Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қыдыр ата: аңыз бен ақиқат

Қыдыр ата: аңыз бен ақиқат

Ел аузында әдет-ғұрыпқа қатысты ұрпақтан-ұрпаққа жеткен астарлы, терең ой жасырылған мақал-мәтел мен аңыз әңгімелер көп. Мұндай ғажапқа толы ертегімен пара-пар әпсаналарда бұрынғының толағай батырлар, дұшпанды бір сөзбен тоқтамға келтірген би-шешендер мен ерекше қасиет иелері баяндалады. Сондай кереметімен таңдандырған Қыдыр баба жайлы не білеміз? Ол қиялдан туған ба, әлде өмірде болған ба? Бұл сауалдар көпшілікті мазалайтыны сөзсіз.

Қазақ халқының пайымындағы Қыдыр ата немесе Қызыр баба араб тілінде Əл-Хидр, Əл-Хизр, яғни жасыл адам деген мағынаны білдіреді екен. Арабтардың аңызында ол отырған жерге шөп шығып, жүрген жері жасыл желекке айналады-мыс. Қазақтың құт қонған, береке дарыған деген ұғымды онымен байланыстыратыны осыдан шыққан болар.
Бір деректер бойынша, ислам дініндегі пайғамбар деседі. Кейбір дінтанушы ғалымдар оны Ілияс пайғамбар деп жорамалдайды. Құран Кәрімнің Кәһф сүресінде Мұса пайғамбар сапарға шыққан кезде Қыдырға жолыққаны, Алланың оны Мұсаға тағылым үйрету үшін арнайы жібергені жайлы айтылады. Екінші бір мағлұматта ол – мифтік бейне. Түркі халықтары мифологиясында Қыдыр бейнесінің астарынан ислам дініне дейінгі және онан кейінгі кезеңде пайда болған екі діни-фольклорлық дәстүр түсінігі аңғарылады.
Кей халықта ол теңізде сапар шегушілердің қамқоршысы деп есептелсе, үнділер су иесі деп қабылдаған. Сондай-ақ өрттен, су тасқынынан, ұрлықтан, жылан шағудан сақтайтын пір деп те есептеледі. Сонымен қатар жыр мәтіндерінде Қыдыр ата мен Қызыр ата, Ілияс есімдері дербес үш тұлға ретінде аталады. “Қызыр ата, қырық шілтен, Қыдыр менен Ілияс, олар да болсын жолдасың” немесе “Қызыр Ілияс жар болып, Қыдыр ата қолдасын”. Осыған байланысты “Қыдыр” мен “Қызыр” бейнелерінің екі түрлі мифтік бастаудан өрбіп, уақыт өте есімдерінің сыртқы ұқсастығына қарай бір бейне ретінде түсіндірілгенін топшылауға болады. Қыдыр көбіне батырлық жырларда жырланады. Батырлар одан демеу, қолдау күтіп, атын атап шақырады. Біздің ұлттық ұғым бойынша Қыдыр сәттілік пен бақ беруші, көбіне иман жүзді қарт түрінде бейнеленіп, өзін көру сәті түскендерге бақыт сыйлаушы ретінде суреттеледі. Яғни күнделікті кездесетін адамдардың арасында Қыдыр ата болуы мүмкін. Ол әртүрлі кейіпте, кедей адам сынды жүреді. Одан сый алу үшін кез келген кісі, оның мансап-мәртебесі мен байлығына, киіміне, түр-әлпетіне қарамай, қонақжайлылық көрсету керек. Өйткені ол Қыдыр болып шығуы мүмкін. “Қырықтың бірі – Қыдыр” сөзі осы пайымнан туындағанын көруге болады.
Ғалымдардың айтуынша, Мұса пайғамбар захири ілімдерге қанық болса, Қызыр құпия ілімдерге жүйрік еді. Хадисшілер кезеңінде Имам Бұхари секілді кейбір ғалымдар Қызырдың қайтыс болғанына сенсе де, ірі мүжтаһид төрт имамнан бастап, бірқатар фақиһтар оның тірі екенін мойындаған. Тіпті өмір сатыларының бірінде оның өзіне тән кейіпте өмір сүріп жатқанын, рухани жетілуде «Қызыр деңгейі» деген дәреженің барын, соған жеткендердің онымен кездесуі, әрі тіке өзінен дәріс алуы мүмкін екенін де білдірген.
Осы деректерге сенсек, Қыдырды көргендер жайлы аңыз-әңгімелер халық арасында жиі айтылып тұрады. Соның бірі – Жанқожа Нұрмахаммедұлы тұсында төрелік еткен Құттыбай Ақболұлының Қыдырды үш рет көргендігі кітап беттерінде жазылған. Ал Қазалы қаласының тұрғыны Игенбай ақсақалдың айтуынша, нағашы жағындағы атасы Қыдыр көрген бақытты жан. Оның қарамағында 20-30 қараша үй болса, 150-ден аса адам қол астында қызмет еткен. Мың түйе ұстаған Махамбет атасы бес уақыт намазын қаза етпейтін иман жүзді кісі болған. Жанынан қара құманын тастамайтын ол келешекте болатын жайттарды болжай білетін қасиетке ие екен. Бір күні қара құманындағы су айрандай ұйып қалған көрінеді. Сол суды немерелерінің алақанына құйып ішкізген деседі. Бірақ қандай себеппен атасының олай жасағанын сол кезде тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз Ғани (Игенбайдың анасы) түсінбепті. Бәлкім ол түс көріп, аян алған шығар деп шешесі өз әңгімесінде естелігімен бөліскен.
– Халық ауыз әдебиетінде “Қыдыр дарысын, бақ қонсын!” деп бата береді. Қыдыр көрген адамның малына, итіне немесе жансыз заттарға дариды. Біреудің маңдайына, енді бірінің таңдайына берілетін сый. Байлық ұшпалы, әкенің малы қызға тұрақтамайды. Шешем Ғани ұзатылғанда атасынан қалған түйеден біраз бас бұйырған. Соның арасындағы бір нарды өле-өлгенше тимей, жерге көмгендіктерін анам айтып отыратын. Себебі сол жануарға Қыдыр дарыған дейтін. Кейін Кеңес үкіметі орнап, бай-шонжарды қудалау басталғанда қолында бар түйелерді тартып алғандықтан кедейлер қатарына қосылыпты. Үлкендер Қыдырды ақ сақалды, ақ киімді деп суреттейді. Оны түсінде көреді немесе жарқ еткен жұлдыздай байқайды. Мұндай кезге тап болсаң айтылған тілегің қабыл болады-мыс. Отаралы әкем де осындай сәтті көріп, балаларым аман болсын деп бата еткен, – дейді ақсақал.
Иманбай Отаралиевтің анасы он үш құрсақ көтергенмен, 7-еуі қызыл әскерден қашып жүргенде қаза болған. Аман қалған алтауынан қазір тірі жүргені жалғыз өзі.
Әйтеке би кентінің тұрғыны, Батыр ана он үш баланы дүниеге әкелген Сәлия Ахметова да Қыдыр атаны көргендігін жеткізді. Ол жыл сайын қасиетті Рамазан айында Қадір түнін ерекше күтіп, дастарқан жаяды. Отбасымен бірге таң атқанша Құран оқып, дұға бағыштаған ол осыдан үш жыл бұрын көзі ілініп кеткенде түс пен өң ортасында қасына ақ сақалды, ақ киімді қарияның келгенін көріп, селк етіп оянады. Жалма-жан терезеге қараған ол жарық жұлдыздай бір құбылыстың көз алдынан жалт еткенін көреді. Тез есін жиып, отбасының береке-бірлігі мен амандығын тілейді. Қазір әр таңда Құдайдың жіберген ризықшылықтарына шүкірлік етеді. Ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырған ана өзін бақытты сезініп, келешекке нық сеніммен қарайды. Бұл бірнеше ғана мысал. Дегенмен қағаз бетіне түсірілмей, халық арасында ауызекі айтылып жүрген әңгімелер қаншама?!

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
21 желтоқсан 2019 ж. 4 505 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 48

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930