Тымаққа салу – озық жетістік
Бірер жыл бұрын босану кезінде нәрестем әлсіз туылғандықтан, облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығына жатуымызға тура келді. Сол жерде байқағаным, түрлі себептермен мерзімінен ерте туылған балаларға төрт түлік малдардың табиғи жүнінен жасалған киімдер кигізуі. Әдепкіде «Медициналық мекемеде дәстүрлі әдісті қолдану қалай болады?» деген таңданысым болғанымен, ойыма ата-бабамыздың шала туылған шақалақтарды тымаққа салып өсіретін үрдісі оралғанында, еріксіз «таңдай қақтым».Екінші бесік
Қазір қандай екенін білмеймін, ауылдық жерде өскен біз өткен ғасырдың 80-90 жылдары бұл амалды жасаған адамдарды көріп өстік. Ел арасында шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар.
«Шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге, ұстауға ыңғайлы болады. Және сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан, күн кереге басы арқылы есептеледі. Мысалы, қырық күні кем болса, керегенің қырқыншы басынан бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған баланың рәсімі жасала бастайды», – дейді Батыр ана Гүлжамал Нұркелдіқызы.
Ел арасында «шала туып тымаққа салып өсірген» деген сөздер жиі естіледі. Ол туралы дереккөздерге жүгінсек, оның дара дәстүр болғандығын ұғынамыз.
Әлкей Марғұланның «Қазақ халқының қолданбалы өнері» кітабында академик тымақ қылшығының биологиялық қасиетіне тоқталады.
Қазақтар шала туған балаға тек түлкі тымақты немесе түйе жүнін неге таңдағанына тоқталады. Түлкі жүні өте жеңіл әрі жылуды керемет сақтап, түйе жүні теріні «шағып», сәбидің жүйке жүйесіне импульс беретіні айтылады
Бауыржан Момышұлы: «Ұшқан ұя» шығармасында тымаққа салудың тәрбиелік және салттық жағы суреттеледі. Автор баланың тымақ ішіндегі күндерін санау дәстүрін сипаттайды. Мәселен, егер бала жеті айлық болып туса, ол қалған екі айын яғни 60 күнін тымақта өткізетінін жазған.
Еңбекте тымақтың кереге басына ілінуі – баланы жердегі суықтан, сыз бен желден қорғаудың символы. Бұл жерде тымақ ана құрсағының қызметін атқаратын «екінші бесік» ретінде сипатталады.
Ел арасында баланы тымаққа салып, керегенің басына іліп қоюдың да өзіндік мәні бар. Сәби ана құрсағында қалған күндерін осы тымақта өткізіп, «толық адам» деңгейіне жеткенде ғана жерге түсірілген.
Өлі қылшық қалай қалыптасады
Кішкентайымызда аналарымыз қолымен тоқыған киімдерін алдымен ыстық суға салатын. Мұның сырын Роза Баймаханова жеткізді.
«Жүннен тоқылған киімді, алдымен ыстық суға салудың астарында үлкен технологиялық және гигиеналық мән жатыр. Аналарымыз бен әжелеріміз кетіруге тырысқан «қылшықтың» бірнеше түрі бар. Алғашқысы – өлі қылшық. Бұл – жүннің ішіндегі ең қатты, жуан және иілмейтін талшықтар. Оның өзегі бос болады, бояу алмайды және иіргенде жіптің арасынан қылтиып шығып тұрады.
Бұл қылшық адамның өте нәзік терісін жай ғана «шағып» қоймайды, оны зақымдауы, тіпті сызып тастауы мүмкін. Жүн талшықтары ыстық судан жұмсарады, ал өлі қылшықтар судың әсерінен жіптің бетіне шығады немесе морт сынып, бөлініп қалады.
Жүннің құрамында табиғи жануар майы болады. Олардың пайдасы көп. Бірақ тазаланбаған жүнде ол өте қою және иісі ауыр болуы мүмкін. Ыстық су әсерінен жүннің «шөгуі» және тығыздығы қалыптасады.
Медицинада дәлелденген
«Сіз перзентханада көрген жүннен тоқылған киімдер – төл салттың ғылыми дәлелденген заманауи жалғасы», – деп бастады әңгімесін дәрігер Айгүл Медетбаева.
«Бүгінде әлемдік медицинада шала туған балаларды күтуде «Кенгуру әдісі» мен табиғи жүннен тоқылған киімдер ресми түрде қолданылады. Шала туған баланың терісі өте жұқа, май қабаты жоқ болғандықтан, ол жылуды тез жоғалтады.
Бұл табиғи киімдер баланың дене температурасын сақтап қана қоймай, оның орталық жүйке жүйесін үнемі ояу ұстайды. Жүннен жасалған бұйымдардың микро-массаждық қасиетімен нәрестенің нәзік терісін үнемі тітіркендіріп, баланың шеткері қан айналымын жақсартып, ісікті қайтаратыны туралы зерттелген. Сәбидің тыныс алуын жиілетіп, ұйқы кезінде тынысы тоқтап қалу қаупін азайтады. Таза жүннен тоқылған киімдер дене температурасын тұрақты ұстап, баланың энергиясын жылынуға емес, салмақ қосуға бағыттайтыны дәлелденген. Бұл — шала туған баланың өмір үшін күресуіне көмектесетін ең қарапайым әрі тиімді құрал», – дейді.
Тымақпен өскен баланың бірімін
Алпысты алқымдаған Гүлзира Сейітқызы – Әйтеке би кентінің тұрғыны.
«Туыстарымның арасында Шалагүл, Тымақгүл деген қосалқы аттарым әлі де айтылады. Жас кезімде ренжитінмін. Өсе келе мені сақтап қалған сол тілеу мен сенім, әркеттерге ризашылық сезімі ояна бастады. Үнемі айта бермейтінмін. Сізден естіген жаңалығым бала күнімді есіме түсірді.
Анамыз – шопанның көмекшісі. Сақпанның кезі. Мал басын қалай аман алып қаламын деп шапқылап жүріп, өзін қайдан күтсін. Мені айы-күні жетпей толғатып қалыпты. Айдаладағы малшының үйінде қандай жағдай болсын?.. Керегеге ілініп тұрған тымақтағы мені «тірі ме?» деп қарап қояды екен. Шүкір, жаман емеспін. Немерелердің қызығын көріп отырмыз. Енді шөбере сүйсек пе деп дәмеленеміз.
Тағы бір айтайын дегенім. Ата-анам баланың бұғанасы тез бекісін деп жас малдың омыртқасын есіктің жақтауына іліп қойса, үлкендердің бірі «жамандық шақырады» деп алдырып тастапты. Осының сырын әлі білмей жүрмін», – дейді ол.
Бізге жеткен деректер көрсеткендей, тымаққа салу сынды тәжірибе тек қазаққа ғана тән емес болып шықты. Бірақ әр халықтың өз ерекшелігі бар. Мәселен, Скандинавия елдері Исландия мен Норвегияда шала туған балаларды қой жүнінен яғни мериностан жасалған көрпелерге орау – ежелгі дәстүр. Латын Америкасындағы Колумбияда алғаш рет баланы ананың жалаң төсіне басу пайда болған. Бұл да дене жылуын сақтауға негізделген.
Медицинада «термореттеу» деген ұғым бар. Бұл шала туған сәбидің денесі жылу сақтау әдісі. Ертеде сыртқы суықты өткізбей, ішкі жылуды тұрақты ұстайтын табиғи термостат қызметін түлкі тымақ немесе қой жүнінен жасалған бас киімдер атқарған. Кешегі тымақ – бүгінгі инкубатор –кувездің алғашқы нұсқасы. Бабадан жеткен «тымаққа салып өсіру» салты – көшпелілердің жоғары деңгейдегі биологиялық білімінің айғағы. Бүгінгі перзентханалардағы жүн шұлықтар – сол білімнің заманауи медицинамен ұштасқан сәті. Қазақ халқының ежелгі медициналық білімі мен қазіргі заманғы неонатологияның таңғажайып үндестігі кімді болса да тәнті етеді.
Дайындаған Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ












