Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жау ұшағын жарған жауынгер

Жау ұшағын жарған жауынгер

«Неменеге жетістің бала батыр? Қариялар азайып бара жатыр» деген өлең тіркесін Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне де қаратып айтсақ жарасады. Өйткені бүгінде Қазалы ауданында зұлмат соғыста ерлік көрсетіп, қан майданда от кешкен үш куәгер ғана қалды. Басқалары Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, келместің кемесіне мініп кете барды. Олардың арасында соғыстан кейінгі бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, ұлт болашағына арнаған майлыбастық Ерғали қария да бар.
Ерғали Қожаназаров 1915 жылы қазіргі Майлыбас ауылдық кеңесінде, шаруа отбасында дүниеге келген. Тағдыр тауқыметін ерте жастан тартқан ол 5 жасында жетім қалып, ағасы Нұрғалидің тәрбиесін көріп өсті. Бірақ қылышынан қан тамған Кеңес үкіметі астарлы саясатын қазақ жеріне сұға бастаған тұстағы бір қақтығыста ағасы мертігеді. Бұдан кейін жеңгесі Ерғалиды балалар үйіне өткізеді.
Басынан кешкен жайттар әсер етті ме, әлде ұрпақ тәрбиелеуді өзіне мақсат еткен болар, Ерғали еңбек жолын тәрбиешісі болудан бастайды. 1934 жылы Қазалы аудандық балалар үйіне жұмысқа қабылданып, сол жылдың желтоқсан айында жеті жылдық мектебінің оқу меңгерушісі атанды. Көп ұзамай Ғ. Мұратбаев атындағы колхоздың Калинин атындағы бастауыш мектебінің меңгерушісі болып, ұстаздық кәсібін жалғастырады. 1940 жылдың ақпан айында Қызыл әскер қатарына шақырылып, Белоруссиядағы 298-ші арнайы Зенит артдивизионына әскери борышын өтеуге аттанады. Бір жылдан кейін 22 маусымда Брест қаласындағы әскери қызмет барысында майдан даласына жіберіледі.
Гвардия ефрейторы Е.Қожаназаров фашистерге қарсы соғыста Батыс Брянск, Орталық және бірінші Белорусь майдандары құрамында Орел, Сталинград, Курск, Брянск, Сумск, Речица, Брест, Познань, Варшава, Берлин сияқты ондаған қаланы азат ету үшін болған ұрыстарға қатысқан. Зенитті-артиллериялы гвардия полкында батарея командирінің орынбасары-нысанашы болған Ерекең жаудың 13 ұшағын, 5 жауынгері мен офицерлерінің көзін жойған. Ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», ІІІ дәрежелі “Даңқ”, “Ұлы Отан соғысы” ордендері мен «Сталинград қаласын азат еткені үшін» «Варшава қаласын азат еткені үшін», «Берлин қаласын алғаны үшін» медальдарымен марапатталған. Бұдан бөлек Бас қолбасшыдан 8 мәрте Алғыс хат иеленген. Майдан шебінде көрсеткен жігерлілігі және өзінің өтініші негізінде 1943 жылдың сәуірінде Коммунистік партия қатарына қабылданды. Осылайша соғыс алаңында батылдығымен танылған ержүрек жауынгер 1945 жылдың қараша айында туған жерге оралды.
Соғыстан кейін Ерекең Қазалы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметін атқарды. 1948-1956 жылдар аралығында аудандық атқару комитетінде жоспарлау бөлімі бастығының орынбасары атанды. Бұдан кейін КОКП ОК мен Министрлер Кеңесінің қаулысына сәйкес Энгельс атындағы колхозға 30 мыңдықтар құрамында төрағалық етті. 1960 жылдан бастап зейнет демалысына шыққанша Қазалы автобазасында мамандар жөніндегі аға ­инспектор болды.
Соғыс сарбазы білім ошақтары мен комсомол ұйымындағы кештерде шайқас даласында көрген қиындықтарын, жолдастарының ерлігін, бейбіт өмірдің бағасы жайлы естеліктер айтып, салиқалы ұрпақ өсіріп шығаруға көп еңбек сіңірді. Тік мінезді жауынгер неміс басқыншыларының озбырлығы жайлы ауыз ашпаса да, бейбіт өмірдің қадірі, бірліктің берекеге бастайтынын жиі ескертетін.
– Белоруссия жері қара топырақты болып келеді. Сәл жаңбыр жауса жер лайсаң, батпаққа айналады. Ауыр техника түгілі адамдардың жүріп-тұруы, қозғалуы өте қиынға соғатын. Сарбаздардың шинелін су басып, қажыр-қайраты азайғанда тамақ ішіп, әл жинамаса жүріс қиындайды. Біз де батпақ кешіп жүріп, жат жерде бір үзім нан таба алмай, қиналған күндерді бастан өткіздік.
Жергілікті тұрғындар нан орнына картоп жеп дағдыланған. Өйткені Жер-Ана көкөністің бұл түрін мол беретін. Алайда оны қанша тойып жесең де құнары аз. Осылай “не істейміздің?” кейпіне түскен әскерилер кенет бір үйдің ұрасынан бума бидай тауып, арқа-жарқа болдық. Оны диірменге тартып, ұнын илеп, пісіріп отыратын уақыт жоқ еді. Бидайды өңдемей, тағам етіп көрмегендердің арасынан алға шығып, бір амалын табатынымды айттым. Қара қазанға бидайды салып, тұз сеуіп, қуырып бердім. Астың құнарлысын аңсаған бір топ жігіт әлденіп, арқаны кеңге жайып, жерге жамбастай кеткені есімде. Командирім алғыс айтып, мұны қайдан білетінімді сұрады. Қуырылған бидай қазақ халқының ертеден келе жатқан асы екенін айттым. Олар таң тамаша қалды, – дейтін майдангер.
Ерғали ақсақал фәнимен қош айтысқанша соғыстағы достарымен үнемі аралас-құраластығын үзбеген. Ұрпақтары бауырдай сыйласқан Төлепбай Меңеев, Ахмет Әуесбаев, Раманқұл Қабақбаевтардың есімін атады. Соғыс алдында біртуғандай араласқан Ахмет есімді досымен қайта қауышуы тіптен қызық. 1943 жылы Ерекең Раманқұл екеуі полк құрамында алдыңғы шепте сап түзеп келе жатса, қарсы беттен шайқастан әлсіреп, тынығуға бара жатқан басқа полк жауынгерлерін көреді.
Сәлден соң Ерғалидің көзі саптың ортаңғы тұсында келе жатқан жүзі таныс сарбазға түседі. Ақсақалдың балаларына айтқан: “Сенер-сенбесімді білмедім. “Ахмет” деп айқайладым да, бір-бірімізге қарай жүгіріп, құшақтаса кеттік. Бала кездегі досты майдан шебінде жолықтыру – бір әке, бір анадан туған бауырды кездестіргендей әсер бергені рас. Бірақ жағдай сұрасатын уақыт болмады. Біз қақтығысқа, олар тылға кетіп бара жатқан-ды. Қимастық сезімі тұла бойды өртеп барады. Ақыры полк командиріне жағдайды айтып, көмек сұрауға бекіндім. Ол да түсінігі мол, жігіт еді: “Досыңа бір амалын тауып, сытылып, осында қашып келсін деп айт”, – деді. Төбем көкке жеткендей болды. Айтқанын істедік. Кейіннен НКВД қызметкерлері Ахметке іздеу салды. Командирімнің арқасында Ахметті жұрт көзінен тасада ұстап, кейіннен құжаттарын ретке келтіріп, жауынгерлер қатарына қостық. Мүмкін бұл Құдайдың бұйрығы болған шығар, Ахмет Әуесбаев досым да майдан даласынан аман-есен елге оралды, – деген естелігінен оның жолдастыққа беріктігін айқын сезінгендей болдық.
Ерекеңнің өмірлік зайыбы Мұңсыз Ідірісова екеуі Нұрлан мен Светлана есімді балаларын тәрбиелеп өсірді. Мұңсыз апа өмір бойы мемлекеттік банкте аға кассир болып жұмыс істеді. Қызметіне адалдығы және соғыс кезіндегі жанқиярлық еңбегі үшін «Ұлы Отан соғысы кезіндегі адал еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Тағдыр теперішінде тауқыметіне, қилы қиындықтарға төтеп берген соғыс ардагері 1990 жылдың тамыз айында, зайыбы Мұңсыз 1993-тің маусымында дүниеден өтті. Қазалы топырағына кіндік қаны тамған қазақ қаһарманының өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Ерекеңмен тізе қоса соғысқан батырлар мен жаумен айқаста жерге рухқа толы жауырыны тимеген барша майдан майталмандарының өшпес ерлігі ел есінде мәңгі сақталатыны анық.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
16 мамыр 2020 ж. 806 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 48

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930