Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ел есіндегі Егізбай болыс

Ел есіндегі Егізбай болыс

Бізге жеткен деректер бойынша Егізбай болыс Арықбалық ауылында туып-өсіп, өмір сүрген. Қатардағы шаруаның отбасында дүниеге келген ол жастайынан еңбекке араласып, ағайынның малын бағып, отынын тасып, жетімдіктің де зарын тартты. Қандай жұмыс атқарса да тындырымды, елгезек жас есейе келе жұмыс іздеп Қазалы қаласына келеді.
Бұл Сыр бойындағы тарихи кезең болатын. Кіші жүз ханы Әбілхайыр жан-жақтан анталаған жаудан халқын қорғаудың бір жолы деп, амалсыздан 1731 жылы Ресей бодандығына бас игендіктен, орыс патшасы қазақ жеріне түрлі сылтаулармен аяқ басты. Билігін бірте-бірте нығайта түсу үшін 1867-1869 жылдары Ресей патшасы Александр 2 отаршылдық-әміршілдік реформалар жүргізді. Соның нәтижесінде Қазақстан жері Түркістан, Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторына бөлінді. «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару жөнінде уақытша Ереже» жарияланып, бұл аймақ жаңадан құрылған Түркістан генерал-губернаторының құрамына кірді. Сырдария облысының орталығы – Ташкент қаласы, Қазалы уезінің орталығы – Қазалы қаласы болып өзгертілген еді.
Осы кезден бастап Қазалы қаласына өзге ұлт өкілдеріне қоныс аудару, сауда жасауға тыйым салынбағандықтан орыс саудагерлері, татарлар, Бұхар еврейлері, Хиуа өзбектері, сарт, тәжік, тағы басқалары келіп, бірте-бірте көбейе түсті. Орынбор базарларынан қажетті түрлі тұрмыстық заттарды әкеліп, арзан бағамен мал, тері, жүнге айырбастап, алған дүниелерін шетелге дейін апарып, қымбатына сатты. Ал Әмудария аймағынан келген қарақалпақтар мен парсылар егін, мал шаруашылығымен айналысса, 1870 жылы әскери қызметтен бас тартуына орай жер аударылып келген Оралдық орыстар балық аулауды кәсіпке айналдырды.
Осындай кезеңде базарда сауда орындарын ашып, Керуен сарайын, мешіт салдырып, Қазалының атын әлемге танытқан Қазан қаласынан қоныс аударған ағайынды Хұсайыновтардың атағы шығып тұрған-ды. Жұмыс іздеп жүрген Егізбай осы Ғанибай Хұсайыновтың қарамағына барып, тері илеу, жүк тиеу, түсіруші болып орналасады. Қиындыққа мойымай, тапсырылған жұмысты бар ынтасымен тындырымды атқарып жүрген Егізбай Ғанибайдың көзіне түседі. Сеніміне енгеннен кейін оны бұрынғысынан да жауапты шаруаларға жұмсап, бірте-бірте сауатын ашуға көмектеседі.
Талабы жүріп тұрған Ғанибайдың төңірегіне қоныс аударып келген татарлар топтасады. Осыған сәйкес келім-кетім көбейіп, сауданың ауқымы кеңейіп, кәсіптің де саласы өрістей түседі. Егізбай ең сенімді адамдарының бірі болғандықтан Керуен сарайына сырттан келетін, іштен шығатын заттардың есебін алушы міндеті тапсырылады, тәрбиелейді.
Егізбай өзінің кішіпейілділігі, адалдағымен келіп-кетушілердің де көңілінен шығып, тіл табысады. Жергілікті халық базарға мал әкеліп қажетті қант, шай, өрік, мейіз, тағы басқа азық-түлік, тұрмыстық заттар алады. Кейбірі базарда мал көбейіп, саудасы жүрмесе қарызға керек-жарағын сұрайды. Оларға жанашырлық көрсетіп, қайырымдылық жасайды. Ол халықпен араласып, көзі ашылып, жақсы мен жаманды көреді, есейе түседі. Зерделілігімен хат танып, орыс, татар, өзбек тілін үйренеді. Адамгершілігімен ел ауызына ілінген Егізбайды ағайындары да іш тартып, арасында жиын-тойларына шақырып, араласа бастайды.
Бірде болыс бастап, билер, ел ақсақалдары қатысқан жиынға Егізбай да шақырылады. Дастарқан басында отырғандар өткен-кеткенді айтып, сыр шертісіп, түрлі әңгімені қоздырады. Қазақтың салтындағы жер дауы, жесір, барымта, мал ұрлығы да сөз болады. Ғанибай татардың арқасында ел аузында жүрген Егізбайға да сауда жайлы сұрақтар қойылады. Манадан елеңдеп, айтылғандарды тыңдап, зердесіне түйіп отырған ол білгенінше жауап беріп, арасында би-болыстардың халыққа жасаған зорлық-зомбылықтарын, әділетсіздікті де тілге тиек етеді. Бұған шамданғандар Егізбайдың сөзін жақтырмайды, болыс бас көтеріп, «Сен кімсің, күніңді көре алмай әркімнің есігінде жалданып жүрген кешегі малай емессің бе? Сені мұндай жерге шақырып жүрген кім?» деп сөгеді.
Бұл Егізбайдың жүрегіне тікендей қадалып, үйіне барған соң түнімен ұйықтай алмайды. Ғанибайға барып, болған жағдайды айтып, шағынады. «Оған бола қамығып, еңсеңді түсірме, жүре бер, – дейді әкесіндей болған Ғанибай аяушылық білдіріп. – Балам, қолдан келгенше көмектесемін. Жақында болыс сайлауы болады. Соған түсіремін. Менің де жақтас адамдарым бар. Бірақ бұл жөнінде ешкімге айтушы болма, тек екеуміз ғана білейік».
Осы кезде Ресей империясы жергілікті ақсүйектерді биліктен тайдыру, қазақ даласын өздеріне қарату үшін рулық негіздерді әлсірету мақсатында болыстық сайлауда хат танып, жазудан хабары бар, тіл білетін адамдарды ұсынуға жарлық шығарған еді. «Ел құлағы елу» деген емес пе? Осыны естіген ағайындар Егізбайды сайлауға түсіруге талап қыла бастайды.
Бірақ Егізбайда оған ұмтылар дәрмен жоқ, үй-күйі нашар, жұмсар қаражаты мен малы жоқ. Сондықтан Қаракесек руының бас көтерер ақсақалдары кеңесіп, ауызбіршілік жасап, көмектесуді ұйғарады. Ағайындарды аралап, ақылдасады. Қожаназар ишан, Сары Нысан ишан, Қара Нысан, Төлебай билер, Кенжебай, Сәдуақас, Жәли, тағы басқа байлар қолдап, қоштайды. Тіпті кезінде кедейліктің зарын тартқан, келе-келе құдай қолдап, аян беріп, Қыдыр көріп, бақ қонған атақты Кенжебай бай «Менде дүние-мал бар, қаражат жетеді, Егізбайдың жолынан ештеңе аямаймын. Дұшпанға таба, досқа күлкі болмайық», – деп белсенділік танытады.
Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, болыс сайлауы Сырдария жағасындағы «Қожаназар ишан» мешіті маңында, енді бірі Қазалы ауданы орталығының Ақбай елді мекені жағында өтті дейді. Қайда болса да ағайындардың ауызбірлігі арқасында Егізбай көп дауыс алады. Сөйтіп Қаракөл болыстығына сайланады.
Егізбай болыс қуанышына ортақтасқандардың қатары сейілісімен, көп ұзамай қасына үш-төрт адамды ертіп, Кенжебай бай ағасына сәлем беруге барады. Ағасы мен жеңгесі оларды құрметтеп, қарсы алып, күтеді. Қайтуға ыңғайланғанда қазақтың қонақтан бұйымын сұрайтын дәстүрі бар емес пе?
– Аға, еңбегіңіз Алладан қайтсын, сәлем беруден басқа еш бұйымым жоқ, тек татар саудегері Ғанибайдың маған жасаған жақсылығы, еткен еңбегі көп. Соның есесін қалай қайтарамын деген ой басымнан кетпей жүр, - дейді Егізбай.
– Айналайын жақсы, екі-үш күнде ұзамай хабарласармыз. Сонда бірге барамыз,- деп шығарып салады.
Кенжебай әйелімен уағдаласқан уақытта қоржынның екі басын алтын ақша, шай, шекер, киім-кешек, басқа да асыл тауарларға толтыра теңдеп, Егізбаймен бірге Ғанибайдың үйіне барады. Ғанибай бұларды жақсы қарсы алып, жайлайды. Әкелген қоржын толы сый-сияпаттарын көріп: – Мен де дүние жетеді ғой, осыдан алмасам өкпелейсіңдер-ау. Баламдай болған Егізбайға берген көмегімді қарыз демеймін, менің берген байғазым емес пе? – деп азар да безер болған ол қонақтарын бағалы заттармен қайтарады. Кенжебай ақшаның молдау бөлігін «сен болыс болдың, келетін қонақтарың болады» деп Егізбайға береді. Бағамдап қараса екі үйір, яғни жиырма бес жылқының пұлы екен. Сөйтіп Егізбайға Ғанибай мен Кенжебай шын көңілмен баталарын беріпті.
Егізбай болыстыққа сайланысымен жанына ел сыйлайтын беделді адамдарды жинап, солармен ақылдаса отырып, әр істі әділ шешуге, үстем тап өкілдерінің әлсіздерге зорлық-зомбылығына барынша жол бермеуге тырысқан. Мүмкіндігінше жарлы-жақыбайдың, жетім-жесірлердің маңдайынан сипап, сөзін сөйлеген, сондықтан да оны халық сыйлаған. Ол артық дүние-мал жинамаған. Үйіне қонақ келгенде кейде қолына құманын алып, өзі де су құйып жүреді екен. «Бұл не қылғаның, бала-шаға бар емес пе?» – дегендерге қонағыма өзімнің қызмет жасау міндетім ғой дейтін көрінеді.

Зиялылығы, сыпайылығы, қонақжайлылығы мен халқына жағымды болған Егізбай осы кезге дейінгі деректер бойынша отыз екі жыл бойы болыстықты лайықты атқарған. Бірде Түркістан генерал губернаторы Ақмешіттен шығып, Қазалы уезіне келеді. Ат шаптырып, қарамағындағы болыс, би-бектерді жинаған қорытынды жиынға Шөмекейдің Алмат, Самұрат, Бақа би, тағы басқалармен бірге Қаракесектен Егізбай да қатысады.
Егізбай болыс болып тұрғанда бәйбішесі қайтыс болып, Арықбалық ауылындағы төбедегі қорымға жерлейді. Кенжебай бай белсеніп, ағайындарымен бірге басын қарайтқанда Егізбай бірнеше адам қойылатын күмбезделген зәулім үйтам салдырады. Қазақ қағытпа сөзсіз жүре ме? Бір реті келгенде қатарластары «Бәйбішеңді қатты құрметтедіңіз ғой, еңбегі сіңген екен» дегенде, Егізбай: «Төрт әйел алдым, шүкір, балалар да бар ғой. Бірақ, мынау аумалы-төкпелі заманда әлде қалай болады. Жалған дүниеде әр пендеге бір өлім, барар жеріміз емес пе?» деген екен.
Шынында да заман өзгеріп, Ресей патшасы құлаған төңкерістен кейінгі құбылмалы кезеңде бұрынғы би, болыстар, байлар, дін жолындағылар мен оны насихаттаушылар қуғын-сүргінге ұшырап, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен күн туады. Осы зобалаңда Егізбай да тізімге ілініп, Қазалы қаласындағы түрмеге қамалады. Ел қамын жеген Егізбайдың басына түскен қиындығын есіткен халық оның адамға зәбыр жасамағанын, байлық қуып, мал жинамағанын, зиялылығын айтады. Әкесіндей болып, тәрбиелеген Ғанибай Егізбайдың жетім, әрі малай болғанын, ешкімнің ақысын жемегенін, болыстыққа халық сайлағанын, барынша әділ болғанын дәлелдеп, жоғарыға арыз жазады. Тиісті орындар тексере келгенде бәрі расталып, халық араша түседі. Содан соң ғана Егізбай түрмеден шығады.
Аман-есен отбасына қауышқан Егізбай:
– Сіздердің тілектерің қабыл болды. Алла менің топырағымды елден жазған шығар, – деп халқына ризашылығын білдіріпті. Осыдан кейін болыс болған Егізбайды аракідік ағайындары шақырып, ақыл-кеңес сұрағанда:
– Заман өтті, менің күнім кетті, енді сөзім жүрмейді ғой, – деп басын бағыпты. Қартайған шағында ол ашаршылық нәубетін бастан кешіріп, ішіп-жер асқа жарымай, жоқшылықтың зарын тартыпты. Болыс болған кезінде беліне тағып жүрген дегмент белбеуін бір-екі қадақ дәнге өткізе алмайды. Әлсіреп, қатты торығып отырып:
«Ыстықтың суығы, қатыратын мұзы болады екен,
Тоқшылықтың жоқшылығы болады екен.
Көктемдегі жауынның жерге беретін нәрі болады екен», – деп кәлимасын келтіргенде қолындағы белбеуі сусып жерге түсіп, дүниеден өтіпті. Ол көзі тірісінде салдырған үйтамында жерленген.
Күмбезді үйтам қазіргі кезде әлі күнге пішінін бермей, құламай тұр. Ішінде әйел, бала-шағасы, жақын-жуықтары бар, он екі адам қойылған. Жанқожа батыр ауылына бірде жолым түскенде арнайы барып, ішіне кіріп көргенмін. Қам кесектен салынған. Архитектуралық ескерткішті «Казгипропроект» институты 1986 жылы есепке алған.Биіктігі 5,80 метр, кіреберіс есіктің жоғарғы жақ ортасында, екі қапталында үш күмбезі бар.
Егізбай Бейбітұлының шығу тегі: Әлімнің Ұланағы (Қаракесек), одан Есіл-Жолай-Есенгелді-Кемпір-Қарақыз-Көмек-Бейбіт баласы. Ол жайлы әр уақытта қасиетті Қазалының тарихы жайлы баспадан шыққан кітап-шежірелерде қалмай жазылып, Егізбай кесенесінің суреті беріліп келеді.
Атап айтар болсақ, бұл жөнінде соңғы кездердің өзінде «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» ғылыми-зерттеу жобасымен шығып жатқан кітаптың XIII-томынан, «Менің отаным – Қазақстан» сериясымен шыққан «Қазалы» (2013 жыл), «Сыр елінің ескерткіштері» кітаптарынан (2014 жыл), Қазақстан Республикасының 25 жылдығына шыққан «Қазалы ауданы энциклопедиясы» (2016 жыл), тағы басқа басылымдардан оқып көруге болады.
Егізбайдың Мырзағұл, Нұрмағанбет, Сүлеймен есімді балалары болған. Мырзағұлдың баласы Мұстафа Ұлы Отан соғысына аттанғалы тұрғанда қайтыс болған. Нұрмағанбеттен туған Жанділда Алматы қаласында оқып, жоғары білім алып, Арал, Жаңақорған, Қазалы аудандарында басшылық қызметте істеген. Сүлеймен қуғын-сүргін кезінде «Дихан» колхозына барып паналаған. Оның қызы Тұрсын Мұратбаев колхозында өмір бойы кітапханашы болып дүниеден озды. Ұлы Нарман Кеңес армиясы қатарында борышын өтеп жүріп қайтыс болған. Онан кейінгі көзі тірі ұрпақтары қазір Ақтан батыр, Мұратбаев атындағы ауылдарда өмір сүруде.
XVIII ғасырдың аяғында туып, XIX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген, отыз екі жыл болыс болған Егізбай осындай жұртына еңбегі сіңген, үлкен тұлға. Сондықтан да оның есімі ел есінде аңыз адамдай сақтала береді.
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
14 сәуір 2020 ж. 1 108 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 75

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930