Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сынға қалмау һәм сырғалының сыйы

Сынға қалмау һәм сырғалының сыйы

Қазіргі қоғамда отбасы құру дәстүрлері мен діни ұстанымдар жиі талқыға түсуде. Соның бірі – мәһр мәселесі. Исламдағы әйелдің құқығын айқындайтын маңызды ұғымдардың бірі – мәһр сұрау мәнін біліп жүрміз бе? Ол рухани сый ма, әлде материалдық бәсеке ме? Көлемі қандай? Қоғамдық көзқарастағы қарсылық пен қолдаудың үлес салмағы қандай? Сараптадық.
Қайырлы әйел қасиетін қастерлер
Мәһр – неке қиылған кезде күйеу жігіттің қалыңдығына беретін сыйлығы. Бұл сыйлық әйелдің жеке меншігі болып саналады және оған ешкімнің қол сұғуына рұқсат етілмейді. Діни тұрғыдан алғанда, мәһр – қалыңдықтың «құны» емес, ер адамның болашақ жарына деген құрметі мен жауапкершілігінің көрінісі.
«Ханафи мәзхабы бойынша мәһрдің ең төменгі мөлшері – 10 дирхам. Бұл шамамен 32 грамм күміске немесе 4 грамм алтынға тең келеді. Мәһрдің жоғарғы мөлшеріне шектеу қойылмайды. Пайғамбар хадистерінде «Әйелдердің ең қайырлысы – мәһрі жеңіл болғаны» деп айтылған», – дейді дінтанушы Мұрат Еркебайұлы.
Танымал дінтанушы, құрантанушы және исламтанушы Айнұр Әбдірәсілқызы мәһр мәселесін шариғат талаптары мен қазақы дәстүр аясында түсіндіріп жүрген сарапшы. Оның тақырып туралы көзқарасы мен ұстанымдарын негізге алсақ, мәһр – әйелдің ақысы. Күйеуінің мойнына жүктелген неке сыйы, әйелдің жеке меншігіне берілетін діни міндеттеме. Мақсаты әйелдің құқығын қорғау және оның ері алдындағы мәртебесін көтеру екенін, ал қалыңмал – дәстүрлі сыйлық екенін атап көрсетеді.
Мөлшері мен сипаты жайынан мәһр ретінде берілетін зат материалдық құны бар, халал яғни рұқсат етілген және қолжетімді болуы шарт екендігін айтады.
Мәһрді беру уақыты туралы маман былай дейді: «Мәһр неке қию кезінде берілуі мүмкін «мәһр муғажжаль» немесе кейінге қалдырылуы мүмкін «мәһр му-әжжаль». Егер уақыты келісілсе, сол уақытта берілуі міндетті. Егер ерлі-зайыптылар ажырасса немесе күйеу қайтыс болса, мәһр кешіктірілмей әйелге берілетінімен бөліскен.
Мәһр мөлшері күйеу мен қалыңдықтың өзара келісімі арқылы белгіленеді. Ол тек ақша түрінде ғана емес, алтын-күміс, мүлік немесе кез келген құнды сыйлық болуы мүмкін. Сонымен қатар, әйел адам мәһр мөлшерін азайтуға немесе мүлде бас тартуға құқылы.
Құр сыйлық емес, қорғаныс тетігі
««Маһр» деген араб тілінде «беру», «сыйлау» дегенді білдіреді. Әу баста араб түбегіндегі жергілікті дәстүр Ислам келген соң, дін дәстүріне айналып, шариғатқа енді. Оның мақсаты әйелді қаржылық тұрғыдан тәуелсіз ету», – дейді қоғам белсендісі Шыңғыс Мұқан. Ол өз жазбасында мынандай пікір қалдырған.
«Соңғы 1-2 жылда елімізде мәһр тақырыбы талқыланып кетті. Діннің негізгі мақсаты – адамды рухани биікке көтеру. Ал біз мәһрді дінмен байланыстырамыз да, оны материалдық деңгейге дейін төмендетіп жібереміз. Илон Маск ғарышты игеремін деп адамзаттық деңгейлерді талқалап жатса, біз мәһрді талқылаймыз. Егер маһр берген кезде жастар бақытты болып кететін болса, Қазақстандағы әрбір екінші отбасының соңы қазіргідей күйреп тынбайтын еді», – деген.
Болашақ әлеуметтанушы Балауса Алданбай бұл көзқарасқа қарсы.
«Исламда мәһр әйелдің әлеуметтік және материалдық қорғанысының бір тетігі ретінде қарастырылады. Ертеректе ол әйелге ажырасқан немесе жесір қалған жағдайда күн көруге көмектесетін қаражат болған. Бүгінде де оның мәні өзгерген жоқ – бұл әйелдің қадір-қасиетін айқындайтын маңызды институт», – дейді бізбен әңгімесінде.
«Егер неке кезінде мәһр мөлшері белгіленбей қалса, кейін күйеуінің туыстары орташа көлемде сый беріп, қарыздан құтылғаны дұрыс. Ал мәһр мүлде берілмесе де, неке бұзылмайды.
Ал мәһр туралы уәде еткен ер адам бұл қарыздың өмірінің соңына дейін өтеуі тиіс. Ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда да мәһрді толық беру керек дейді», – имам Самат Керімбекұлы.
Ысырап пен ынсап
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, мәһр – ер адамның әйелге деген шынайы ықыласын білдіру амалы. Яғни сатып алу немесе сауда емес, керісінше, некенің мәнін тереңдететін рухани әрі әлеуметтік міндет.
Тақырыпты зерттеу барасында көпшілік әлі күнге дейін мәһр мен қалың малдың айырмашылығын білмейтінін аңғардық. Қалың мал — дәстүр бойынша қыздың ата-анасына берілетін көмек немесе сый болса, мәһр — шариғат бойынша тікелей қыздың жеке меншігіне өтетін дүние.
Мәһр туралы сауалнамамызға қатысқан 12 адамның бір тобы қолдап, әйелдің экономикалық кепілдігі, «қауіпсіздік жастығы» деп есептеген. Отбасын тастап кекен әкелер олқылығын аз уақыт болса да толтыру амалы деп санайған.
Қарсылық танытушылар қатары қолдағандарға қарағанда аз. Алайда ашық пікірлерін ортаға салып, көпке жеткізуімсізді сұрады.
Нұрбек есімді азамат: «Жат ағымдардың ықпалы. Салтымызда жоқ нәрсе. Әже, аналарымыз мәһрсіз де мәнді өмір сүрген», – десе, «Зайырлы елде тұрып, мәһрге мемлекеттік мән беру дегенге, өз басым, қарсымын. Бұл әйелді саудалау, сондай-ақ материалдық талаптардың шектен шығуы деп қабылдаймын. Меніңше қарсылық танытатындар көп. Салдарынан қанша жұптың арасына жік түскенін көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр», – деген Альбина.
«Қазіргі таңда «мәһрге пәтер, қымбат көлік сұрау» үрдісі әлеуметтік мәселеге айналды. Бұл орынды қозғалған мәселе», – десе Қайрат. Нұрсипат: ««Мәһр сыйлау дұрыс па? Бұрыс па?» дегеннен гөрі «мәһрді беремін», «аманатыма адал боламын» деп Алланың үйінде мұсылмандық, азаматтық сөзін беріп, кейін оны орындамай кететін ерлер жауапкершілігі жайлы сөз қозғалатын уақыт жетті деп ойлаймын», – дейді.
Соңғы жылдары Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде «шу» тудырған, қоғамда қызу талқыланған бірнеше мәһр оқиғалары бары рас. Бұл мысалдар мәһрдің рухани құндылықтан материалдық бәсекеге айналып бара жатқанын көрсетіп отыр.
«TikTok», «Instagram» әлеуметтік желілерінде келіншектердің мәһрге не сұрағанын мақтанышпен айтуы үлкен резонанс тудыруда. Қымбат гаджеттер: соңғы үлгідегі iPhone телефондарын мәһрге сұрау қалыпты жағдайға айналып үлгерген.
«Не сұрауға да болады. Себебі, қандай жағдай болса да, қыз берген жақ ұтылады. Фирмалық киімдер, трендтегі ыдыстар, тұрмыстық-техникалық заттарды алып жатқанда, сөз етпеген жігіт жағы неге маһрді артық көреді? Мен өз пәтерім, көлігім, жұмысым бар қызбын. Тұрмысқа шықсам, күйеу болған жігіт еш нәрсеге қиналмайды. Мәһрді жай ғана сыйластық өлшемі деп білемін», – дейді Аруназ.
Материалдық дүниеден бөлек, бүгінгі трендте «тәжірибелік мәһрлер» де бар. Қалыңдықтар Дубайға немесе Еуропаға саяхат, болмаса ата-анасымен бірге қажылыққа баруды мәһр ретінде бекітіп жатады. Шымкенттік бір қалыңдық мәһрге екі жақтың ата-анасына Ұмра қажылығына жолдама сұраған. Оқиға «ең берекелі мәһр» ретінде бағаланғанымен, жігіттің қалтасына ауыр салмақ салатыны анық.
Қалыңдықтың «Gelandewagen» автокөлігі мен Алматының орталығынан пәтер сұрағаны туралы видеосы мыңдаған рет бөлісілген. Пікір жазушылардың басым бөлігі: «Бұл неке ме, әлде бизнес-жоспар ма?» — деп ашынған. Статистер мұндай «аспандағы» талаптар көптеген жас жігіттердің отбасы құрудан сескенуіне әкеліп соқтырғанын алға тартады.
Желіде «Мәһрге 1 кітап сұрадым» немесе «Құран оқып беруін өтіндім» деген қыздардың әрекеті де қызу талқылануда. Бір тарап мұны «шынайы махаббат пен қарапайымдылық» десе, келесілер «бұл әйелдің өз құқығын аяққа таптауы, ертең ажырасса далада қалады» деп сынға алуда.
Дәстүрдің озығы ма, тозығы ма?
Деректерге сүйенсек, кейбір мұсылман елдері үшін мәһр — ресми заңды құжат. Онсыз неке қиылмайды. Мәселен, Иранда мәһрдің көлемі тым жоғары болғандықтан, оны төлей алмаған еркектер түрмеге де жабылуы мүмкін.
Батыс елдерінде де мәһрге ұқсас «Pre-nuptial agreement» яғни неке шарты үрдісі бар. Бұл – екі жақтың мүлкін заңды түрде бөліп, кепілдік беретін құжат.
Үндістанда «Даури» аталатын мәһрге кереғар дәстүр екен. Онда қыз жағы жігіттің отбасына ақша немесе мүлік береді. Бұл Үндістанда үлкен әлеуметтік мәселе.
Ежелгі Римде күйеу жігіттің қалыңдыққа неке құрметіне сыйлайтын мүлкі болған.
Орталық Азиялық мемлекеттер мәһрді қыздың әулетіне берілетін мал немесе ақша деп қарайды.
«Ата-бабаларымыз «мәһр» дегенді білген және қолданған. Бірақ қазақ қоғамында оның атқаратын қызметін көбіне «қалың мал» мен «енші» және «жасау» дәстүрлері толықтырып тұрған. Бұл мәселенің тарихи және этнографиялық астары мынада.
Қазақ даласында Ислам діні орныққаннан бері неке қию рәсімінде имам міндетті түрде күйеу жігіттен мәһрге не беретіні туралы сұраған. Бірақ ол кезде сыйға қазіргідей пәтер немесе көлік емес, көбіне мал түйе, ат немесе бағалы бұйымдар аталған.
Көптеген зерттеушілер мен этнографтардың пікірінше, қазақ дәстүріндегі қалың малдың бір бөлігі іс жүзінде мәһрдің міндетін атқарған. Мысалы, анасына берілетін «сүт ақысы», әкесіне берілетін «Тірілей», тікелей қыздың меншігіне қалатын мал немесе дүние «Мәһр» қалың мал төленген кезде қыздың жеке үлесі де ескерілген. «Өлі-тірі» және «Сәукеле» құны. Ата-бабаларымыз мәһрді жеке атамаса да, оны қыздың жасауына қосқан. Күйеу жағынан келген малдың орнына қыздың әкесі одан екі есе артық дүние-мүлік жасау беріп жіберген. Бұл жасау – қыздың жеке меншігі болып саналған», – дейді тарихшы Нұрмахан Ерұлан.
Құқықтық мәртебесі қандай?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәһр – некенің бір шарты емес, бірақ ер адамның әйел алдындағы міндеті екенін, ол неке қию кезінде белгіленуі тиістігін нақтылаған. 2024 жылы басқарма «Егер күйеу жігіт қызға қалыңмал берген болса, онда мешітке барғанда, қалыңдықтың мәһір сұрауға қақысы жоқ» деген пәтуа шығарды.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің шешімі бойынша күйеуі тарапынан берілетін қалыңмалды қыздың разылығымен мәһірге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады.
«Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінде «мәһр» деген ұғым жоқ.
Мешітте қиылған неке куәлігінде жазылған мәһрдің сот алдында заңды күші болмайды. Егер ер адам уәдесін орындамаса немесе ажырасқанда қайтарып алғысы келсе, бұл «сыйға тарту» ретінде ғана қарастырылуы мүмкін.
Неке шарты бойынша, егер әйел адам мәһр деп берілген сыйдың заңды түрде өзінде қалуын қаласа, заңгерлер оны АХАТ бөлімінде тіркелген соң неке шартына жеке меншік мүлік ретінде енгізуді ұсынады. Тек нотариус растаған келісімшарт қана сотта дәлел болады.
Мәһрге берілген көлік немесе пәтер сынды дүние ресми түрде әйелдің атына құжаттандырылуы тиіс. Әйтпесе, мүлікті бөлу кезінде ол «ортақ мүлік» саналып кетуі мүмкін», – дейді заңгер Кәмшат Исмайылова.
Сотқа сүйреген сенім
Мәліметтер мен биресми деректер Қазақстанда мәһрге қатысты заңдық даулар да жиілегенін көрсетіп отыр.
Елімізде үйленерде «үй беремін» деп уәдені үйіп беріп, кейін оны орындамаған еркектер туралы имамдарға шағымданушылар жиілеген.
Ажырасу кезінде мәһрге, қалыңмалға берген алтын бұйымдарын, көлігін тартып алмақ болған ерлердің әрекеті сотқа дейін жеткен істер бар. Осындай жағдайлардан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы мәлімдеме жасап, «мәһрді тым қымбаттатпауға» шақырып, түсіндіру жұмыстарын күшейткен.
Алматы облысында болған бір оқиға заңгерлердің араласуына дейін жеткен. Күйеу жігіт неке қию кезінде мәһрге ұнатқан шетелдік темір тұлпарын алып беруге уәде етіп, куәгерлер алдында қол қойған. Алайда, екі айдан соң ажырасуға бел буғанда, жігіт уәдесінен танып, көлікті бермей қойған. Әйел сотқа жүгінгенімен, неке куәлігінің заңдық күші болмағандықтан, ештеңе өндірілмеген. Бұл оқиға «мәһрді заңмен шегендеу керек пе?» деген үлкен сұрақты тудырды.
Қазақстанда мәһрге қатысты нақты ресми статистика жүргізілмеген. Десе де сарапшылар ойларын әр кезде ашық айтып жүр.
Алғашқысы, қоғамда «престиж факторы» пайда болғандығы. Сырғалының сыйы үшін сынға қалмайын деп тырысып, салдары қиындыққа алып келіп жатқандар қаншама?.. Себебі әлеуметтік желілер әсерінен мәһр жарысқа айналуда. Бұл – діннен гөрі әлеуметтік қысымның белгісін ұғындарады.
Сондай-ақ урбанизацияның да әсері бар. Мысалы қалалық қалыңдықтар көбіне ақша, техника, жылжымайтын мүлік сұраса, ауылдық арулар алтын, смартфон, ақша сынды дүниелер қалаған.
Әлеуметтанушылардың пікірінше, бүгінгі жастар үшін неке – тек отбасын құру ғана емес, белгілі бір деңгейде әлеуметтік статус көрсету алаңына айналған. Бір-бірінің өмірін бақылап, салыстыру арқылы өз талаптарын арттыруда. Салдарынан мәһр көлемі де кей жағдайда шынайы қажеттіліктен емес, қоғамдық қысымнан туындайуда.
Мәһр – исламдағы маңызды құқықтық әрі моральдық ұғым, әйелді қорғаудың тетігі, қоғамдағы экономикалық және мәдени өзгерістердің көрінісі. Оның материалдық құндылықтан бұрын, жауапкершілік пен құрметтің белгісі екеніне наза аудару маңызды. Дін бойынша уәжіп амалдардың бірі неке қиюдың негізгі шартына кірмейді. Яғни, мәһр айтылмай қиылған неке де дұрыс болып есептеледі. Бұл орайда ұғатынымыз, мәһр – некенің жауапкершілігін арттырып, және ерлі-зайыптылар арасындағы құрметті нығайтатын маңызды құндылық. Тек дәстүрді даңғазаға айналдырмасақ етті...
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
08 сәуір 2026 ж. 43 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930