Желбіре, Жеңіс жалауы
Биыл Ұлы Отан соғысындағы от-жалынның өшіп, Жеңіс туының желбірегеніне74 жыл. Қазалылықтар сұрапыл кезеңге кең байтақ Отанды қасық қаны қалғанша қорғаған майдангерлерге құрмет көрсету үшін аудан орталығындағы “Жеңіс” саябағына жиналды. Көпшілік өткен күннің куәгері атанған соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіп, қан майданда қаза тапқан жерлестердің есімі жазылған “Ер есімі – ел есінде” атты тағзым алаңына гүл шоқтарын қойды.
Зұлматты жылдары Отан қорғау үшін Қазалы ауданынан 10770 азамат алапат соғысқа аттанса, 6229 жауынгер ғана аман-есен елге оралған. Жыл өткен сайын олардың қатары азайып келеді. Бүгінде Пірназар Мырзатаев, Тілеуберген Тобабергенов, Қалеп Бектұрғанов, Лепес Әуесбаев, Қабақ Смағұл сынды аталарымыз ғана арамызда.
Майдан даласында алдыңғы сапта тұрып кеуделерін оққа тосқан қазалылық жауынгерлер Кеңес Одағы батырларының, «Отан соғысы» және «Қызыл жұлдыз» орден-медаль иегерлерінің арасында өз орындарын айқындады. Неміс басқыншыларына қарсы күресте ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Үрмәш Түктібаев, Мақаш Балмағамбетов, Яков Михайлюк, Геннадий Шляпин және Владимир Счастнов Кеңес Одағының батыры атанды. Сондай-ақ, кейінгі жылдары Кеңес Одағының батыры Біліс Нұрпейісов біздің жерлесіміз екені анықталып отыр. Бұл туралы мезгілінде Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Шамша Айтуғанов зерттеп-зерделеп жазды. «Бәрі де Жеңіс үшін!» ұранымен екі мыңнан астам тыл ардагерлері де еңбек майданында күндіз-түні тынбай, жанқиярлықпен еңбек етті. Батыр бабалар рухына тағзым етуге арналған шара аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың құттықтау сөзімен ашылды.
– Жеңімпаз жауынгерлердің бүгінгі ұрпағы біздер үшін – Жеңіс күні айрықша мақтаныш ететін, ешқашан естен шығармайтын қасиетті мереке. Бұл күнді – қан майданның алғы шебінде шайқасқан ардагерлер, жанкешті еңбегімен жеңісті жақындатқан барша тыл еңбеккерлері, бейбіт өмірде дүниеге келген бүгінгі ұрпақ ерекше қастерлейді. Сондықтан, біз бұл күні елі мен жері үшін жанын құрбан етіп, ұрыс даласынан оралмаған ерлердің рухына тағзым етеміз.
Бүгінгі таңда ауданда ардагерлердің тұрғын үйлеріне ағымдағы жөндеу жүргізу, демалыс үйлері мен шипажайларға жолдама беру, республикалық, облыстық және жергілікті басылымдарға демеушілікпен жаздыру, аудан аумағындағы қоғамдық көліктерде тегін жүру сияқты жеңілдіктер қарастырылған. Ардагерлердің денсаулығын түзеу, оларға жағдай жасау мақсатында аудандық аурухана мен теміржол ауруханасында арнайы ардагерлер бөлмесі ашылған. Бұдан бөлек, Жеңістің 74 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің әрбіріне 202 мың теңгеден, соғыс жылдарындағы мінсіз қызметі үшін КСРО-ның орден, медалдарымен марапатталған азаматтардың әрқайсысына 126 мың теңгеден, тылда кемінде алты ай жұмыс істеген ардагерлердің әрбіріне 75 мың теңгеден біржолғы материалдық көмек төленді.
Сонымен қатар, Ауған соғысының ардагерлеріне 176 мың теңгеден, Чернобыль апатын жоюға қатысушылардың әрбіріне 75 мың теңгеден және ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқан адамдарға 75 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек беріліп отыр, – деген аудан басшысы Отан үшін от кешкен жандарға басқа да қажетті көмек көрсету алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Тағзым алаңының басында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов мерекеге жиналған көпшілікке бүгінде көркіне көз тоятын саябақтың құрылысы қалай басталғаны, оған кімдер қомақты үлес қосқаны туралы айтып берді. Көлемі 20 гектарға жуық жерді алып жатқан саялы мекен Жеңістің 45 жылдығына орай ашылғанын тілге тиек етіп, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.
Жеңіс күніне арналған шара мұнан кейін “Ерлік ешқашанда ұмытылмайды” атты театрландырылған мерекелік бағдарламаға ұласты. Саябақ ішіндегі сахна төрінде құрамында ҚР Мәдениет саласының үздігі Ғалия Оспан, Бүкілодақтық әншілер фестивалінің лауреаты Кенже-Әлі Асқар бар аудан өнерпаздары соғыс жылдарындағы танымал әндер мен жергілікті ақын-сазгерлердің туындыларын орындады.
Сондай-ақ бұл күні Ауған соғысында қаза болған жауынгерлер мен ішкі істер бөлімі қызметкерлеріне арналған белгілерге гүл қойылып, ерлікке тағзым жасалды.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ