Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Лұқпан хакімнің өкініші мен қуанышы

Лұқпан хакімнің өкініші мен қуанышы

Лұқпан хакім туралы ел аузына тарап кеткен тағылымдық әңгімелер өте көп. Біз бүгін соның бірнешеуін оқырман назарына ұсынғалы отырмыз.

Лұқпан хакімнің жалғыз баласы сырқаттанып, оған жасалған емі қонбай, ақыры қайтыс болады. Сол заманда-ақ адам тәні құрылысын жақсы білген Лұқпан өлім себебін ашу үшін баласын сойып қараса, оның өкпесінің тұсынан мүйіз сияқты қатты нәрсені көреді. Соны алып, пышағына сап жасап алады. Содан бір күні ол ел ішінде жүріп, бір бақшаға кездеседі. Бақшашы шал Лұқпанды қауын, қарбызбен сыйлайды. Екеуі бақшаны аралап, біраз әңгімелесіп жүріп манағы қарбыз жеген жерге қайта келеді. Қараса жарты қарбызға шаншып кеткен пышағының сабы жоқ, темірі жатыр екен. Сонда Лұқпан санын соғып:
– Ақылымның аздығынан ұлымнан айрылдым. Оның емі қарбыздың шырыны екен ғой, – деп өкініштен аһ ұрады. Бақшашы болса:
– Сенің сол кезде ақылыңды біз азайттық, балаң бізге керек болды, – дейді.
Лұқпан басын көтерсе, өзі айдалада тұр. Бақша да, бақшашы шал да жоқ. Ол Құдайға тәуба қылып, ауылына қайтады.

* * *

Лұқпан емшіні тағы бірде ел арасында сапарлап жүргенінде, бір қатты науқас адамға апарады. Лұқпан қарап болып, әлгі кісіге:
– Үй-ішіңмен қоштаса бер, сенің бір ай уақытың қалды, – дейді де шығып кетеді.
– Арада бірнеше жыл өткенде әлгі адам Лұқпанға көшеде жолығып:
– Сен маған бір ай уақытың қалды деп едің. Неге алдадың? Мен әлі тірімін, – деп айқай салады.
– Саған керегі – жай оғына күйген құстың еті мен жылан ұйытқан қойдың айраны еді. Айранды тапсам да, жай отына күйген құстың етін таба алмайтын болдым. Содан жолға шықсын, құдай бұйыртса табар деп айтқаным шындық. Бұл менің соңғы амал-әдісім болды. Ал енді өзің сөйле, осы екеуін қалай таптың? – дейді Лұқпан.
Жаңағы кісі сабасына түсіп:
– Апыр-ай, сіз шын әулие екенсіз. Сол екеуін де таптым, бірақ осы кезге дейін неден сауыққанымды білмей жүрген едім, – деп әңгімесін бастайды.
– Мен үй-ішіммен қоштасып, енді алыстағы ауылда тұратын жалғыз қарындасымды көріп қалайын деп жолға шықтым. Келе жатқанда қойшылардың күркесі көрінді. Кірсем, ішінде жан жоқ. Демалып отырсам, бір сылдыр естілді. Қарасам, қойшылар сауған табақ толы сүттің ішінен бір сарыбас жылан шыға алмай жатыр екен. Басынан ұстап шығардым. Кешке қарай қойшылар оралды. Ас-су ішіп, дем алдық. Жаңағы айранды да іштік. Мен оларға «жиіркенер» деп жылан тигенін айтқан жоқпын.
Ертеңіне жолға шыққанда қатты нөсерге кездестім. Бір кезде алдыма жай оғына күйген кептер түсті. Ашығып келе жатқан мен оны қан-сөлімен асадым. Ұзақ жол жүріп, қарындасымның ауылына жеттім. Бірақ сапар кезінде жүдеу орнына өзімді тұла бойым жеңілдеп кеткендей сезіндім. Құда-құдағилар: «Сен жас жігіттей болып кетіпсің ғой», – деді. Олардан қымсынып, неге келгенімді айтпай, жай қыдырып келдім дедім. Міне осылайша сауығып кеттім. Сізді көрсем, бір күлкі қылайын деп жүрген жайым бар болатын, – дейді сөзін түйіндеп.
Салмақты кейіпке енген Лұқпан:
– Көрдің бе, қарманғанды Құдай жарылқайды. Мен солай демесем, сен жолға шықпас едің. Дегенмен қарындасыңның ауылына неге келгеніңді айтпағаның дұрыс болған екен, – депті.

* * *

Бір өлкенің патшасы жілік майын сорып отырғанда тамағына сүйек кетіп тұрып қалған екен. Қандай әрекет жасағанмен болмаған соң Лұқпан хакімді алдырады. Хакім тамағын көріп: «Жалғыз балаңды бауыздап, соның бүйрегін пісіріп жесең кетеді, не бері шығады» дейді.
Патша алғашында келіспейді. Уәзірлері: «Әй, ұлы патшамыз, ағаш саламат болса бұтағы болар, ағаштың тамырларынан шыбық өсер, ағаш қураса тамыры да, бұтағы да қурар» деседі. Айтушылардың кеңесі көңілінен шығып, патшаның беті қайтады.
Баланың қол-аяғын байлайды. Патша көз жасын көл етіп, қарап тұрады. Лұқпан баланың құлақ шекесін тізесімен басып, алмас пышақты тамағына тіреп қойып: «Тез бір қой әкеліп, мен баланы бауыздағанда біреуің оны менімен бірдей шалыңдар. Себебі баласының шашыраған қанын көргенде әкесі есінен танып, мәңгу болып қалады» деп бұйырады.
Лұқпан «Аллаһу әкбар» дегенде жанындағы ер кісі аяғы буулы жатқан қойды қанжарымен бауыздап жібереді. Атқылаған қанды көргенде патша атан түйедей бақырғанда тамағындағы сүйек атып шығады. Лұқпан хакім баланың қол-аяғын шешіп, әкесінің жанына алып барады.

Дайындаған
Сахи БАХИҰЛЫ
21 шілде 2019 ж. 1 992 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 73

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930