Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Медет берер мейірбан

Медет берер мейірбан

Ауыз әдебиетіне қанығып өскен қазақ «пір» ұғымымен таныс. Қиналғанда қуат беріп, асқақ арманды жүзеге асыруға ­атсалысатын бұл тылсым күш иелері кімдер? Адамның сенім күшінен туындаған мифтік бейне ме, әлде бізбен қатар өмір сүретін магиялық құбылыс па? Пірлер ­туралы өзге ұлт арасында түсінік бар ма? Бұл туралы ­деректер не дейді?..

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде пірге – «қолдап қорғаушы рух», «аруақ», ауыспалы мағынасында «демеуші», «қолдаушы», «сүйеуші» деген анықтама берілген. Ал діни тарихи еңбектерде қажы, қазірет, ишан сияқты ірі дін басыларына байланысты қолданылатын ұғым делінеді. Көбіне сопылар арасында кездеседі.
Ғалым Рабиға Сыздықова: «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты кітабында «пір» сөзі қазақ тіліне Қожа Ахмет Ясауи мен Бақырғанидің хикметтерінің таралуымен енген», – деп жазады.
Пірлердің ерте заманнан келе жатқанын, бес ғасыр бұрын жасаған ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» атты еңбегі де растайды. Онда автор «үш жүзге ортақ деректі 92 ата» деп пірлердің аттарын келтірген.
Пір сөзі қазаққа ежелден етене таныс. Дәстүрлі нанымда әр заттың пірі бар деген түсінік болған. Бізге таныс жылқының пірі – Қамбар ата, түйенің пірі – Ойсыл қара, сиырдың пірі – Зеңгі баба, қойдың пірі – Шопан ата, ешкінің пірі – Шекшек атадан басқа пірлер туралы білетініміз бар ма?
Сан ғасыр тәңірлік дінді ұстанған жұртымыз көкті, күнді қадыр тұтып, жер-суға сыйыну, желеп-жебеп жүруін тілейтін болған. Солардың бірі – Ұмай ана. Ол отбасын, бала-шағаны жаман рухтардан қорғайтын әйел тәңірісі.
VIII ғасырда жазылған «Тоныкөк» жырында:
Тәңірі Ұмай, қасиетті Жер-Су
Бізді қорғайды, ойлану керек, – деген сөз бар.
Қазақтар арасында пірдің «ата», «әмірші», «дос», «жаратушы», «ие», «патша», «сәуегей ата» деген баламалары болған. Бұл сөздердің бәрі «пір» – «желеп-жебеуші тылсым күш иелері» дегенді білдірген.
Фольклорлық шығармаларда ежелгі грек әпсаналарын еске түсіретін халқымыздың түрлі танымға байланысты өз пірлері болған. Мәселен, батырдың пірі – Ғайып ерен, қырық шілтен саналған. Ал Шоқан Уәлиханов жазып алған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында:
Құлдан өлген болар ма мұндай ғайып,
Үндемеді ол бастан бабам Қайып,– деген өлең жолдары баба Қайып, Қайып-ерен – қамыққан жолаушыға көмек беретін досы деп түсініктемемен астасады.
Білімпаздың пірі – Ыдырыс пайғамбар, ырыстың пірі – Қызыр баба, ғашықтардың пірі – Ләйлі-Мәжнүн болған.
Егіншілер жер жыртып, дән егетін кезде: «Уа, Дихан баба, құрт-құмырсқа, жан-жануарлардан қалғаны менікі. Ауадан жаудыр, жерден өндір, бала-шағаның ризығын өзің жеткір», – деп Диқан бабаға сыйынатын болған.
Қазалы мен Торғай аймағында диқандар мен көшпенді малшылардың құралы шығыр мен оны жасаушылардың пірі туралы мынадай өлең сақталған:
Шығырдың шын атасы Әлі-Шынар,
Шынарға сиғызбаса шығыр сынар.
Әліге шынар менен хуп сыйынан,
Қашан да тәңір оңғарып ісің тынар.
Бастырылған бидайды ұшыруға дауыстап желдің иесін: «Мірқайдар, кел, Мірқайдар» – деп шақыратын болған. Төменгі Сырдария қазақтары желдің пірі Жалаңаш ата деп білген.
Жалпы, еңбек, шаруашылық, кәсіпке ­байланысты түрлі атауды кезіктіреміз. Олар: орақшының пірі – Дихан ата, жаңбырдың пірі – Борық ата, теміршінің пірі – Ер Дәуіт, ағаш ұстасының пірі – Нұх пайғамбар, кемешінің пірі – Ілияс пайғамбар, етікшінің пірі – Сәді ата.
Бір қызығы, пірлердің қатарында Қалтаң ата деген жарлының пірі, Жалтаң ата деген ұрының пірі, Кекшіл ата аталатын кәріліктің пірі, жын атасы – Бөрлі бай деген де бар.
Олардың кейбірі өмірде болған. Сөзімізге Әбубәкір Диваевтың: «Зеңгі атаның шын есімі Әмин баба еді, өте қара кісі болғандықтан «Зеңгі баба» атанып кеткен. Әкесінің аты – Төзқожа. Туған, өлген жері – Шаш», деген жолдары дәлел.
Зеңгі – Қожа Ахмет Яссауидің бесінші мұрагері, мүриді болған.
Жазушы Сәбит Мұқановтың «Халық мұрасы» тарихи-этнографиялық кітабында Үстірт жайлауының солтүстігіндегі терең сайдың жағасында «Шопан-ата» дейтін мыңдаған адамдардың қабірі бары деректермен көрсетілген.
Халық кейбірде бір құбылыстың бірнеше пірі бар деп сенген. Мысалы, құс атасы – Шегірбаян десе, құс әміршісі әрі қаздың жаратушысы – Қызылқан деген.
Ғалым Әлкей Марғұлан «Ежелгі жыр аңыздар» атты еңбегінде мынадай өлең жолдарын келтіреді:
Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата,
Бата алған тамам бақсы асқан ата.
Бұл жерде бақсылардың да пірі деп Қорқыт ата танылса, олар зікір салғанда қолдайтын пірі Жирентай, кейде Қараман деп сыйынған. Ал түркітанушы Алтай Аманжоловтың айтары басқа. Ол: «Қазақ бақсыларының жебеушілерінің бірі – Ақмарал атанған», – деген дерек келтіреді.
Тарихтан билеуші тұлғалардың, ел бастаған батырлар мен өнер адамдарының да пірлері болғандығы туралы мағлұматты көптеп кездестіреміз.
Тәуке ханның пірі – Мүсірәлі қожа. Бабамыздың үш жүздің пірі атануы тегіннен-тегін болмаса керек-ті. Ол туралы ел арасында «Жеті адамға жан берген» деген аңыз жиі айтылатын.
Абылай ханның пірі – Жалаңаяқ Әздер болғаны тарихтан белгілі.
Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасында:
Бұл сорлы күйді неге үйренді екен?
Күйата бұған дарып жүрген бе екен? – деген жолдармен күйшілердің пірі Күй атаның есімі келтірілген:
Кейбірде өнер иелері ұстаздарын пір санаған. Ақын Бақтыбай Жолбарысұлы өзінің түсіне кіріп, бойына ақындық шарапат дарытқан ел арасында Қабан аталып кеткен Қабылиса Асанұлын, халық ақыны Жамбыл Жабаев Сүйінбай Аронұлын аузынан тастамаған. Мұндай үрдіс күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.
Пір тек адам аттарымен ғана емес, кейде жануарлармен де байланысты болып келеді. Бірақ оларды пірден гөрі кие деп түсінген дұрыс болар.
Халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының киесі жолбарыс болғаны көпке мәлім. Бұл туралы батыр бала күнінде әкесі Нұрмұхаммедтің атына міңгесіп жолға шыққанда жолбарысқа кезігетіні туралы айтылады. Ол кезде Сырдың қамысы қалың екен. Әкелі-балалы жолаушылар қамыстан шығар жол таппай тұрғанда алдарынан тарғыл тағы кезігіпті. Мұны көрген бес жасар Жанқожа жануардан қорықпай, желкесіне мініп, қамыстан өтіпті. Осы оқиғадан кейін жолбарыс батырдың айнымас серігі, қысылтаяң сәтте көмекке келер қорғаушысына айналыпты. Кейіннен жолбарысты көзімен көрген талай жауының мысы басылғаны туралы дерек бар.
Дария бойындағы жұртшылық арасында Жиенбай жыраудың сары жолбарысы болғаны туралы аңыз ауыздан-ауызға жеткен.
Бірде жасы үлкен, әрі ел басқарып отырған Төребай би мен жырау жолдың қиылысында кездесіп қалады. Би: «Жиенбай, сен өте бер», – деп жол беріпті. Жанындағы нөкерлері былай шыққан соң: «Төке, мұныңыз қалай? Сіз елге белгілі бисіз, жасыңыз да үлкен, жол сіздікі еді ғой», – дейді. Сонда Төребай: «Мен өтпейін дедім бе, бір сарыала жолбарыс атымның алдына келіп бұлаңдап тұрып алды, қозғалсам жазым қылатын еді», – деген екен.
Композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиев өз естелігінде: «Бала күнімде атақты Жамбыл ақынның айтқаны бар екен. Ол Жәкеңнің өмірінің соңғы күндерінің бірі болса керек. «Бойымнан қуат кетті. Менің жолбарысым ана Тілендінің қалқанқұлағына қарай қашып барады. Баланы күтіңдер. Шықса, сол жаманнан бірдеңе шығады», – депті», – дейді. Шындығында қазаққа төгілдіріп күй, тамылжытар ән сыйлаған талантты композитор, дәулескер домбырашының бойындағы құйын талантты тек ізденіспен келген деу ақылға қонбайды.
Мұнан өзге Әбілхайырдың қызыл түйесі, Абылайдың ақ бурасы болғанын білеміз.
Әлем әдебиетінде де кие, пірге ұқсас дүниелерді кездестіруге болады.
Расында, табиғат болмысы ерекше жандарға қасиетті дүниелерді серік етеді.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
07 желтоқсан 2019 ж. 1 596 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 58

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 51

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 51

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930