Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сабаққа бармау: себеп пен салдар

Сабаққа бармау: себеп пен салдар

Қазіргі қоғамда оқушылардың білімге деген ынтасы жиі талқыға түсіп жүр. Бірі оларды «еріншек», «сабаққа құлықсыз» деп бағаласа, енді бірі бұл жағдайдың астарында терең себептер бар екенін алға тартады. Расында, бүгінгі жас буын – ақпаратты тез қабылдайтын, жаңа технологияны еркін меңгерген ұрпақ. Сонымен қатар олардың мектепке баруға деген қызығушылығының төмендеуі де байқалады.
Халықаралық ұйымдардың деректеріне сүйенсек, мектептегі психологиялық ахуал оқушының оқу үлгерімі мен белсенділігіне тікелей әсер етеді. Мәселен, ЮНИСЕФ мәліметі бойынша, әрбір үшінші оқушы буллингке ұшырайды немесе соның куәсі болады. Бұл өз кезегінде білім алуға деген ынтаның әлсіреуіне әкелуі мүмкін.
Жуырда бір топ жасөспіріммен ашық әңгімелесудің сәті түсті. Алғашында олардың жауаптары қарапайым көрінді: «Сабақ қызықсыз», «Іш пыстырады». Бірақ бұл сөздердің артында әлдеқайда күрделі себептер жатқанын сезу қиын емес еді. Әңгіме тереңдеген сайын, олардың ішкі күйі біртіндеп ашыла бастады.
Кейбірі сыныпта өздерін жайсыз сезінетінін айтты. Әсіресе сыртқы келбетке қатысты айтылатын ескертулер мен мазақ сөздер олардың жанына қатты бататынын жасырмады. Бір оқушы: «Киіміме қарап күледі», – десе, енді бірі: «Толықтығым үшін әзілдейді», – деп қысылып қана жеткізді. Бұл жай ғана әзіл емес, тұлғалық қалыптасуына кері әсер ететін буллингтің түрі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы буллингке ұшыраған оқушыларда мазасыздық, өз-өзіне сенімсіздік және мектепке барудан қашу сияқты белгілер жиі кездесетінін атап өтеді.
Алаңдатарлығы, мұндай жағдайлар кейде елеусіз қалып жатады. Оқушының жан дүниесінде болып жатқан өзгерісті байқамау, оны «өтпелі кезең» деп елемеу — мәселені одан әрі тереңдете түседі. Өйткені жасөспірім кезең – адамның ең сезімтал, ең нәзік шағы.
Сонымен қатар, кей оқушылар мұғалімдермен қарым-қатынастың жеткіліксіздігін де атап өтті. «Мұғалімдер бізді түсінбейді», «Тек талап етеді, бірақ тыңдамайды» деген сөздер жиі қайталанды. Бұл – ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыстың әлсіреп бара жатқанын көрсететін белгі.
Шын мәнінде, білім беру тек ақпарат жеткізу емес. Ол – қарым-қатынас, сенім, түсіністік. Егер оқушы өзін қауіпсіз әрі бағалы сезінбесе, оның білімге деген ынтасы да төмендейді. Мұғалім мен оқушы арасында шынайы байланыс орнамайынша, оқу үдерісі толыққанды жүзеге аспайды.
Қазіргі жасөспірім – бұрынғы буыннан өзгеше. Олар сезімтал, ішкі әлемі бай, бірақ сонымен бірге нәзік. Ақпарат ағыны жылдам заманда өсіп келе жатқан бұл ұрпақ тек білімді ғана емес, сонымен қатар психологиялық қолдауды да қажет етеді. Егер біз осыны ескермей, бұрынғы көзқараспен қарауды жалғастыра берсек, олардың ішкі жан дүниесін түсінбей қалуымыз мүмкін.
«Оқушылар ерінеді», «ынтасы жоқ» деген пікірлер жиі айтылады. Алайда бұл мәселенің сыртқы көрінісі ғана. Оның түп-тамырында — түсінбеушілік, қолдаудың жетіспеуі, кей жағдайда тіпті қорқыныш пен сенімсіздік жатыр.
Егер мектеп қабырғасында буллингке жол берілсе, егер оқушы өз ойын ашық айта алмаса, мұғалім мен оқушы арасында шынайы диалог болмаса — онда білім беру жүйесінің басты мақсаты толық орындалды деу қиын. Бұл – тек бірен-саран жағдай емес. Қазіргі қоғамда белең алып келе жатқан күрделі мәселе. Оны уақытында байқап, шешуге ұмтылмасақ, ертең оның салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.
Сонда болашақ білімді ұрпақтың жағдайы не болмақ?
Бұл сұрақ әрқайсымызды ойландыруы тиіс. Өйткені бүгінгі оқушы – ертеңгі қоғамның тірегі. Оның тек білімді болуы жеткіліксіз, ол ең алдымен өзіне сенімді, психологиялық тұрғыда мықты тұлға болып қалыптасуы қажет.
Сондықтан мектеп тек білім ордасы ғана емес, әр баланың өзін қауіпсіз сезінетін, құрметке ие болатын, еркін ойлай алатын ортасы болуы тиіс. Ал бұл орта – мұғалімнің ықыласынан, ата-ананың қолдауынан және қоғамның назарынан құралады.
Әрбір сабаққа барғысы келмеген оқушының артында айтылмаған бір себеп бар. Сол себепті есту – бүгінгі күннің ең маңызды міндеттерінің бірі.
Мирамкүл ШАМШАЕВА
08 сәуір 2026 ж. 44 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930