Салауат айтып, ұлықтайтын күн
Аз уақытта күллі мұсылман үмметі асыға күткен Мәуліт мерекесі келеді. Қазақ тіліндегі баламасы «туылған күн, туылған жер» деген ұғымға саятын ұлық мереке ислам дінінде ардақты Пайғамбар Мұхаммед (с.а.у.) туылған күніне орай өткізілетін мерекелік іс-шараларды білдіреді.
Деректерге зер салсақ, 571 жылдың Рабиғұл-аууал айының он екінші жұлдызы Пайғамбардың (с.а.у) туылған күні отқа табынушылардың оты сөніп, кәпірлердің пұттары қирап, әлем нұрға бөленіп, Аллаһ пен ақыреттен үміті бар жандардың тағатсыздана күткен сәті болуымен ерекше.
Мәуліт айын мерекелеуде халықтың арасында Пайғамбарды (с.а.у.) дәріптеп, оған салауат айтып, өнегелі өмірі, салып кеткен сара жолынан, көркем әдебінен нұр шашқан руханиятынан молырақ нәсіп алуға ұмтылып, ұлықтау мақсат тұтылады.
Пайғамбарға салауат айту – дұға, жарылқау, береке тілеу түсінігін береді. Мәуліттегі айтылатын салауат, бұл дүниеде шариғатының үстемдігін және ақыретте үмметіне шапағатшы болуы және сауап, дәрежесін арттыруын тілеу мәнінде айтылады.
Бұл туралы қасиетті Құрандағы «Азғаб» сүресінің 56 аятында Алла Тағала мен періштелер Нәбиге (с.а.у.) салауат айтуда әмір етіліп: «Ей, иман келтіргендер, сендерде Оған (с.а.у.) салауатты айтып, шынайы түрде сәлем беріңдер», – делінген.
Ал Пайғамбардың (с.а.у.) өзінен: «Менің атым аталып, маған салауат айтпаған адам нағыз сараңның өзі», – деген сөз қалған. Осылайша хал үстінде жатқанда да үмметіне ынтызар болған мейірім Пайғамбарына салауат айту біздерге міндет саналады. Оны айтудың артықшылығы – бұл дұғаның қабыл болуының бірден-бір шартында жатыр.
Хазіреті Омардан (р.а.) риуат етілген хадисте: «Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат айтпайынша, дұға аспан мен жердің арасында бөгеліп, көтерілмей тұрады», – делінген. Сондай-ақ салауат айту әрбір мұсылманның екі дүниедегі дәрежесін арттырады. Сөзімізге Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мынандай хадисі дәлел: «Қиямет күні маған ең жақын адам –маған ең көп салауат айтқандарың. Кім маған бір рет салауат айтса, Алла Тағала оған он рахмет жолдайды, оның он күнәсі кешіріліп, он дәрежесі көтеріледі», – делінген.
Бүгінде мәулітті «мереке емес» деп жоққа шығаратындар кезігіп жүр. Бұл орайда оның дұрыс, бұрыстығын байыптау маңызды.
Мәуліт алғаш шыға бастағанда да адамдар арасында пікір айырмашылықтарын тудырған. Дегенмен сол дәуірдің ғұламалары бұл істің бидғатқа жатпайтындығын, керісінше мұстахаб (жақсы көрілген) амал екендігін дәлелдегеннен кейін мұсылмандар арасында кеңінен таралған.
Пайғамбардың (с.а.у) дүниеге аяқ басуы – Ұлы Жаратушының ғаламға сыйлаған ең үлкен нығыметі мен жақсылығы екендігін әрбіріміз ұғынуға тиіспіз.
Құранда: «Біз сені ғалам үшін рахым етіп қана жібердік», – деп осы ақиқатты меңзеген Пайғамбар (с.а.у.) арқылы Ұлы Жаратушыны қатесіз танып, оның тура жолын таңдадық. Ақ пен қараны ажыратып, жәннат пен тозақты білдік. Дүниенің мәні мен жаратылыстың мағынасын ұқтық. Ендеше, Пайғамбарымыздың дүниеге келуі – мұсылмандар үшін зор қуаныш. Жаратушы иенің құлдарына жасаған ұлы жақсылығы. Мұндай қуанышты бөлісуді белгілі жүйемен көрсетудің, Алла Тағаланың жақсылығы мен нығыметін шүкір мақсатында жария етудің асыл дінде негізі мен дәлелі жеткілікті.
Өмір жолы бүкіл адамзатқа үлгі болған Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбарлардың соңғысы болғандықтан, оған пайғамбарлықтың кәміл қасиеттерінің берілуі негізді.
Құранның тәжірибе түріндегі тәпсірі болып табылатын өнегелі өмірі бірнеше тұстан өзгелерден ерекшеленеді. Жетімдіктен – мемлекет басшысына, әлсіз шарасыз күйде жапа шегуден – сол дұшпандарына үстем болуға дейінгі өмірдің барлық сатысынан өткен оның тағы бір ерекшелігі – дұшпандарының өзі адамгершілік тұрғысындағы кәмілдігін мойындауында жатыр. Өз тұсында қас жаулары да Мұхаммедтің (с.а.у) адалдығына сеніп, аманатын қалдырса, бүгінде ұстанымдары басқа өзге дін өкілдері де ең ұлы адамның үздігі етуге мәжбүр болды.
Оның (с.а.у.) өмірі әдеп, мәміле, ержүректілік, мәрттік, жолдастық, отбасылық өмірде, басшылықта асыл қасиеттердің асқақ үлгісіне толы. Сондықтан Пайғамбардың (с.а.у.) дүние салғанына он төрт ғасырдан асса да, ол барша мұсылмандардың жүрегінде мәңгі жасай бермек.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Мәулітке байланысты фәтуасы теледидар, БАҚ-тарда кеңінен насихатталып жүргендіктен, мақалада Пайғамбардың (с.а.у.) өмір жолына тоқталмай отырмыз.
Мәуліт тек ән салып, ішіп-жеумен ғана өткізілетін пендешілік мереке емес. Сондықтан ұйымдастырылатын іс-шараларды түрлендіріп, мазмұнын сан-алуан тақырыптармен арттырып отыру халықтың ынта-ықыласын кеңейтері сөзсіз. Бір ай көлемінде аталып өтілетін бұл маусымда Пайғамбардың (с.а.у.) өмірі жайлы кітаптар мен мақалалар оқылып, фильмдер көрсетіліп, уағыздар айтылса, асыл мақсатына сай келер еді.
Мәуліт мерекесі осы жылдың қараша айының 8-жұлдызынан бастап бір ай бойы тойланады.
Алла Тағала әрбір жанұяға нұрын төгіп, Пайғамбардың өмір жолымен жүріп, ізін басқан үмметтерінің қатарынан болуды жазып, оның шапағатын нәсіп етсін! Мәуліт барша шаңыраққа береке-бірлік, Тәуелсіз елге рухани қуанышын сыйлағай!
Берік қажы СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазалы аудандық орталық «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы