Тоғызқұмалақтың халықаралық мәртебесі жаһандық форумда талқыланды

Фото интернеттегі ашық дереккөзден алынды
Әлихан Байменов Дүниежүзілік этноспорт одағының басшысы Біләл Ердоғанға тоғызқұмалақ тақтасын тарту етті.
Анталья қаласында Дүниежүзілік этноспорт одағының арнайы жаһандық басқосуы – Ethnosport 2027 форумы өтті. Онда тоғызқұмалақтың халықаралық мәртебесі талқыланды, деп хабарлады Қазақстан Тоғызқұмалақ спорты федерациясының баспасөз қызметі.
Жиын барысында ұлттық спорт түрлерін біріктіріп, жаңа деңгейде халықаралық жарыстар ұйымдастыру жөнінде маңызды шешімдер қабылданды. Форумның ашылу рәсімінде Түркия парламентінің төрағасы және Дүниежүзілік этноспорт одағының басшысы Біләл Ердоған сөз сөйледі.
Іс-шараға Дүниежүзілік тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әлихан Байменов, бас хатшы Мақсат Шотаев және Дүниежүзілік тоғызқұмалақ спорты федерациясының вице-президенті, Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әкім Тұрсұн қатысты. Олар тоғызқұмалақ ойынының Ethnosport 2027 аясында лайықты орын алуы қажеттігін айтып, оны халықаралық деңгейде дамыту бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Форум барысында тоғызқұмалақ қауымдастығының делегациясы және Түркия Тоғызқұмалақ федерациясының төрайымы Жанам ханым бірқатар екіжақты және көпжақты кездесулер өткізді.
Сондай-ақ Дүниежүзілік этноспорт одағының басшысы Біләл Ердоғанға қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақ тақтасы тарту етілді. Түркияның Ұлттық Ойындар Қауымдастығының төрағасына, Тунис, Литва, Әзірбайжан, Эквадор елдерінің этноспорт өкілдеріне тоғызқұмалақ тақтасы сыйға тартылып, зияткерлік ойынның маңызы туралы ақпарат берілді.











