Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кім білмейді Қазалының есімін

Кім білмейді Қазалының есімін

Қызылорда облысының батысында орын тепкен Қазалы ауданының тарихы тым әріден бастауын алады. Ол туралы пікір жан-жақты. Бұл сөздің этимологиясын жергілікті жұрт Жанкент қаласының күйреуі және «қаза» аталатын балық аулау құралымен байланыстырады. Ал Қазалы атауын алған форт пен қала мәртебесін иеленген шежірелі шаһар жөнінде Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі мен өлкетану мұражайындағы жәдігерлік жазбалардың айтары көп.
Тарихи тамыр
Қазалы Сырдарияның оңтүстік жағалауында Ресей және Хиуа мен Бұқара арасындағы үлкен керуен жолындағы Жанкент қаласының орнынан 20 шақырым, Ташкент-Самара теміржолы бойындағы Қазалы стансасынан 10 шақырым жерде орналасқан.
Аудан іргесіндегі ежелгі Жанкент, Күйікқала, Бабажан, Қаратөбе, Жанқазы, Сортөбе секілді ірі қалалар бұл мекеннің тамырын тереңге таратады.
Бұл жер кіші жүз ханы Әбілқайырдың ордасы болғанын біреу білсе, бірі білмейді. Деректерге зер салсақ, 1720 жылдардың бас кезінде Әбілқайыр Түркістаннан Бұқара мен Хиуа хандықтарымен жақын орналасқан тайпалар ортасына келеді. Бұл аймақ қазіргі Қазалы ауданы мен Төретам стансасы аралығы. Ал қыстауы қазіргі «Адам Ата» елдімекені болған. Осы жерде халық Әбілқайырды ақ киізге отырғызып, кіші жүздің ханы етіп сайлайтыны туралы мағлұматтар жеткілікті.
1847 жылы Орынбор әскери губернаторы генерал-лейтенант Владимир Обручев Орта Азияда орыс ықпалын тарату үшін Сырдарияның төменгі сағасындағы Райым шатқалынан №1 бекіністі салдырады. Қазалы қаласынан 40-50 шақырымдағы бұл бекініс 1851 жылы 4 ақпаннан бастап «Арал бекінісі» деп аталды. Алайда бұл сауда жолынан шалғай, сәтсіз таңдап алынғандықтан, қарым-қатынасқа айтарлықтай кедергісін келтіреді.
1851 жылы бекініс бастығы болып кавалерия генералы Василий Перовский тағайындалады. 1853 жылы инженер Богданов жасаған жоспар бойынша В.А.Перовский №1 фортты салуға бұйрық береді. Құрылыс жұмыстары екі жылға созылады. Мұндағы әскери горнизон, башқұрт жұмысшылары мен инженерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету патша үкіметінің тікелей қадағалауында болады. Форт болып құрылғаннан кейiн оның алғашқы тұрғындарын Райым бекiнiсiнен қоныс аударғандар, Орынбор казактары, Арал флотының матростары, солдаттар құрайды. Ұзамай Орал казактары, қырғыз, өзбек, татарлар көшіп келе бастайды. 1855 жылы Арал бекінісінің таратылуына байланысты қоныс аударушылар №1 фортқа көшіріледі. 1862 жылы бұл фортта 90 қазыналық үй болады.
Патша өкіметі Қазалы аймағына еніп, бекіністерін орнатып болғаннан кейін өз тәртібін енгізеді.Түтін салығы әр үйден күміс ақшамен жылына бір сом елу тиын жиналу міндеттеледі. Салықтың бұл түрінен тек қызмет санатындағы ауылнай, сұлтан, би, байлар босатылды. Тұрғындарға салықты мерзімінде төлеумен қоса жолдар мен көпірлерді ұқыпты ұстау, егін суару бөгеттерін жөндеу, бекіністерді жөндеуге адам жұмылдыру, кіре тартуға күш көлігін бөлу және Хиуа шапқыншылығынан қорғану мақсатында күзет адамдарын жасақтау міндеттеледі.
1867 жылы №1 форт атауы Қазалы қаласы деп өзгертіліп, Ресей мен Орта Азия елдерінің қарым-қатынас орталығына айналады.
1872 жылы уезд орталығы болған Қазалы құрамына қазіргі Қармақшы, Арал аудандарының территориясы қарайды. Санақ мәліметтері сол кезде уезде 89966 тұрғын қоныстанғанын айғақтайды.
Сырдария облысы, Қазалы уезінің қара қалқанға жүк артқан түйе, жоғарғы жағында алтын жалатқан ашамай құралы бар өз гербі болған. Қалқан ашамайдан бастап тәжбен көмкерілген және Александр лентасымен жалғасатын алтын түстес екі жүзім шоғымен қоршалған. Бұл сол кездегі уездің тұрмыс-тіршілігінен хабардар етеді.
1928 жылы сәуір пленумының шешімі, Қазақстан әкімшілік-аймақтың бөлінісіне байланысты, Қызылорда және Қазалы уездері таратылып, бұрынғы екі уездің негізінде Қызылорда округі құрылды.
Қазалы қаласы 1958 жылға дейін аудан орталығы болды. Бұдан кейін аудан орталығы Жаңақазалы поселкесіне көшіріледі.
Өркениет ошағы
Шығысында Қармақшы, батысында Арал аудандары, оңтүстігінде Өзбекстан мемлекеті, солтүстігінде Қарағанды облысымен шектесетіндіктен, Қазалы сауда-саттық, халықаралық қатынастарға ертеден қолайлы орын саналған. Орта ғасырдағы Жібек жолы өткен өңір жаңалықтар мен өркениет көшінен шет қалмаған.
1906 жылы Орынбор-Ташкент теміржолы тоғысқан мекенге болат жолының жетуі еңселі істерді өрістетуге септігін тигізген. Сол тұста салынған паровоз депосы мен «Сұлутам» деп аталған теміржол вокзалы халық игілігіне арналған нысан ғана емес, тарихи ғимарат.
Қазалы қаласы Сырдарияға өте жақын болғандықтан, бау-бақшаға бөленіп, төңіректегі көрікті жерлердің біріне баланған. Қаланың шет жағында патша ұлықтарының демалатын «ояз бағының» орны бүгін де бар.
Қазалы Қазақстандағы ағартушылыққа алғаш ден қойған санаулы жердің бірі болуымен де ерекшеленеді. №1 фортта тұңғыш мектеп Орынбор епископы Антоний Розонежскийдің ықпалымен ашылады. 1860 алғашқы оқу жылында оған 33 шәкірт білім алуға ниет білдіреді.
1861 жылы 9 ақпанда қыздар мектебін шырақшы Победоносцев ашып, 13 қыз баланы оқытады.
Тұңғыш шәкірттерін 1865 жылдың аяғында қабылдаған қырғыз мектебінің алғашқы мұғалімі Елмұхамед Байжанов болған. 1864 жылдың қазан айында бұл істі қазақтың тұңғыш ағартушы-педагогы Ы.Алтынсаринмен бірге Орынбор шекаралық комиссия мектебін бітірген Мүмін Байдосов жалғастырады.
Мұрағат деректерінде қазақ балаларына арналып жергілікті қазыналық қор есебінен оқушылар пәтеріне қаржы бөлінгені туралы ақпарат кездеседі. Мектептерді мамандармен қамтамасыз ету үшін Ташкент және жергілікті жерлерде қысқа мерзімді мұғалімдер даярлайтын курстар ашылған.
1867 жылғы «Ережеге» сәйкес орыс мектептерінің санын көбейтуге ерекше назар аударылған. Уезде бұл бағыттағы жұмыстар біршама жақсарғанымен, халық ағарту саласына жұмсаған қаржысы аз болғандығы, сонымен қатар патшаның әкімшілік орындары, бай, қожа, молдалар білім беретін мектептердің ашылуына кедергі жасаған деген мәліметтер бар.
Шіркеу қарамағындағы екі кластық қыздар училищесі 1879 жылы тамызда, орыс-түзем (жергілікті ұлт) училищесі 1894 жылы, шіркеу қарамағындағы бір кластық тұңғыш ер балалар училищесі 1900 жылы, ер балаларға оқитын сарттар мектебі 1910 жылы ашылады.
1903 жылы №14 балалар бақшасы орналасқан үйде бастауыш мектебі бой көтерген. Бұл Қазалы стансасында орыс тілді ұлт өкілдерінің балаларын оқытатын алғашқы мектептердің бірі еді.1918 жылы Қазан төңкерісінен кейін бастауыш мектеп 7 жылдық болып кеңейтіледі. Мектепті бітірген оқушылар депо жанындағы фабрика-зауыт училищесінде оқуын жалғастырып, жұмысшы мамандығын алған.
1900 жылы 21 қарашада контр-адмирал А.И.Бутаков атындағы Қазалы қоғамдық кітапханасы оқырманын қабылдайды. Рухани орының ашылуына Қазақстан мен Орта Азия табиғаты мен тарихын зерттеп жүрген орыс зиялы қауымының рөлі зор болды. Алғашқы жылы кітапханада 437 кітап қоры,113 тұрақты оқырманы болған. Арал теңізін зерттеуге келген А.С.Берг мұнда арнайы келіп, бірнеше кітаптабын сыйға тартса, игі істі Орта Азияға сапар шеккен атақты саяхатшы П.П.Семенов Тянь-Шяньский жалғастырады. Ол Қазалыға атбасын тіреп, кітапхана жұмысын жақсарту туралы кеңес беріп, өзінің жеке кітапханасынан 200-дей кітап сыйлаған.
Қазалыда сол кезеңде 5 мешіт жұмыс істеген. Алғашқы мұсылман мешітін 1872 жылы Бұхар діншілі С.Әлімбаев, татар мешітін 1894 жылы көпес Ғанибай Хусайнов, 150000 сомдық қазақ мешітін 1907 жылы Сермұхамед Дәрменқұлов салдырды.
1879 жылғы 1 қарашадан ауа райын болжайтын станция жұмыс істей бастайды.
Қазалыда 1893 жылы жекеменшік дәріхана қызметін көпшілік тұтынғанын баспасөз құралдары жазады.
Ташкент қаласындағы мемлекеттік архивтен алынған деректерде Орынбор-Ташкент теміржолының салынуына байланысты 1904-1905 жылдары Қазалыда шағын қабылдау бөлмесі (амбулатория) жұмыс істегені, ал 1908 жылы әскери лазарет ашылып, кейін 7 орындық тұрақты қабылдау бөлмесіне айналғандығы айтылады. Сол жылдары Қазалы уезінде 3 дәрігер, 3 фельдшер, 2 акушерка, 2 жеке меншік дәріхана болады. 1909 жылы Қазалы стансасында теміржолшылар үшін 30 орындық аурухана бой көтереді.
Өлкенің Ресейге қосылуы сауда-саттықтың дамуына кең көлемде әсерін тигізді.
1867-1868 жылдары реформалар жүргізілгеннен кейін бұл аймақтың экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне капиталистік қатынастар батыл еніп, даму жолына бағыт алады. Тауарларды малға, мал өнімдеріне айырбастаудан басталған. Айырбас саудада балама ретінде ісек қой жүрген. Оның бағасы 2 сом күміске бағаланған. Бірте-бірте сауданың өркендеуі Қазалы жерінде маусымдық жәрмеңкелердің ашылуына себепші болады.
№1 форттың құрылған тұсында еврей, орыс, бұхар саудагерлері көптеп келе бастайды. Орынбор көпестері Девеевтер жыл сайын Орынборға 20 мың бастан астам қой, 100 мың пұт тері мен жүн жіберіп отырған. Олардың сол кезде 5 сауда үйі, 106 лавкасы тұрақты жұмыс істеген еді.
1868 жылдан бастап Қазалы халқы татарлармен көбейе түседі. Олар орынборлық көпестер Хусиновтар фирмасының жанына топталады.
Өнеркәсіп кәсіпорындарынан 1880 жылы Н.И.Иванов салған, жылына 9000 шелек сыра дайындайтын зауыт жұмыс істеді. Сол жылдары 3 шағын кірпіш зауыты, 2 су диірмені, 12 жел диірмені, 2 монша болады.
1882 жылы 23 қазанда телеграф стансасы ашылды.
Уезд орталығында алғашқы көше шамдары 1884 жылы самаладай самсайды. Ол жылы көше шамдарының саны 23-ті құрса, Ташкент үлгісі бойынша күйдірілген кірпіш төселген жалғыз аяқ жол бірінші рет 1905 жылы Қазалы қаласының көркіне көрік қосады.Ұлтқа ұран, санаға сілкініс беретін «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған бастама жүзеге асып жатқан тұста туған жерді қастерлеу, қадірін жас ұрпаққа ұғындыру әрбіріміздің перзенттік парызымыз екенін естен шығармағанымыз жөн.
Дайындаған А.ӘДІЛХАНҚЫЗЫ

02 қараша 2019 ж. 1 821 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031