Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шежірелі шаһардағы абат ауыл

Шежірелі шаһардағы абат ауыл

Өткенге көз жүгіртсек...
Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, 1928 жылы Ұзақ Жүрсіновтің белсенді ұйымдастыруымен «Дөненбай» деген атпен алғашқы артель құрылады. Алғашқы ауылнай болып Әли Уақбаев, хатшысы Әбділда Тобаев болған. Іле-шала бірнеше артель құрылып, олар үлкейе келе бір-біріне қосылып, колхоздарға айналды. Сол кездері Жанкент жерінде «Өркенді», «Екпінді», «Жанкент» және «Чкалов» (Бестам) колхоздары болды.

1950 жылы ВКП (б) Орталық Комитетінің қаулысы бойынша колхоздар ірілендіріліп, біріктіріліп Энгельс колхозы құрылды. Оның басқармашысы Әбділдә Тобаев болды. Сол жылдары күріштен мол өнім алған Иса Жарылқағанов Ленин орденімен марапатталды.

Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінде ауыл азаматтары Қожали Өтепбергенов, Иса Жарылқағанов, Қали Мәкенов, Жаңбыршы Биманов, Өтеген Қарақұлов, Қуанғали Әжмағамбетов, Аяп Оспан¬ов, Әлмұрат Смайлов, Жеткербай Тәйтенов, Нұрадин Сұлтамұратов, Рәуіш Ізтілеуов, Сметулла Келімбетов, Өтеген Жалмырзаев, Кәрбоз Мырзалиев, Кәдір Иманқұлов, Шанжархан Айтқұлов, Мінәж Мырзалиев, Күрлен Бекетов, Төлебай Майдаев, Жұмахмет Майдаев, Керімберді Сақтағанов, Жеткербай Байқадамов, Болаш Байтөреев, Дауылбай Құрманбаев аянбай еңбек етті.

Канал құрылысында Оспан Мерейұлы, Сейт Құрмантаев, Абат Еламанов, Анық Дабыл¬ов, Ақорын Қожамұратова, Райла Түймебаева, Қанымша Сұлтамұратова, Күлпаш Қоянбаева, Зылиха Қалхаманова, Райла Метерова, Сәбира Найманова, Қымбат, Үрпатша Бердалиева, Орынкүл Найманова, Күлшат Тәшпенова, Пәти Жүрсінова, Әсем Наршағұловалардың қолтаңбасы қалды.

1963 жылы Энгельс, М.Горький, Жданов колхоздары бірігіп, Энгельс совхозы құрылды. Орталығы – Қожабақы ауылы. Қазіргі Жанкент ауылы 1968 жылы Энгельс совхозынанан бөлініп, өз алдына Өркендеу совхозы болды. Алғашқы директор – Жеткербай Әбжәмиев. Мектеп, тұрғын үйлер салынып, «Жаңа ауыл» бой көтерді. 1973 жылдан 1985 жылға дейін Қалила Өтемұратов басшылық жасады. Сол жылдары жер тегістеліп, егіншілік мәдениеті артты. Күріш пен ауылшаруашылық дақылдарынан мол өнім алынып, миллионер совхоз атанды. Бүкілодақтық көрменің күміс және қола медаль иегерлері Әсен Өтегенов, Атшабар Таңсықбаев, Мұхан Айдынбаев, Гүлбарам Ахметова, Сағидулла Жаңашовтар мемлекет құрметіне бөленді.

Өткелбай Жолмырзаев совхоз директоры болған тұста көшелер асфальтталып, соғыс ардагерлеріне ауыл орталығынан ескерткіш белгі орнатылды. Орталық парк ашылып, асарлатып селолық емхана салынды. 90 орындық балабақша, 300 орындық мәдениет үйі, жыл көлемінде 25-30 тұрғын үй бой көтерді. Ауылдағы құрылыс бөлімінің бастығы Жұмағали Баймбетов «Тұрғын үй-91» бағдарламасына сәйкес бірнеше бригада құрып, құрылыс жұмысын шебер ұйымдастыруының арқасында жаңадан бірнеше көше бой түзеді.

Егіс бригадирлері, мал мамандары, техника тетігін меңгерген Есенгелді Мәлиев, Аманжол Балтөреев, Әбіл Әбдәлиев, Абылай Бигелдинов, Әділ Дауылбаев, Мырзамұрат Әбдікемаловтың совхоз жұмысын жүргізу үшін жасаған еңбегі айрықша болды.

Қазіргі таңда ауылда «Мерей» шаруа қожалығы егін егіп, ауыл халқын жұмыспен қамтып отыр. Мейрамбек Мәмбетжанов басқаратын қожалық жыл сайын 250-300 гектар күріш, 200 гектар жаңа жоңышқа, басқа да ауылшаруашылық дақылдарын егумен айналысады. Өндіріс жетекшісі Сақымжан Жұмағалиев. Бұдан бөлек ұсақ 11 шаруа қожалығы мал өсіріп, өнімін сатумен айналысады. Ауылдық округте 25 кәсіпкерлік субьектісі, «Сыр маржаны» серіктестігінің филиалы және «Жанкент – Ерасыл» өндірістік ауылшаруашылығы кооперативі бар.

Уақыт көшімен ілгері басқан ауыл
Кеңес үкіметі тарап, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдеріндегі қиыншылықта жабылған 90 орындық №5 «Аққоян» балабақшасы 2009 жылдың желтоқсан айында қайта ашылды. Меңгерушісі – Шаттық Көбеген, аға тәрбиеші – Гүлназ Әбдікемалова. Материалдық-техникалық базасы нығайтылып, 25 адамды жұмыспен қамтыған балабақша ел болашағы, бүлдіршіндерге озық әдіс пен ұлттық тәрбиені бойларына сіңіріп, мектепалды білім беруде. Ізденімпаз тәрбиешілер Мөлдір Сарман, Эльмира Сағитжанова, Дәметкен Жиенбаева, психолог Самат Төреханов бүлдіршіндердің қиялына қанат бітіріп, байқау мен өнер фестивальдерінде жоғары жетістіктерге жетіп, жүлдегер атанып жүр.

1935 жылдары әр колхозда бір-бір қызыл отау үйі жасақталып, онда қызыл мүйіс жұмыс жасаған. Қызыл отау үйінің алғашқы меңгерушісі Күлсін Жиеналиева, қызыл мүйіске Бекзия Әбішова басшылық жасаған. 1975-1980 жылдары «Арай» ансамблі ұйымдастырылып, ауыл мақтанышына айналды. Оның ұйымдастырушысы Бақыткүл Бақтыбердиева, көркемдік жетекшісі Шарафадин Алтынбаев, гитарада ойнаушы ағайынды әншілер Үрістембек, Отанбек Үрметбековтер, дауылпазшы Болысбай, әншілер Перупара Тәйтенова мен Орыссұлу Шәрібаева, саусақ жылдамдығы ептілігімен түрлі сиқыр көрсетіп, адамдарды таңқалдырған Іскендір Жеткербаев өнерімен ауыл халқын рухтандырып, әуезді әндерімен, билерімен мәдениетті биікке көтерген.

1980-1986 жылдары Тәрбие Сахитжанова, Мирамкүл Мырзалиева клуб меңгерушісі болса, 1989 жылы жаңадан салынған клубқа Алтынкүл Дабылова басшылық қызметке келді. 1990-1993 жылдары ауыл клубын басқарған Темірхан Алтынбаев «Жанкент жаңғырығы» ансамблін құрып, «Қыз сыны», «Келіндер сыны», «Ақ әжелер», «Отбасы» сайыстарын ұйымдастырып, тың идея жәрмеңкелерін өткізген. 1993-1995 жылдары клуб меңгерушісі болған Күләйша Жаңбыршиева ауылдағы би өнерінің негізін қалады. 1997 жылы мемлекет меншігіне қайта алынған клуб үйінің тізгінін Сандуғаш Қарабалаева алып, өзінің режиссерлік еңбегін «Қорқыт ата» қойылымымен бастап, түрлі кештер, сайыстар өткізіп, ел ризашылығына бөленді.
2007 жылдан бері ауылдық клубтың меңгерушісі Болатбек Рсалы түрлі мәдени іс-шара ұйымдастырып келеді. Оның жетекшілігімен ансамбль құрылды. Ансамбль құрамында домбырашылар Айғаным Қойшыбай, Ақселеу Әбдуали, қобызшы Наргүл Әнуар және баянда Болатбек Рсалы өнер көрсетеді.
Алғашқы қызыл мүйістен бастау алған ауыл кітапханасы да халыққа рухани қызмет көрсетуде. Алғашқы кітапханашылар ерлі-зайыпты Марал Жұбаназаров пен Гүлбарам Ахметовалар болған. Ол кезде 300 дана кітап қоры болды. 1987 жылы кітапхана меңгерушілігіне келген Несібелі Нұрадинова бүгінгі күнге дейін оқырмандар оясынан шығып, тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетуде. Кітапханада 26 608 дана кітап қоры, 12 оқырман орны, үш зал бар.
2009 жылы ауылға таза ауызсу тартылып, халық игілігіне берілді. 2013 жылы ауылдық ветеринариялық мал дәрігерлік пункті ашылды. Байланыс бөлімшесі халыққа газет-журнал, зейнетақы, жәрдемақы тарату, пошта төлемдерін төлеу, қабылдау, тапсырыс жөнелтілімдерін, хат-хабар жеткізіп беру қызметтерімен айналысады. Биіктігі 21 метр телемұнара орнатылып, «Хабар», «Қазақстан» телеарналарының көрсетілімі жақсартылды. Ауыл бойынша 205 жаңа соңғы үлгідегі телефон нүктесі құрылды. Тұрғындар жаңа үлгідегі Билаин, Кселл спутниктік телефон желісін пайдаланады. Ауылға интернет желісі қосылған.

Кәсіптен нәсіп тапқандар
Ауылда 25 кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Жыл санап олардың қатары артуда. Ауыл тұрғыны Мұратбек Жартыбай «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік білім алып, өткен жылы наубайхана ашты. Қазір отбасылық кәсіптің дөңгелеуіне жұбайы Айнаш Бисенбаева да үлес қосуда. Олар өздерімен қоса Гауһар Қалманованы жұмысқа алған.

Наубайханада күніне 72 дана нан пісіріледі. Бұдан бөлек булочки, лепечка, самса, пицца, бауырсақ, тағы басқа өнімдер дайындалады.
–Мемлекет қолдауымен қол жеткізген қаржыға қамыр илейтін аппарат, үстел, нан пісіретін пеш алынған. Пеш тоқпен жұмыс істейді, онда бір уақытта 24 нан піседі. Бөлке нанның бағасы 80 теңге. Тапсырыс қабылдау арқылы тәтті өнімдер де дайындаймыз. Алда жоспарымыз көп. Макарон өнімдерін шығаратын аппарат алу ойда бар, – дейді ерлі-зайыпты кәсіпкерлер.

Зейнеткер Сағидулла Жаңашов та кәсіп арқылы несібесін тауып отыр деуге болады. Ол өзінің және үй іргесіне жапсарлас орналасқан ұлы Ерланның ауласына жеміс ағаштары мен көкөністер еккен. Талай жылдан бері жемісін жеп, артылғанын саудаға да шығарып отыр.


– Өркендеу совхозында механизатор болдым. Бақша егу бұрыннан келе жатқан кәсібім. Әр көктемде жер жыртып, дән себемін. Жұмыс өнімді болу үшін арнайы жер аударатын аппарат сатып алдым. Ауламда күздік алмұрт, алма, қара, сары өрік, шие, жүзім, бұхар жидесі бар. Одан бөлек асқабақ, қызанақ, тәтті, ащы бұрыш, қияр, сарымсақ, жуа, аскөкті де бақшамыздан жейміз. Күрке тауық пен ақ тауық өсірудемін, – дейді Сағидулла Жаңашов.


Еңбексүйгіш жанның жары Талшын Алдамжар «Алтын алқа» иегері. Жеті баланы өмірге әкеліп, тәлімді тәрбе берген қос қария еңбек еткеннің еңсесі қашан да биік екенін үнемі ұл-қызына айтып отырады.

III дәрежелі Еңбек даңқы орденін кеудесіне таққан Сағидулла Жаңашовтың жылыжайы да бар. Балалары мен немерелері тіпті қыс мезгілінде де табиғи өнім жейді.

Жанкент – шежірелі шаһар
Сырдың Жанкент жерінде Жанкент шаһары, Сырлыбайхан, Құттыбай кесенелері, Оспан тамы, Бабажан сарт қамалы және Қызыл тамырлы көл, Балшан көл, Сарыкөл, Құдықтықұм сияқты тарихи атаулы жер аттары бар.

Жанкент – ортағасырлардан сақталған көне қала орыны, оғыз мемлекетінің астанасы Жанкенттің гүлдену дәуірі ІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Ол кезеңде Жент (Арал) теңізі маңынан үлкен тұз кені табылып, Қытай, Иран, Үндістан елдері мен сауда қатынастары жасалған. Қыпшақ – Қимақ тайпалары Қарлан өткелі арқылы Жанкентке келіп, сауда жасаған. Қалада құмыра жасаушылар, ұсақ қол өнершілер, зергерлер, қару-жарақ шығарушы ұста, шеберлер көп болған. Жанкенттің сырты үш орам болып суға толтырылған орлармен қоршалған. Қаланың сыртпен қарым-қатынас жасап араласатын төрт қақпасы болған. Жанкент – Жувейнидің, Насавидің және Омаридің кейбір еңбектерінде «Шаһаркент» деп те берілген. В.В.Бартольдтің пайымдауынша, Жанкент Х-ХІ ғасырларда оғыз мемлекеттік бірлестігі билеушілерінің қысқы ордасы болған.

Жанкентте 1867 жылы П.И.Лерих және М.К.Приоровтар кішігірім қазба жұмыстарын жүргізіп жобасын түсірген. Зерттеуді 1868 жылы В.В.Верещагин жалғастырды. 1946 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі Толостов) кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қаланың нақты жобасын сызып, әуеден суретке түсірген. Әйтсе де кейбір қателіктерін 2005 жылы зерттеу жүргізген Мәскеу және Қорқыт ата унивеситетінен келген ғалым-зерттеушілер тауып, өзгеше болжам жасауда. Орта асырлық деректерде тарихи қаланы мұсылмандар қоныстанған, Сырдың бойымен Мауренахрдан Жанкентке астық тасылған делінеді. Қаланың өрлеген шағы Шыңғысхан шапқыншылығына дейінгі уақыт.

Жанкенттің парсыша аты Дех-и-нау, арабша Әл-Карьят Әл-хадиса, түрікше Янгикент, қазақша Жанкент, демек Жаңақала деген мағынаны білдіреді. Қаланың ХV ғасырдан кейінгі тағдыры белгісіз, жазба деректерде де ешқандай мәлімет кездеспейді. Жанкент шаһары туралы аңыз әңгімелер көп айтылады. Шаһарда бүкіл түркі жұртына ортақ тұлға Қорқыт баба дүниеге келіп, шаһарды билеген Илхан ханға уәзір болған деп те, атақты Қарабура Әзінің қызы Жанкентті билеген Санжар ханның қосағы Бегім ана туралы да аңыз әңгімелер көп.

РS: Округте жасыл белдеулер, жеміс бағы жасалып, ортағасырлық Жанкент қаласының орынын археологиялық зерттеуді одан әрі дамыту жоспарланған. Ауылдың көшелерін жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізу де жоспарға енгізілген. Жанкенттіктер туған жерді көгалдандырып, көркейту, тұрмыс жағдайын түзеу әрбір тұрғынның міндеті деп түсінеді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
05 қазан 2019 ж. 1 818 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 51

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930