ТАСТАМАШЫ, АНА...
Бұрын көкек ананы тек кинодан көрсек, қазір айналамызда бірге өмір сүріп жүр. Шырылдаған әке, жылаған бала, ізін суытқан ана. Бір емес, шиіттей бала-шағаны көлденең жүрген көк аттыға айырбастағанын қайтерсіз. Бірінен соң бірі дүниеге келіп, енді өсіп келе жатқан балаларын тастап кеткен анаға айтар наз да көп. Ішкілікке салынып, дұрыс ортада жүрмеген көкек аналардың да бары шошытады. Елдегі, аймақтағы жай бөлек. Өзіміздің өңірде орын алып жатқан осындай оқиға өзекті өртемеді дейсіз бе?! Түзде жұмыс істеп, үйде ананың орнына ана болып жүрген әкелер көп. Азанғы, түскі, кешкі асы бар. Жуылар киімі бар. Берер тәрбиесі бір бөлек. Әке ұлға серік болар, ал қызға сырлас бола ала ма? Жалғызбасты аналардың жайы қозғалып жүрген мәселе. Ал жалғызбасты әкелер ше?БИОЛОГИЯЛЫҚ БАСЫМДЫҚ
Кейбір көріктілерден бөріктілер озып кетті. Бүгінде жалғызбасты әкенің саны артты. Көрсеткіштің артуына не себеп? Өз баласын күйеуіне тастап, қара басының қамын ойлап кеткен аналар жауапкершіліктен неге қашады? Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі ер мен әйелдің бала тәрбиесіндегі құқықтары мен міндеттері тең екенін айқындап берген. Алайда сот залдарындағы шынайы көрініс басқаша: ажырасу процестерінің басым көпшілігінде бала анасының қасында қалады. Бұл статистикалық үрдіс «әкелердің құқығы шектеліп жатыр ма?» деген заңды сұрақ тудырады. Сот шешім шығару барысында «баланың ең үздік мүддесін» негізге алады. Халықаралық тәжірибе мен психологиялық зерттеулерге сүйенсек, ерте жастағы бала мен ана арасындағы эмоционалды байланыс – тұлғаның қалыптасуындағы ең маңызды фактор.
Соттардың пайымдауынша, әсіресе бастауыш мектеп жасына дейінгі балалар үшін ананың күтімі мен мейірімі материалдық игіліктерден жоғары тұрады. Сондықтан, егер анасының тарапынан баланың өміріне қауіп төндіретін әлеуметтік жат қылықтар ішімдік, есірткі, психикалық аурулар болмаса, сот «аналық факторға» басымдық береді. Көптеген әкелердің басты аргументі – олардың табысының жоғары болуы немесе жеке баспанасының бар екені. Алайда елдегі сот тәжірибесінде материалдық басымдық шешуші фактор емес. Егер анасының жалдамалы пәтері және табысы орташа болса да, ол баланың базалық мұқтаждығын өтей алса, сот оны баланы тартып алуға негіз деп санамайды. Әкесінің табысы жоғары болса, ол баламен бірге тұру арқылы емес, алимент төлеу арқылы баланың жағдайын жасауға міндеттеледі. Яғни сот «байлықты» ана мейіріміне айырбастамайды.
КӨРІНБЕЙТІН СТЕРЕОТИП
Құқықтық мемлекет болсақ та судьялар – қоғамның бір бөлшегі. Қазақстандағы сот жүйесіндегі соттың басым бөлігі әйелдер екенін ескерсек, мұнда «аналық ниеттестік» немесе қалыптасқан консервативті көзқарас бейсаналы түрде әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, әкелердің жұмыс кестесі көбіне кедергі ретінде қарастырылады. Судья «Әкесі таңнан кешке дейін жұмыста болса, балаға кім қарайды? Әжесі ме, әлде күтуші ме?» деген сұрақты жиі қояды. Бұл жерде сот баланы «нақты кім тәрбиелейтініне» мән береді. Заң бойынша 10 жасқа толған бала сотта өз пікірін білдіруге құқылы. Бірақ бұл «бала кімді таңдаса, сонымен кетеді» дегенді білдірмейді. Судья психолог мамандармен бірге баланың таңдауын талдайды.
Соңғы жылдары Қазақстанда жағдай өзгере бастады. Қоғамда өз құқығын білетін, бала тәрбиесіне анасынан кем емес үлес қосқысы келетін әкелер тобы қалыптасты. Ер адамдар баланы өзіне қалдыру туралы талап-арыздарды жиі бере бастады. Көптеген ерлі-зайыптылар сотқа жетпей-ақ, «ортақ қамқоршылық» моделіне көшуге тырысады. Бұл батыс елдерінде жақсы дамыған, мұнда бала уақытының 50%-ын әкесімен, 50%-ын анасымен өткізеді.
Соттардың баланы анасында қалдыруы – бұл тек қасаң қағида емес, бұл жылдар бойы қалыптасқан әлеуметтік-психологиялық инерцияның нәтижесі. Алайда әкесі баламен эмоционалды байланысын дәлелдей алса, оның өміріне тікелей қатысатын уақыты мен мүмкіндігі болса және баланың мүддесін бірінші орынға қойса, жеңіске жету мүмкіндігі артып келеді. Болашақта Қазақстан соты «кім жақсы ата-ана?» деген сұраққа гендерлік тұрғыдан емес, тек «баланың жан-жақты дамуына кім көбірек жағдай жасай алады?» деген кәсіби тұрғыдан қарауы тиіс.
СТАТИСТИКАНЫ БҮЙ ДЕЙДІ
Ұлттық статистика бюросы елдегі бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ерлер мен әйелдер туралы мәліметті жариялады. Қазақстанда 2022 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша 18 жасқа дейінгі балалары бар 476 мың жалғызбасты әкелер немесе аналар отбасы бар екен. Оның ішінде 423 959-ы балалы аналар отбасы, 52 мыңы – балалары бар әкелер отбасы. Мұнда әке мен ананың – жесір, ажырасқан, ешқашан үйленбеген санаты ескерілгені айтылды. Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті мәліметінше, 2022 жылы 129 707 жұп некеге отырса, 51 220 жұп ажырасқан.
Былтыр елде 120,8 мың неке тіркелген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 5,9 пайызға аз. Жалпы коэффициент мың адамға шаққанда – 6,07. Алғаш рет некеге тұрғандардың орташа жасы ерлер үшін 27,8 жас, әйелдер үшін 25,2 жас болды. Тіркелген некелердің 82,3 пайызы моноэтникалық, яки бір ұлт арасындағы жұптардың отасуы, ал қалған 17,7 пайызы – этносаралық. Ал ажырасу статистикасына көз жүгіртетін болсақ, олардың саны 2022 жылмен салыстырғанда 9,6 пайызға азайып, 40,2 мыңды құрады. Қалада 29,4 мың жұп (73,1%), ауылды жерлерде 10,8 мың отбасы (26,9%) некесін бұзған. Жалпы коэффициент мың адамға шаққанда – 2,02.
Сарапшылар елдегі ажырасудың негізгі себебі деп туыстарының араға түсуін (61%), моральдық шектеулердің болмауын (41%), ажырасу процесінің жеңіл болуын (25%) атап өтті. Сондай-ақ қазіргі замандағы қазақстандық әйелдер мен ерлерге сәйкес келмейтін қатал гендерлік рөлдердің сақталуы, некеге деген көзқарастың өзгеруі де проблемалардың қатарында. Алайда өз баласын өзектен тепкен көкек аналардың жайы, жалғызбасты әкелердің жағдайы назардан тыс қалмаса екен дейміз.
ЖАЛҒЫЗБАСТЫ ӘКЕГЕ КӨМЕК БАР МА?
Соңғы уақытта екі жастың қолдан ажырасуы шығып, біраз адам «қарық» болған. Құжат бойынша ажырасып, көмек не баспана алып құйтырқылықты жүзеге асырды. Сондайлардың кесірінен баласын жалғыз асырап отырған, толық емес отбасына берілер көмек біршама қысқарды. Шын мұқтаждар осылайша көмектен қағылды.
Отбасы бұзылған сайын ол кейбір заң тұрғысындағы проблемаға тап болады. Мәселен, жәрдемақы мен АӘК ресімдеудің күрделілігі, қамқоршылық, алимент, баламен қарым-қатынас жасау құқығы және тағысын тағы. Мұның бәрін әкімшілік-бюрократиялық сипаттағы мәселелердің жиынтығына жатқызуға болады. Жалғызбасты ата-ана баланың заңды құжаттарын рәсімдеуде де көп қиындыққа кездеседі. Мұндай істер бойынша сот бірнеше айға, тіпті жылға созылуы мүмкін. Бұл процесс үшін ата-ананың жұмыстан және басқа да үй міндетінен уақытын алып қана қоймай, көп қаражат жұмсауын талап етеді. Қысқасы, елде ажырасқан көпбалалы ата-ана ғана ай сайын әлеуметтік жәрдемақымен қамтамасыз етілген, сондықтан олар жұмыс істемеуі мүмкін. Жалғызбасты ата-анаға мұндай әлеуметтік көмек жоқ, тіпті бала тәрбиесі мен жұмыс бабын қатар алып жүргендер үшін тіптен еңбек режимі реттелмеген. Ал жалғызбасты әкелер мемлекеттің үй кезегіне де тұра алмайды, бес және одан көп баланы жалғыз тәрбиелеп отырғаны үшін ерте зейнетке де (бұл санаттағы әйелдер 53 жастан зейнетке шығады) шыға алмайды екен. Тіпті, ҚР заңнамалық актілеріне «көпбалалы әке» ұғымын енгізу анаубір жылдары ұсынылыпты.
АЛИМЕНТТІ АНА ДА ТӨЛЕЙ МЕ?
Алименттен жалтарғандарға заң қатал. Былтыр алимент төлемеген әйел түрмеге қамалды. Ананың кәмелет жасқа толмаған балаларына берешегі 3 миллион теңгеден асқан. 2018 жылдан бері алимент төлемепті. Осы мерзім ішінде сот үкімімен келіншек бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылған. Тіпті, шартты түрде бір жылға бас бостандығы да шектелген. Бірақ еш нәтиже шықпаған соң, сот орындаушылары жазаның қатаң түрін қолданыпты. Бас бостандығынан айырылғанымен, оның қарызы өшіп кетпейді. Егер сот орындаушы жұмысқа тұрғызатын болса, орындау парағын сонда жіберіп, алты ай мерзім күтеді. Шыққаннан кейін алты айдың алиментін тағы да есептеп қосып береді. Сонымен, бірталай ақша болайын деп тұр.
Алимент төлеуден қашып жүрген әкелердің орнын аналар басуда. Бауыр еті баласынан бас тартып, ана деген атынан айырылғандардың тым артып бара жатқаны алаңдатпай ма? Ал қоғамда жалғызбасты аналармен салыстырғанда, жалғызбасты әкелерге көзқарас та, қолдау да бөлек. Қазақстандағы әрбір бесінші отбасы – дара ата-ана. Ресми некеде 76,5 пайыз жағдайда отбасын ер адам басқарады. Ал азаматтық некеде, керісінше әйел басқаратын отбасы моделі 2 есе жиі кездеседі. Яки, азаматтық некедегі әрбір оныншы отбасында әйел адам басшы. Біздің қоғамда ерлер мен әйелдердің әлеуметтік рөлдеріне қатысты түсініктер қалыптасқан. Ер адам отбасын асыраушы, ал әйел үйдің шамшырағы. Бірақ қазір осы заңдылықтың бұзылғанын көреміз. Жалғызбасты әкелердің көбеюі азаматтық неке саны артып, ажырасу көбейгенінен.
ӨЗГЕ ЕЛДЕ ТӘЖІРИБЕ БАСҚА
Шетелдік тәжірибеде әсіресе Батыс Еуропа, АҚШ және Скандинавия елдерінде баланың тағдырын шешуде «гендерлік бейтараптық» пен «ортақ қамқоршылық» принциптері алдыңғы орынға шыққан. Оларда «бала міндетті түрде анасымен қалуы керек» деген түсінік ескірген концепция саналынады. Еуропаның көптеген елдерінде мысалы, Швеция, Норвегия, Францияда ажырасудан кейін ата-ананың құқығы автоматты түрде тең сақталады. Бала уақытының жартысын әкесінің үйінде, жартысын анасының үйінде өткізеді. Бұл «баланың екі ата-анасымен де байланысын үзбеу құқығы» деп түсіндіріледі. Білім алу, медициналық көмек немесе елден шығу мәселелерін ата-ана бірлесіп шешуге міндетті. АҚШ-тың көптеген штаттарында соттар баланың үйреншікті ортасын бұзбауға тырысады. Егер әкесі баланың күнделікті өміріне сабағына дайындау, үйірмеге апару, тамақ пісіру сынды жүктемеге анасымен бірдей қатысқанын дәлелдесе, сот баланы әкесіне қалдырудан қорықпайды. Мұнда «басты тәрбиеші» деген ұғым бар. Кім баламен көбірек уақыт өткізсе, соған басымдық беріледі.
Шетелде алимент тек «балаға берілетін ақша» емес. Егер бала екі үйде кезектесіп тұрса, онда табысы жоғары ата-ана табысы төмен ата-анаға баланың өмір сүру деңгейі екі үйде де бірдей болуы үшін ақша төлеуі мүмкін. Кейбір елдерде мысалы Германияда әкесі баланы өз қарауына алса, анасы алимент төлеуге міндеттеледі. Заң алдында «ана» немесе «әке» деген бөлініс жоқ, тек «ата-ана» деген ұғым бар.
Скандинавия елдерінде (Швеция, Исландия) «әкелерге арналған декреттік демалыс» міндетті деуге болады. Бұл ерте жастан бастап әке мен бала арасындағы тығыз эмоционалды байланысты қалыптастырады. Нәтижесінде, ажырасу кезінде сот «әкесі балаға қарай алмайды» деген аргументті қолданбайды, себебі әкесі бала жөргектегі кезінен бастап оны бағуды меңгерген. Шетелде сот – ең соңғы инстанция. Оған дейін ата-аналар міндетті түрде медиаторлармен жұмыс істейді. Баланы сот залына сүйремей, ата-ананың өзара келісімге келуіне жағдай жасайды. Егер әкесі балаға жақсы жағдай ұсынса және бала соны қаласа, психологтардың қорытындысы сот шешімі үшін басты негіз болады.
Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, баланың бақыты ата-ананың жынысына емес, олардың жауапкершілігі мен балаға бөлетін уақытына байланысты. Қазақстан да біртіндеп осы «ортақ қамқоршылық» моделіне қарай бағыт алып келеді.
НЕ ІСТЕМЕК КЕРЕК?
Қазіргі заңнамада бала не анасымен, не әкесімен қалуы тиіс деген таңдау бар. Шешімі қандай? Заңға «ортақ физикалық қамқоршылық» ұғымын енгізу қажет. Бұл баланың уақытын екі ата-ананың арасында тең бөлуге құқықтық негіз болады. Бұл баланы «бөлісу» нысаны емес, екі жақтың да жауапкершілігі ретінде қарастыруға жол ашады. Сот залы – екі жақ бір-бірін айыптайтын майдан алаңы. Бұл атмосфера баланың психикасына ауыр соққы береді. Ажырасу процесінде бала тағдырына қатысты мәселелерді шешу үшін міндетті психологиялық-медиациялық сессияларды енгізу керек. Мұнда мақсат – жеңімпазды анықтау емес, ата-ананың өзара келісімге келу мәдениетін қалыптастыру. Сот шешіміне әсер ететін гендерлік стереотиптерді жою қажет. Ювеналды сот судьялары мен сот психологтары үшін гендерлік бейтараптық бойынша арнайы тренингтер өткізу керек. Бағалау критерийлерін нақтылау «анасы ма, әкесі ме?» дегеннен гөрі, «баламен эмоционалды байланысы кімде күштірек?» және «кім баланың дамуына нақты уақыт бөле алады?» деген сұрақтарға басымдық беру керек. Бұл жерде көкек ананың жауапсыздығын, тиран әкенің қатігездігін де еске алған жөн.
Қоғамдағы «әке – тек ақша табушы» деген түсінікті өзгерту керек. Мемлекеттік деңгейде «Әкелер күнін» насихаттау ғана емес, ер адамдардың бала күтіміне араласуын ынталандыру қажет. Мәселен, ер адамдарға арналған міндетті «әкелік декреттің» бір бөлігін (айырылмайтын квота) енгізу. Бұл ер адамның балаға қарау дағдысын ерте қалыптастырады.
Алимент тек жазалау құралы болмауы тиіс. Егер әкесі баланы өз қамқорлығына алып, уақытының едәуір бөлігін бірге өткізсе, алимент мөлшерін төмендету немесе қайта есептеу тетіктерін қарастыру. Бұл әкелерді баламен көбірек уақыт өткізуге материалдық тұрғыдан да ынталандырады. Біз дейміз-ау, қоғам оған бағына қоймас, сірә...
ТҮЙІН:
Баланың екі қанаты бар. Бірі – анасы, енді бірі – әкесі. Бір қанатын қиып тастап, баладан биікке ұшуды талап ету мүмкін бе? Сондықтан сот жүйесі мен қоғамдық сана «жеңген ана» немесе «ұтылған әке» концепциясынан бас тартып, «бақытты бала» мүддесіне көшуі тиіс. Шешім жолы – тең құқық пен ортақ жауапкершілікте. Қазақстан қоғамындағы «жалғызбасты әке» феномені – бұл тек демографиялық өзгеріс емес, бұл ер адамның отбасындағы рөлінің қайта қаралуы. Біздің сот жүйесі мен әлеуметтік институттарымыз үшін басты мақсат – «жеңімпаз ата-ананы» емес, «бақытты баланы» анықтау болуы тиіс. Қош. Бала тәрбиесінде «қосалқы рөлдер» болмауы керек. Әке – тек қаржыландырушы емес, ол – баланың тұлға болып қалыптасуындағы екінші тірек. Біздің соттар мен қоғам ананың мейірімі мен әкенің қорғанысын бір таразыға қойып өлшеуді тоқтатып, олардың бірлескен жауапкершілігіне жол ашуы қажет. Тек сонда ғана біз толыққанды, психологиялық сау ұрпақ тәрбиелей аламыз. «Басы ауырмағанның балтыры сыздағанмен шаруасы жоқ» деген бар. Қоғамның әкелердің баланы жалғыз асырап, шарасыз күй кешкенін қабылдауы қиын. Ол арланады, намыстанады. Қандай көмек барын білмейді. Онысын да көпке көрсеткісі келмейді. Ананың орнын әке, әкенің орнын ана баса алмасы анық. Ал тоғыз ай бойы тар құрсағына кеңейтіп, өлім мен өмір арпалысында дүниеге әкелген сәбиін тастап кете салу соншалықты жеңіл ме?
Айнұр ӘЛИ













