Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тасқа айналған тұлғалар

Тасқа айналған тұлғалар

Ел аузында жылдар бойы сақталып келе жатқан түрлі аңыздар мен әңгімелер әлі күнге дейін маңызын жоғалта қоймады. Әсіресе жер-су атауының, тау-тастың сол тұстағы белгілі тұлғалар есімімен аталуы біздің қызығушылығымызды оятатыны рас. Себебі қай заманда да қасиетті орындарға адамның атын босқа телімегенін білеміз. Сондай-ақ оларға біткен тылсым күштің жаға ұстатар тұсы жетерлік. Аңызда ақиқат барын ескеріп, солардың бір тобын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
«Жылаған ата»
Қазіргі Түркістан облысының құрамында Бабай қорған деген ауыл бар. Бұл жер басқаларға “Жылаған ата” үңгірімен таныс. Бұл атау үңгірден 30-40 минут сайын сыртқа су ағып, тоқтап қалатынымен байланысты болса керек. Бірақ бұл тылсымның құпиясын әлі күнге дейін ешкім аша алмай келеді.
Үңгірдің алдында қырынан қарағанда адамға ұқсайтын, иіліп тұрған тас бар. Оны жергілікті халық “кемпір” деп атайды. Тас мүсіннің адам көзі орналасатындай тұсынан тамшылап су ағатын көрінеді. Бұл жайында да ел аузында жүрген әңгіме көп.
Ерте заманда осы аумақты мекен еткен бір әйел айы-күні жетіп, босанады. Бірақ күтпеген жағдай орын алып, сарыла күткен сәбиі мес қапшық тәрізді болып дүниеге келеді. Бұның не құбылыс екенін түсінбеген жұрт шошып, оның анасы көз жасын құрғатпай күні-түні құдайға жалбарынумен болады. Бір күні елдегі аты әйгілі әулие оқиғаны есітіп, “Құбыланы бетке алып, жүре берсін. Қайыры болады. Бірақ артына бұрылып қараса барлығы зая кетеді” деген сәлемдемесін айтады. Амалы таусылған келіншек қарияға құлақ асып, жолға шығады. Қанша жүргені белгісіз, шыдамы құрыған әйел артына мойын бұрып қояды. Осы сәтте мес қапшық жарылып, ішіндегі бала жерге түскен бойда қаша жөнеледі. “Жылаған ата” үңгіріне кіріп кетеді де, шешесіне: “Енді мені көрмейсің. Қиямет күні келгенде ғана жер бетіне шығамын”, – деп ғайып болады. Әлгі көзі жасаураған тас қияметтегі баласын күтіп отырған ана деседі.

«Келіншектау»
Бұл әпсана қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда теріскейде атағы жер жарған бай өмір сүріпті деп басталады. Оның аузы уәлі, ақылы мен әділдігі келіскен екен. Таза жолда жүріп, құлшылығын қаза қылмаған байдың жалғыз ерке қызы болыпты. Тана көзі талайдың ішіне шоқ түсірген сұлу теңін күнгей беттен тауып, отау құрмақ болады. Бұны естіген әкесі ақ батасын беріп, жалғыз перзентінен дүниесін аямай, жасауын жасап, жолға шығарып салады.
Отаудың үзік, дөгедесі ақ марқаның жүнінен басылып, бау-басқұры жібек жіптен тоқылыпты. Шаңырағы алтыннан, уығы күміспен күптелгенін көрген жұрт таң-тамаша қалған. Әкесі қызымен қоштасып тұрып: “Ал, риза бол, қалқам” деп керуеннің бас жібін ұстатады. Біраз жол жүргеннен кейін Қаратаудың да қыр арқасына жетеді. Осы сәтте дүниеге жаны жақын қыз керуенді көзбен бір шолып өтеді. Кенет өрік ағашынан жасалған итаяқты көріп: “Әкем сараңдық жасап, итаяқты күмістен соқтырмапты”, – деп жолсерігін қайта ауылға шаптырады. Бар байлығын қыз жүгіне артып жіберген әке қызының бұл ісіне қатты налиды. Қарғыс жерде қалмайтын дәуірде ашумен: “Тас жүрек екенсің, тас бол”, – деп теріс бата береді. Осы сәтте ауылға кеткен аттыны күтіп, шөккелі жатқан түйе, бұйда тартқан қалыңдық, тұтас керуен тасқа айналған екен.
Бүгінде “Келіншектау” деп аталатын биікті көрген жұрт көшкен керуенді көргендей әсер алады.

«Масат ата»
Жыл саналмайтын уақытта елін жау мен даудан қорғаған, желдің өті, жердің шетінде де батыр тұлғасымен танылған Масат атты батыр өмір сүрген. Киесі бар, денесін жебе оғы да, қылыш жүзі де сыза алмаған көрінеді. Жаулары білек күшімен батырды ала алмайтынын ұғып, әртүрлі айлаға көшеді. Өкінішке орай, осал тұсы табылады.
Жау әскері батыр еліне толассыз соққы жасап, ақыры оның келбеті келіскен тоқалын қолды етеді. Ойы арам елдің жансызы жас келіншектің көңілін тауып, өзіне қаратады. Бір кеште батырдың тоқалы жау жансызымен сырласып отырып, Масаттың осал тұсын әшкерелеп қояды. Айтуынша, батыр таң намазына ұйып отырған кезде алпыс екі тамыры иіп, қарапайым пенде қалпына оралады. Тіпті Масат мекен еткен өлкедегі жерге төселген көлемді көк тас бала еңбегіндей жұмсарып, былқылдап жатады.
Ертесі күні таң сәріде намазға кіріскен батырға тұтқиылдан шабуыл жасалып, басы шауып түсіріледі. Бойынан батыр жаны шыға қоймаған. Масат домалап түскен басын етегіне салып, еруге айналған көк тастың үстімен жүгіре жөнеледі. Иесіне төнген қауіпті сезген құлынды биесі де ізін ала еріп отырған. Бір-бірімен тұтасып жатқан көк тастың шетіне жетті дегенде құдірет күшімен жер қақ айырылып, алдымен Масат, артынан биесі сүңгіп кетеді. Осылайша батыр өз-өзін жерлегенге ұқсайды.
Аталған аңыздың көрінісі күні бүгінге дейін көк тасты алаңқайдың үстінде сарнап жатыр деседі. Алшаңдай басқан Масаттың, құлынды биенің іздері, жан-жаққа шашыраған қан дақтары бүгіннің өзінде жақсы сақталған көрінеді. Ал жұрт бұл жерді “Масат ата” атап кеткен.

«Дән мен Бұлан»
Ағайынды Дән мен Бұлан бір ауылдың баскөтерер азаматтары болған. Дән жұртына сүйкімді, артынан тұтас ел еретін ер екен.
Жаздың бір жаймашуақ күнінде бұларға қапелімде жау шабуылдайды. Бірнеше күнге созылған қақтығыста Дән ауыр жараланып, елдің сағы сынады. Ауыл жұрты қонысын тас­тай сала беті ауған жаққа көше жөнеледі. Үш күн, үш түн сапарлатқаннан кейін Дән көшті тоқтатып: “Мен бұдан әріге шыдай алмаспын. Көз ұшында тұрған қызыл шоқыны көрдіңдер ғой, мені сонда жерлеңдер. Басыма күмбез соғыңдар. Өлсем денем жау аяғының астында қалмасын”, – деп жан тапсырады.
Артта қалған ағайын батырды арулап, жер қойнына берген соң басына күмбез қоя алмай әуреге түседі. Бұнымен іс бітпейтінін түсінген бауыры Бұланның әйелі: “Бұл күмбезді мен қалай аламын. Алайда іс біткеннен кейін жан тапсыруыма тура келеді. Өйткені қайны ағамның әруағы мені басына шыққаным үшін кешірмейді. Солай бола қалса батыр ағамның аяқ жағына жерлеңдер”, – деп іске кіріседі. Бейіт жұмысы бітті дегенде келіншек те дүниеден өтеді. Марқұм жандардың соңғы тілектері орындалып, туыстары төртқұлақ бейіт соққан. Содан бері бұл жазық “Дәнбұлан” деп аталды.
Дайындаған
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ
01 ақпан 2020 ж. 1 645 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 95

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930