Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Табақ тарту – текті жоралғы

Табақ тарту – текті жоралғы

Өзінің озық дәстүрі – қонақ күту әдебіне  ерекше назар аударатын қазақ халқы толысқан тәжірибесі, бай тарихымен баба ғұрпын бүгінге жеткізіп отырған ұлттың санатында. Сондай халықтың төл дәстүрінің бірі – табақ тарту рәсімі.

Соңына “Дастарқаның кең болсын, пиғылың оған тең болсын” деген сөз қалдырған қазақ қуанышты, қайғылы басқосуларда жиылған жұртқа ұсынылатын сыйлы асы – ет үстінде табақтың орнымен тартылып, дұрыс жасалуын үй иесінің мейманына деген пейіліне балаған.

Тарихи деректер қазақ қоғамында табақ тартудың өзіндік айшықталған көрінісі орта ғасыр дәуірінде кең дамығандығынан сыр тарқатады. Табақ тартудың қазақ халқымен қатар басқа елдер арасында да бар екені зерттеуші Құрбанғали Халиди жазбаларында кездеседі. Ол кітабында: “Ас беру əр халықта бар: сарт ас берсе – палау, ноғай – түрлі тағам, қазақ ас берсе – ет пен қымыз береді” деп атап өтеді.

1803 жылы Сырым Датұлының асын бергенде 2500 қой, 200 жылқы сойылып, таратылған, 1000 саба қымыз пісіліп, 5000 шелек қымыз ішілген деген мәлімет бар.
Дәстүрлі табақ тарту салты өзіндік символикалық мән-мағынаға ие. Қазақ халқында дастарқан жайғанда әр адамның жасына, жынысына қарай өзiне лайық сыбағасы тартылған. Ал елге белгілі, ерекше қадір тұтатын адам алдына жеке, қасындағыларға 3-4 адамға бір табақтан деген есеп жасалған.

Малдың он екі жілігі жəне басқа мүшелері адамның қоғамдағы орны мен жолына лайықталып тартылмаса, төрелер, бектер мен билер дереу наразылығын білдіретін болған.
М.Әуезовтің “Абай жолы” романында: “Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер-тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты. Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғытып жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болды. Осы аса жауапты қызметті мінсіз атқару үшін табақ тартушы жігіттер алдын ала арнайы дайындықтан өтетін. Ол үшін табақ алып қашу немесе мүше алып қашу ойындары өткізілген. Шауып келе жатқан аттың үстінде қолына табақ толы ет көтеріп, оны төкпей-шашпай апаратын жеріне дұрыстап жеткізуді жетік меңгергендер ғана табақ тартуға таңдалып алынды», –  деген жолдар ас ұсынудың өз ерекшелігінен хабардар етеді.

Этнографиялық деректер бойынша, құда-құдағилар бір-біріне қарым-қатынасымыз үзіл­месін, басымыз тек жақсылыққа қосылсын деген ниетпен ұсынатын болған. Бас тарту дәстүрі кейбір деректерде Тәуке ханның тұсында пайда болған деседі.

Әдетте кәделі жіліктермен бірге сыйлы қонақтарға малдың басын, қой немесе ешкінің шекесін, қазы-қартаны, жал-жаяны табаққа бірге салып береді. Жылқының басын бөліп асады, ал сиырдың басын көз қуысына таяу кеңсіріктен бір шауып, маңдайынан қақ жарып, үшке бөліп асады. Сондықтан әр шекесі бір бастың орнына жүреді.
Табақтың үстіне басты қойған кезде маңдайын қасқалап тіліп қояды. Ол кейбіреулер шатыстырып жүргендей «крест» белгісі емес. Ұлтымызда басты үй адамдары жеке жемеген. Олай етсек, жеке қаламыз деген ұғым болған. Соғымды өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты, ел-жұртын шақыртып, ақ батамен сойған. Әлгі «қосу» белгісін қою себебі осыдан шыққан, басымыз қосылып жүрсін дегенді білдіреді. Мал маңдайындағы бұл таңба шаңырақтағы күлдіреуіштің бейнесі.

Сыйлы қонаққа жылқының шекесін тартпайды, ол тек етпен бірге беріледі. Әдетте бізде басты тартар алдында маңдайын айқастыра тіліп қояды. Оны бастың жолын ашу деп біледі.

Әкесі бар адамдар басты мүжімейді деген ырым бар. Ол қонақ келгенде сыйлы кәдеге баласы жармаспасын дегеннен шыққан дейді салт-дәстүрді дәріптеушілер.
Этнограф Болат Бопай “Қазақ кәдесі” еңбегінде табақ түрлерін атап өтеді.

Бас табақ – қазақтың қонақ күту, сыбаға сыйлау дәстүрінде, ата салтында үйге сыйлы адам, ауыл ақсақалы не алыстан өте құрметті, қадірлі кісі келгенде, болмаса оларды арнайы қонаққа шақырғанда ұсынылатын табақ түрі. Қойдың басын, жамбасын, ортан жілігін, арқасын, сүбе қабырғасын, жауырынын, белдемесін, кәрі жілігін, ішек-қарнын, тоқ ішегін, жүрегін, бүйрегін, екі сирағын түгел табаққа салып, қонаққа тартады.

Орта табақ – бас табақтан қалған еттердің кәделі жіліктерінен жамбас, ортан жілік, жа­уырын, қабырға, арқа, белдеме, кәрі жілік сынды сүбелісін төрдегілерден кейін отырған жасы кішілеу қонақтарға ұсынылады.

Аяқтабақ – үлкендерге, бас табақ одан соңғыларға, орта табақ аяқ жағында отырғандарға аяқ табақ тартады. Оған асық жілік, төс, құйымшақ, қабырға, арқа, белдеме сынды кәделі жіліктерді береді.

Сыйтабақ – сыйлы қонаққа, жасы үлкен қарияларға, құда-құдағиларға арнап дайындалады. Малдың басы, жамбасы, жылқы еті асылса, жал-жаясын, қазы-қартасын ортан жілік пен белдеме, омыртқа, қара қабырға сынды кәделі бөліктері салынады. Сиыр-түйе сынды ірі қара болғанда, белдеме, жая, өркеш, омыртқа, қарын-сұрын, қимай, ұсақ мал сойылса бас, жамбас, белдеме, арқа, жауырын, ортанжілік, қабырға және сүбе қабырға, кәріжілік, ішек-қарын, тоқішек, жүрек асылады.

Құда табақ – қойды арнап сойған болса, табаққа басын, жамбасын, кәрі жілігін, ортан жілігін, жауырынын, сүбе қабырғасын, арқасын, белдемесін, қарнын, тоқ ішегін, құйрық-бауырын салады. Жылқы болса, шекесін, жал-жаясын, қазы-қартасын, омыртқасын, ортан жілігін, арқа, қабырғаларын қайнатады. Сиыр болса, жая, омыртқа, арқа, ортанжілік, қарын, қимай, белдемесін дайындайды.

Құдағи табаққа ері қайтыс болған, құда жоқ, құдағи ғана келгенде, “құданың жолы” деп бас, жамбас, омыртқа, арқа, белдеме, қазы-қарта, жал-жая, қарын, қимай, ортанжілік, жауырын, құйрық-бауыр салынған үлкен сый табақ тартады. Ал ері тірі әйелдерге әдетте бас тартпайды.

Күйеу табақ – асық жілік, төс, ортан жілік, сүбе қабырға, арқа, белдеме, қарын мен тоқішек арқылы жасалады.

Қыз табақ – бұл төркіндеп келген қызына көрсетілетін құрмет. Сондықтан онда жамбас, асық жілік, жауырын, белдеме, тіл-жақ, қарын-сүрін, сүбеқабырға, жүрек-бауыр, бүйрек ұсынылады.

Келін табақ – ата-енесі келінге асық жілік, тіл-жақ, белдеме, арқа, жауырын, ортан жілік, жүрек-бауыр салынған табақ тартады.

Жеңге табақ – халық арасында аз кездессе де, мұндай табақ түрі де бар екен. Оған қойдың жамбасын, жауырынын, арқа белдемесін, сүбе қабырғасын, жүрек-бауырын, тоқ ішегін, қарын-бүйректерін салады.

Жезде табақ – бұл табақты балдыз қыздар дайындайды. Ортан жілік, жауырынын, арқа, белдеме, қарын, тоқ ішек, бауыр, жүрек, бүйрек, құйымшақтан құралған бұл сый-сыбаға негізінен жеңге табақтағымен бірдей болады. Ал ұқсамайтын жері құйымшақ қосылады. Онысы – балдыз қыздардың жездесіне көрсеткен әзілі, қалжыңы деп түсінген жөн.

Беташар табақ – қазақтың келін түсіру салтында, “беташар” рәсімін жасаған адамға арнап ұсынылады. Табаққа тіл-жақ, жүрек-бауыр, ортанжілік, жауырын, белдеме, арқа, қабырғалар салып, үстіне таңдай қосады. Оның үстіне әдемі кестелі қолжаулық жабады, болса күміс жүзік, теңге қояды.

Бала табақ арқылы үйге келген балалар асық жілік, жауырын, ортан жілік, арқа, белдеме, тіл-жақ, қабырғадан дәм татқан. Құрдас табақпен жолдас адамға жамбас, ортан жілік, жауырын, қабырға, арқа, белдеме сияқты сыбағалы жілік сыйлайды.

Қос табақ жасы үлкен қарияларға, ерекше сыйлы қонаққа тартылады. Бұл – құрмет-сыйдың ең үлкені саналады, жоғары бағаланады. Қос табаққа да жамбас, ортан жілік, арқа, белдеме, жауырын, қабырға салады, біреуіне бас қосады.

Тілашар табақ – баланың ең алғаш былдырлап тілі шыға бастағанда, әке-шешесі қойын со­йып, мол дастарқан жаяды. Ауылдың үлкендерін шақырады. Арнайы сойылған қойдың жамбас, кәрі жілік, жауырын, белдеме, арқа, сүбе қабырға, қара қабырға, тоқішек, қарын-сұрындары салынған табақтың үстіне қойдың басы мен тіл-жағын қойып тартады.

Төре табақ – табақ тартудың бір түрі. Ел арасында кейде “төбе табақ” деп те атайды. Төре табаққа бір қойдың етін, кәделі жілігін түгел салады да, балуан, батыр азаматтардың алдына қояды.

«Төрткүл табақ» атты ұмытылған табақ түрі бар. Төрт түлік әр малдың етінен (қой, ешкіден, сиыр, ешкі және жылқыдан) жілік қойып тартады.

«Сыралқы табақ» деген де керемет сырласу үшін тартылатын табақтың түрі. Қонақтың алдына таңдай қойып қояды, қонақ болса бірден “е-е-е, мынау сыралқы табақ екен ғой” деп түсінеді. Құда түсу кезінде болсын, басқа да жағдайларда болсын тартылатын табақтың түрі.

Табысу табақ — көп жыл бойы көріспей қалған, болмаса өкпе-реніш болған кезде табысу табағы беріледі. “Айырылысу табақ” деген — алысқа кетіп бара жатқанда айырылысып қазан асатын табақ.”Таңсық табақ” деген бар ерлер не әйелдердің аңсап, көксеп жегісі келгенде сол асты асып, тартылған табақты айтады. “Жерік табақ” деген босанатын әйелге тартылатын табақтың түрі.

Кежім табақ – қазақ тарихында өте сирек тартылған. Оны өте сыйлы, мәртебелі қонақтарға ғана тартады. Бұл табаққа үлкен қойдың еті, бас-сирағымен қосып бір-ақ салынады. Бөліп-жарып жатпайды. Кезінде Абайдың әкесі Құнанбай Қытай жеріндегі қазақ еліне барғанда Шәку деген бай қажыны қонақ қылғанда осы кежім табақты тартқан екен. Міне бұл екі ғасырға жуық уақыт өтсе де тартылмай келе жатқан табақтың бірі екен.

Бірде Зейнеп Ахметова тісі қағылмаған мал басын қонағына ұсынамын деп, атасы Бауыржан Момышұлынан сөз естігенін айтқаны бар еді. Әдетте тісін қақпай бас тарту өкпе-наласы бар адамдар арасында ғана болатын көрінеді.

Қазірде, жасыратыны жоқ, табақ тартудың жөнін көбіміз біле бермейміз. Мейрамхана, тойханаларда туралып ұсынылатын етті дәстүрлі ұғымдағы табақпен салыстыруға мүлде келмейді. Жақында ауылдық жерде тұратын, жасы жетпістен асқан кейуана, ұстаздықтан зейнеткерлікке шыққан апамыз жілік танымайтынын айтып, бізді таң қалдырғаны бар. Бүгінгі күнде өз келіні, немере келіні сынды қос буынды ұлттық ұлағатқа ұмтылдыратын апамыздың ісінен кейін замандастарымызға сын тағудың жөні жоқтай көрінді.

Әйтеке би кентінің тұрғыны Асылбек Боранбаев былай дейді:

–  Малдың жілігін танитын адам ғана табақ жасаудың жөн-жосығын біледі.
Біраз жыл болды, ағайын-туыстың көбі той-томалақтарына табақ жасауды көрсетуге жиі шақырып, табаққа етті мүшелеп салу кәдесін жасауды сеніп тапсырады. Айтуынша, малдың жілігін орнымен тартпаса, қонағына деген сый-құрметті дұрыс көрсетпегенмен тең. Қазір көбіне інілеріме салғызып жүрмін. Ондағы мақсат ата-баба дәстүрін олардың да үйренуі.

Ал Арал ауданында тұратын Күлпаршын Бекниязқызы екінің бірі жасай білмейтін бұл рәсімді бала күнінде анасынан үйренгенін айтады. Ол кісі көпшілік орындарда табақтың дұрыс тартылмай жүргеніне қынжылысын білдірді.

Қазақтың ең берік ұстанған тәртіп-тәрбиесінде лайықты орын алатын қонақ күтудегі басты байлық – табақ тартудың ел арасында 50-ден астам түрі болғаны соңғы кезде жиі айтылып жүр. Оларды зерттеп-зерделеу – үлкен ғылымның бағытына бастайды. Осындай ұлық дәстүрімізді дәріптеп, жастарға насихаттау –  рухани құндылықты арттыра берер еді.

Дайындаған
Айару ЕРКІН
06 шілде 2019 ж. 4 183 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930