудың ұлағаты мол

Бас ұстаудың ұлағаты мол

Қазақ ырымшыл халық. Оның әрбірін ұрпақ тәрбиесімен сабақтастырып, кейінгі жас буынға дәріптеп отырған. Сонымен қатар әрқайсысына тереңірек үңілсеңіз астарында үлкен мән-мағына жатқанын аңғаруға болады. Негізінен қазақта ырым көп. Бүгін сол негізде бастың кімге берілетіні туралы сөз етеміз.
Қонағын Құдайындай сыйлайтын қазақ құрметті мейманына төрден орын беріп,сыйлы қонаққа өзі баптап баққан адал малын сойып, құрметтің белгісі ретінде бас тартқан. Оны ұсынудың да өз жолы, дәстүрі бар. Ал мұны білмеген сыйластыққа сызат түсіріп, құтты қонағының құтын қашырады.
Негізінен қонақты қадірлеп, оған бас тарту рәсімі ерте заманнан бар. Ол адамдардың бір-біріне деген сыйластығын білдіреді. Тамақтанудың тәлімдік астарын қарап, асты талғап жеуді таразылаған халық өзгеге өкпе-ренішін де осы арқылы жеткізіп отырған. Сондықтан бас тарту аса талғампаздықты қажет етеді.
Мал сойылғаннан оның басы бір бөлек алынып, тазаланып, қонаққа тартамын дегенше үй иесі сыналады. Басты тазартуға келгенде өте ұқыпты болу керек. Жылқының бас терісі сыпырылып алынады да, қалған сиыр, қой-ешкі секілді малдардың басы үйітіледі.
Бастың құйқасын күйдіріп алмай үйітіп, қылшығын қалдырмай жуып, жігін қуалай айырып, кеңсірігін сілкіп, көзінің шелін ағызып, тісін қағу – үлкен шеберлікті талап етеді. Тазартылған жылқы мен сиырдың басы көз қуысына таяу кеңсіріктен бір шабылып, маңдайынан қақ жарылып, үшке бөлінеді. Алайда жылқының тұмсық тұсы алынбайды. Өйткені жылқының екі шекесі, сиырдың үш шекесі бір бастың орнына жүреді. Түлік малының басын бөлек асып, татымды етіп пісірудің де өзіндік әдісі бар. Ең әуелі асыла бастағанда маңдайын айқастыра тіліп қояды. Оны жұртшылық бастың жолын ашу деп біледі. Ал сыйлы мейманға жылқының, сиырдың шекесі тартылмайды, ол тек үлкен аспен бірге жүреді.
Кәделі қонақ келгенде қойдың шүйдесі емес, тұмсығын алға қаратып әкеледі. Бұл «бір-бірімізбен қарым-қатынасымыз үзілмесін, басымыз тек жақсылықта қосылсын» деген ниетті білдіреді. Мұны берік ұстанатын ел, басты жасы үлкен ауылдың қариясына, сол ортаның сыйлы адамына, әулеттің үлкеніне немесе құдасына тартады. Осы ретте ескеретін жағдай, басты қанша жерден жолы үлкен болса да әкесі бар кісі, күйеуі тірі әйел ұстамайды. Неге десеңіз бұл ертеден бүгінге жеткен ата-бабадан қалған ырым.
Ара-тұра орта жастағы азаматтар немесе жастар жағы «осы басты үйітіп, тісін қағып, пісіріп әкелгенше ұстаймыз да, дайын болған соң «әкең тірі, ұстауға болмайды» дегені несі» деп сұрап жатады. Бұл дәстүрді дәріптеушілер сыйлы қонақ келгенде баласы басқа жармаспасын дегеннен шыққан дейді. Оның үстіне үлкенді сыйлау әдебін көрсетеді.Әкең тұрғанда әкеңнен үлкенсіп бас ұстау әдепсіздікті танытады. Әкесі отырған жерде ұлы бас ұстау – қазақ ұғымында ерсілеу қылық. Сол себепті көзі тірі кезінде әкенің алдындағы – әдептілік белгісі.
Ал күйеуі тірі әйел бас ұстаса, өз жолын өзі кескен болып саналады екен. Ел анасына басқа бата беру лайық болғанымен, бөліп отыру, оны үлестіру аса қолайлы емес. Әдетте жөн білетін әжелер бастың етінен жай ғана ауыз тиіп, үйлестіру міндетін басқа біреуге жүктейді. Өйткені бұның жүгін көтеру оңай шаруа емес.
Басты жөн-жоралғыға сай тартқаннан кейін үй иесі жауапкершіліктен құтылады. Осыдан соң алдына бас келген қонақтың сынға түсер сәті туады. Оның үстіне басты алған адам құрметке лайық болу қажет. Әуелі «Біссімілләсін» айтып, бастың шүйдесін өзіне, тұмсығын үй иесіне қаратып «енші» үлестіруге кіріседі.
Ең бірінші мейман бас шүйдесінің бауыздау шетінен немесе оң езуінен кесіп алып, өзі ауыз тиеді. Бұл «мен сендерге тілекшімін» дегенді білдіреді. Одан кейін оң құлақты кесіп, үйдің кішісіне береді. Мұндағысы «сақ құлақ, алғыр болсын» дегені. Бір бастың қос құлағы бір балаға берілмейді. Міндетті түрде екі балаға ұсынылуы тиіс. Ірі қара малдың құлағы тартылмайды. Ал бастың қос көзі бір адамға беріледі. Үрдіс бойынша көз қос қолмен ұсынылады. Бұдан әрі «палуан бол» деп шүйдеден, «беделді бол» деп маңдайдан, «езуіңнен күлкі кетпесін» деп құйқаның езуінен етекте отырған келіндерге, «пейіштің шөбін иіскеген жері» деп тұмсық тұсынан, «мәртебелі бол» деп төбесінен, «батыр бол» деп желкесінен жанында отырғандарға береді. «Шешен бол» деп таңдайды кішірек қыз балаға алақанына соғып ұстатады. Бастан тісі шықпаған балаға дейін сыбағасыз қалмайды. Сәбиге кеңсіріктің ішіндегі шеміршек беріліп, тісі қышыған кезде кеміріп, бір жырғап қалады. Жартылай еті ажыратылғаннан соң басты орта табақтың сыйлы қонағына ұстату әдебі бар. Бұл арада қонақ күтушілердің бірі бастың миын шығарып, «мипалау»даярлап, бас ұстаған кісіге береді. Одан дастарқан басындағы отырғандар жағалай ауыз тиеді.
Қазақ бас мүжілгеннен кейін оны итке тастамаған. Бұл жаман ырым. Оны не суға ағызып, болмаса өртеп жібереді.
Шындығында сыйлы қонақ деп бас тартқанда оны реттілігіне сай үйлестіре білу үлкен сын, ал үйлестіре алмағанның кісілігіне тағылар мін артады. Мұнда кәделі қонақ ең алдымен сыйластыққа мін түсірмеудің, үй иесінің қонақжайлығына ризашылық білдірудің қамын жасауы қажет. Бұл дәстүрді білмеген үлкендер кішілердің алдында ұятқа қалатынын да ескерген дұрыс.
Шыны керек бүгінде көп жиын, той, отырыстарда басты еншілеп жатқан жанның білместікке ұшырап, айналасындағы қариялардан сөз естіп жатқанын аңғаруға болады. Түптеп келгенде бастың кімге ұстауға болмайтынын, қалай еншіленетінін әрбір қазақ баласы білу тиіс. Себебі дәстүрді бала күнімізден қазына қарттарымыз құлағымызға құйып келді. Осыдан кейін оны білмеудің өзі ұят іс болары анық.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

25 тамыз 2020 ж. 1 362 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930