Қазақтың табақ тарту дәстүрі. Оның түрлері қандай? Мәні, мағынасы неде?
Қазақ дәстүрінің ішінде қаймағы бұзылмаған салттың бірі – табақ тарту рәсімі. Қонағына қой сойса да кәдесінен жаңылмаған қазақ бүгінде етті турап береді.
Қазақ халқы той-томалақ, өлім-жітім болсын келген қонағына сыйлы асы – етті кәделеп ұсынған. Тартылған табақтың орны ауысып кетсе немесе кәде дұрыс салынбаса, қонаққа жоғары дәрежеде сый-құрмет көрсетілмеді деп саналған.
Көпшілік табақ тартудың жөнін білмейді
Ауыл-аймақтарда табақ тартудың жөн-жосығын білетін адам ғана малдың жілігін кәделеп салған.
Қызылорда облысының Арал ауданындағы Қарақұм ауылына келген қонақты 30 жылдан астам уақыт бойы Әбди Жолмырзасыз атқаратындар некен саяқ. Табақ тартудың шебері ретінде үйіне шақырып, табаққа етті мүшелеп салу кәдесін жасауды оған сеніп тапсырады. Айтуынша, малдың жілігін орнымен тартпаса, қонағына деген сый-құрметті дұрыс көрсетпегенмен тең.
– Біздің ауылда 500-дей отбасы бар. Солардың көбінің отбасында құда күту, той-томалақ немесе қара жамылғанда сойылатын малдың етін жіліктеп, қазанға салып, табаққа тартатын мен. Бұны өзіме көрсеткен үлкен сенім, құрмет деп бағалаймын. Әрі туған-туысыңа шамаң келгенше көмек көрсету болып саналады. Қазір жасым алпыстан асса да табақ тарту дәстүріне араласам. Бірақ артымнан ерген икемі бар інілеріме салғызатын кездерім де болады.
Алайда екінің бірі бұл рәсімді біле бермейді. Мен жастайымнан анамның қазанға етті қалай салатынын қарап, үйрендім. 25 жасымнан ауыл адамдары маған сеніп тапсыратын болды.
Қазір қазақ етті қонағына турап тартатын болған / Фото ғаламтордан алынды
Бес адамға бір табақ
– Жалпы қазанға етті қонақ санына қарай саламын. Бес адамға бір табақ ет есептелінеді. Ал бір табаққа кемінде екі жілік салмасаң аздық етеді. Мысалы, бас табаққа жамбас міндетті түрде салынады. Бас табақ үлкендерге тартылатындықтан, жанына кәрі жілік салынады. Бірақ кәрі жілік бір бөлмеде отырған қонақтарға бірнеше табақ тартылғанда екі рет салынбайды.
Екінші табаққа ортан жілік, қабырға, омыртқа, сүбе, құйрық май салынады. Үшінші табаққа жауырын салынады омыртқа, сүбесі, құйрық майымен салынады. Ал төртінші табаққа асықты жілік. Егер күйеу болса төсін қосады.
Ал құдағиларға арнап бесінші табаққа жағымен қосылып жамбасты салады. Келесі табаққа кәрі жілік қабырғасымен, омыртқа сүбесімен салынады. Одан кейінгі табаққа ортан жілік салынады. Содан кейін тоқпан жілік алынады. Жауырынмен тағы бір табақ тартылады.
Қалған тоқпан жілік, асықты жілікті жастар жағына қояды. Бір ескеретін жайт, өлімде күйеуге арналып тартылатын төс табаққа салынбайды.
Барлық табаққа бел омыртқа, бір тілім құйрық май, бір тілім сүбе, екі үлкен қабырға салынады. Жастар табағына жай омыртқа салынады. Екінші табаққа ортан жілік, бел омыртқа салынады. Үшінші табаққа жауырын, бел омыртқа, қабырға салынады.
Ал төртінші табаққа басқа бөлмеде немесе басқа үстелде отырса, кәрі жілік тартыла береді. Бірақ кәрі жілік орта жасқа жетіп қалғандарға беріледі. Жастарға топатай жілік, жай омыртқа, сүбе құйрық майымен тартылады. Ал отбасындағы қыз-келіншектерге асық жілік, мойын омыртқа, қалған қабырға беріледі.
Төс пен құйымшақ тарту дәстүрі
Жасы 70-80-ге келсе де өз үйіне келгенде кемпір қыз болып есептеледі. Күйеу бала да солай. Сондықтан төркіндеп келген қыз төрде отырады. Ал қыз отырған жерде табаққа құйымшақ салынады. Ал күйеу бала келгенде төсін алдына қойып, жеңгелері міндетті түрде төстің кәдесін алады.
– Соңғы кездері қонаққа барғанда жілікті табаққа дұрыс кәделеп салмайтынын байқап жүрмін. Етті турап әкелетін дәстүрді шығарды. Бұл біздің қонаққа көрсететін ең үлкен құрмет-сыйымыз болғандықтан ол дәстүрден ажырамауымыз керек. Біз – өте ырымшыл халықпыз. Үлкендер ас жеп болған соң жастарды шақырып алып, бас табақтан асатып жатады. Бас табақтан ас жеп отыратын біздің жасымызға жет, жолымызды берсін деп тілегені.
Әр жердің салты басқа...
Алайда табақ тарту рәсімі қазаққа ғана тән дәстүр болғанмен, орналасқан аймағына қарай жіліктердің орнын ауыстырып тарта береді. Бірақ жамбасты қашанда бас табаққа салған. Қарақалпақстанда туып-өскен Маржан Досымбетова жастайынан мал сойып, ішек-қарын аршып өскен.
– Табақ тартуды мен 17-18 жасымда үйрендім. Бірақ алдымен қой союды үйренуге тура келді. Өйткені әкем малды бауыздап беретін де, қалған жұмысын бізге тапсырып кететін. Үйдің үлкені болған соң, ол шаруаны істеу менің мойнымда болды. Күйеуге 19 жасымда шыққанда сол ата-анамнан үйренгендерімнің пайдасы көп тиді.
Енем ерте қайтыс болған. Үйге қонақ келе қалса, қазаныма жіліктеп етімді салып, пісіріп, дастарханға қоятынмын. Бірақ бұл жақта табақ тарту үрдісінің бізден айырмашылығы бар. Біз бас табаққа жамбастың жанына ортан жілікті саламыз. Кәрі жілік от басындағы келіншектерге, көршілерге тартылады. Ал қонақтарға тартылған табаққа байқамай кәрі жілік түсіп кетсе, реніштерін білдіріп жатады. Сол кезде табақтан алып тастауға тура келеді.
Жалпы бір қойдың еті құда күткенде алты табаққа тартылады. Ал өлім-жітім болғанда 24-ке бөліп береміз. Онда келген қонаққа жеткізу мақсатында бір жілікті ортасынан бөлеміз. Екінші табаққа жауырынды асық жілікпен салып тартамыз, – дейді Маржан Досымбетова.
Етті ағаш табаққа салған
Салт-дәстүрді зерттеумен айналысып жүрген Қазақ ұлттық университетінің профессоры, этнограф Тәттігүл Қартаева қазақ ешқашан етті қонағына турап әкелмеген дейді.
– Қазақ етті ағаш табаққа салған. Оны шара деп атаған. Ал бүтіндей бір қойдың етін астауға салған. Табаққа тек еттің өзі ғана салынады. Етке қамыр салу – 20 ғасырда пайда болған дәстүр. Кейін еттің жанына картоп, үстіне тұздық құйып жасайтын болды.
Ағаш ет табақ қайта сәнге айнала бастады / market.kz сайтынан алынды
Кәделенген табақтарды ер адамдар таратқан
Етті қонақ өз қалтасына салып жүрген бәкісімен тураған. Еркек пен әйел араласып отырмаған. Тек қымыз, шай құятын кезде ғана дастарханның аяқ жағына тізе бүккен. Ас соңында сол табақтан тамақ ішкен адамға сәлем еткен.
Яғни, табақ алу рәсімі кеңінен тараған. Себебі келіндер қонақтармен дастархан басында бірге отырмағандықтан, келген қонаққа өзінің қолынан дайындалған астан ауыз тигеніне рахмет айту үшін сәлем салатын болған. Сонымен қатар келіндер қонақтардан ешқашан тамақ дәмді болды ма деп сұрамаған.
Сүйегінен өрнек жасаған
Тәттігүл Қартаеваның айтуынша, қазақ ешқашан ысырапшылдыққа жол бермеген.
– Жалпы табақ тарту – көшпелі халықтарға ғана тән дәстүр. Күн көрісі төрт түлік малмен байланысты болғандықтан, малдың маңызды жілігін қонағына ұсынған. Ал қалған сүйегінен қайнатып, сабын жасаған. Бірнеше рет қайнатып, майын шығарып, жылтыраған кезде домбыра, қобызды өрнектеуге жас қойдың сүйегін пайдаланған.
Үлкен малдың қабырғасымен, жауырынымен ағаш төсекті, сандықты әсемдеген. Ал бас сүйекті итке тастамаған. Қора-қопсының, жаздық сарайдың төбесіне тастайды немесе ит-құс жете бермейтін биік ағашқа іліп қояды.
Табақ тарту рәсімі басқа ұлтта да бар
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Археология және этнология кафедрасының доценті, т.ғ.к. Зылиха Ибадуллаева ас бергенде қазақтың ештеңеден аянып қалмайтынын айтады.– Қазақ қоғамында табақ тартудың өзіндік айшықталған көрінісі орта ғасыр дәуірінде кең дамыған. Бірақ ХҮІІІ-ХІХ ғасырда орыс отарлауының салдарынан, кейін кеңестік дәуірде ішінара өзгерістерге ұшырады.
Жалпы табақ тартудың қазақ халқымен қатар басқа халықтар арасында да бар екенін зерттеуші Құрбанғали Халиди өзінің жазбаларында да атап өтеді. Әрине ХҮІІІ-ХІХ ғасырда табақ тартудың ең шарықтау кезеңі ас беру дәстүрінен анық байқалады.
Ол туралы Құрбанғали Халиди: "Ас беру əр халықта бар: сарт ас берсе – палау, ноғай – түрлі тағам, қазақ ас берсе – ет пен қымыз береді" деп атап өтеді.
1803 жылы Сырым Датұлының асын бергенде 2500 қой, 200 жылқы сойылып, таратылған, 1000 саба қымыз пісіліп, 5000 шелек қымыз ішілген деген дерек бар.
Кімге қандай табақ тартылатынын жақсы білген
Зылиха Ибадуллаеваның айтуынша, дәстүрлі табақ тарту салтының өзіндік символикалық мән-мағынасы бар.
– Малдың он екі жілігі жəне басқа мүшелері адамның қоғамдағы орны мен жолына лайықталып тартылмаса, төрелер, бектер мен билер дереу наразылығын білдіретін болған. Дəстүр бойынша марқұмның артында қалған жесірінің əмеңгері қаралы туды сындырып, əдет-ғұрыпқа сай өзінің мəртебелік жағдайын бекіткенде, тұл аттың еті тек қана асты өткізуге ерекше еңбегі сіңген ел ардақтыларына ғана таратылған.
Осы арқылы қазақ қоғамының əлеуметтік қатынастар жүйесінің принциптері мен нормаларының өміршеңдігі дəріптелген. Мәселен, мәртебелі орындарды айқындау, бірге тамақтанушылардың жастық, отбасылық, рулық мәртебесіне қарай тамақтарды бөлу сияқты ұстанымдары қалыптасқан.
Қазақ халқында дастархан жайғанда отырған әр адамның жасына, жынысына қарай өзiне лайық сыбағасы тартылған. Ал елге белгілі, ерекше қадір тұтатын адам алдына жеке, қасындағыларға 3-4 адамға бір табақтан деген есеппен табақ тартатын болған, – дейді этнограф.
Табақты тек кәделеп тартқан / Фото e-history.kz сайтынан алынды
Табақ тартушы жігіттер болған
"Абай жолында" М. Əуезов: "Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер-тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты. Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғытып жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болды", – деп астың этнографиялық мәнін ерекше суреттейді.
– Осы аса жауапты қызметті мінсіз атқару үшін табақ тартушы жігіттер алдын ала арнайы дайындықтан өтетін. Ол үшін табақ алып қашу немесе мүше алып қашу ойындары өткізілген. Шауып келе жатқан аттың үстінде қолына табақ толы ет көтеріп, оны төкпей-шашпай апаратын жеріне дұрыстап жеткізуді жетік меңгергендер ғана табақ тартуға таңдалып алынды.
Мысалы, құрметтi кiсiлерге бас жамбас ұсынылса, күйеу мен қызға асықты жiлiк пен төс, балаға бүйрек пен құлақ салынады. Егер лайық мүше ұсынылмаса ол кiсiлердiң өкпелеуге хақысы бар, айып та сұрай алады. Қонаққа қоғамдағы əлеуметтік мəртебесіне сай, өзіне тиісті жілік мүшесін тартпау немесе шатастырып, ауыстырып жіберу ұят саналған. Жəне керек кезде кейбір адамның ел алдында намысына тиіп, қорлаудың белгісі де болып табылған, – дейді Зылиха Ибадулаева.
Қазақ ренішін де табақ тарту арқылы жеткізген
Кей аймақтарда бастың тісін қақпай әкеліп жатады. Салт-дәстүрді зерттеушілер бұл дұрыс емес дейді. Тісін қақпау біріншіден, тазалыққа жатпайды. Екіншіден, ішкі реніші бар адамдар бастың тісін қақпай әкелетін болған. Бұл жөнінде халық арасында кең танылған мынадай әңгіме бар.
Ауылдың сыйлы адамына іштей ренжіп жүрген бір кісі оған қалай айтарын білмей жүреді. Бір күні ауылдың үлкендерін жинап, қой сойып, қонаққа шақырады. Қонақтардың ішіндегі ең үлкені өзі іштей ренжісе де, батып айта алмай жүрген кісі болғандықтан, басты соған тартады. Бірақ бастың тісін қақпай алып келеді.
Қолына басты ұстаған кісі өте ақылды адам болса керек, жасалған дәстүрдегі ерекшелікті байқап, үй иесінің не айтқысы келгенін жазбай таниды. Қолына ұстаған бастың тісін көріп, маған айта алмай жүрген өкпе-реніші бар екен ғой деп үй иесімен сөйлесіп, ренішін сұрап білген. Егер реніші орынды болса, кешірім сұраған. Ал орынсыз болса, керісінше, айыбын мойындаған үй иесі ат-шапанын кигізген.
Бас тартудың сыры неде?
Этнографиялық деректер бойынша, құда-құдағилар бір-біріне қарым-қатынасымыз үзілмесін, "басымыз" тек жақсылыққа қосылсын деген ниетпен ұсынатын болған. Бас тарту дәстүрі кейбір деректерде Тәуке ханның тұсында пайда болған деседі.
Әдетте, кәделі жіліктермен бірге сыйлы қонақтарға малдың басын, қой немесе ешкінің шекесін, қазы-қартаны, жал-жаяны табаққа бірге салып береді. Жылқының басын бөліп асады, ал сиырдың басын көз қуысына таяу кеңсіріктен бір шауып, маңдайынан қақ жарып, үшке бөліп асады. Сондықтан әр шекесі бір бастың орнына жүреді.
Сыйлы қонаққа жылқының шекесін тартпайды, ол тек етпен бірге беріледі. Әдетте бізде басты тартар алдында маңдайын айқастыра тіліп қояды. Ол дегені бастың жолын ашу деп біледі.
Әкесі бар адамдар басты мүжімейді деген ырым бар. Ол қонақ келгенде сыйлы кәдеге баласы жармаспасын дегеннен шыққан дейді салт-дәстүрді дәріптеушілер.
Бас ұсыну
Қазақта оның өзіндік жолы бар. Басты табақта салып, оны ең сыйлы қонаққа (әдетте қарияға) береді. Қария бата-тілегін айтып, алдыменен оң езуінен кесіп өзі ауыз тиеді. Одан соң оң құлағын кесіп, үйдің ең кіші баласына не жасы кіші адамға ұсынады. Айнала отырған адамдарға бастан бір-бір жапырақтан кесіп ауыз тигізеді де, қалғанын үй иесіне береді.
Құлақ ұсыну. Ұсақ малдың құлағын балаларға ғана ұсынады. Сондағысы "сақ құлақ, алғыр болсын" дегені. Бір бастың екі құлағын бір балаға бермейді. Міндетті түрде екі балаға беруі керек. Ал, ірі қара малдың құлағы берілмейді.
Көз ұсыну. Бас мүжіп отырған адам малдың көзін біреуге ұсынар болса, жұп көзді бір адамға қатар береді. Яғни, бір бастағы екі көз екі адамға берілмейді. Сондай-ақ құрмет бойынша, көз қос қолмен ұсынылады.
Тіл ұсыну – ас ұсыну жолындағы тамаша кәденің бірі. Малдың тіл-жағын баспен бірге қонаққа тартпайды. Оны көбінесе келінге береді. Кейде үйде келген ақын-шешендер де тіл мен жақты алдыртып, арнайы біреуге ұсынып "менің жолымды берсін" дегендей тілек айтады.
Таңдай ұсыну – басты кесіп отырған адам, таңдайды оң алақанына сарт еткізіп ұрып, үйдің кенже қызына немесе маңайда отырған әншіге ұсынады. Таңдайды ұсынғанда үстіндегі қатты қыртысты қабығын алып тастап, жұмсақ үлпершек жұқа бөлігін ғана береді.
Табақ түрлері
Қазақтың салт-дәстүрін зерттеумен айналысқан Болат Бопай "Қазақ кәдесі" еңбегінде табақ түрлерінің бірнешеуін атап өтеді.
Бас табақ – қазақтың қонақ күту, сыбаға сыйлау дәстүрінде, ата салтында үйге кісі, сыйлы адам, ауыл ақсақалы келгенде, не алыстан өте құрметті, қадірлі кісі келгенде, не оларды арнайы қонаққа шақырғанда ұсынылатын табақ түрі. Қойдың басын, жамбасын, ортан жілігін, арқасын, сүмбе қабырғасын, жауырынын, белдемесін, кәрі жілігін, ішек-қарнын, тоқ ішегін, жүрегін, бүйрегін, екі сирағын түгел табаққа салып, қонаққа тартады.
Орта табақ – бас табақтан қалған еттердің кәделі жіліктерінен жамбас, ортан жілік, жауырын, қабырға, арқа, белдеме, кәрі жілік сынды сүбелісін төрдегілерден кейін отырған жасы кішілеу қонақтарға тартады.
Аяқ табақ – үлкендерге бас табақ, одан соңғыларға орта табақ, аяқ жағында отырғандарға аяқ табақ тартады. Оған асық жілік, төс, құйымшақ, қабырға, арқа, белдеме сынды кәделі жіліктерді тартады.
Сый табақ – сыйлы қонаққа, жасы үлкен қарияларға, құда-құдағиларға арнап тартылады. Малдың басы, жамбасы, жылқы еті асылса жалы-жаясын, қазы-қартасын ортан жілік пен белдемені, омыртқаны,қара қабырға сынды кәделі бөліктері асылады. Сиыр-түйе сынды ірі қара болғанда, белдеме, жая, өркеш, омыртқа, қарын-сұрын, қимай асылады. Ұсақ мал сойылса бас, жамбас, белдеме, арқа, жауырын, ортан жілік, қабырға және сүбе қабырға, кәрі жілік, ішек-қарын, тоқ ішек, жүрек салынады.
Құда табақ – қойды арнап сойған болса, табаққа басын, жамбасын, кәрі жілігін, ортан жілігін, жауырынын, сүбе қабырғасын, арқасын, белдемесін, қарнын, тоқ ішегін, құйрық-бауырын салады. Жылқы болса, шекесін, жал-жаясын, қазы-қартасын, омыртқасын, ортан жілігін, арқа, қабырғаларын асады. Сиыр болса, жая, омыртқа, арқа, ортан жілік, қарын, қимай, белдемесін асады.
Құдағи табаққа ері қайтыс болған, құда жоқ, құдағи ғана келгенде, "құданың жолы" деп бас, жамбас, омыртқа, арқа, белдеме, қазы-қарта, жал-жая, қарын, қимай, ортан жілік, жауырын, құйрық-бауыр салынған үлкен сый табақ тартады. Ал, ері тірі әйелдерге әдетте бас тартпайды.
Күйеу табаққа – асық жілікті, төсті, ортан жілікті, сүбе қабырғаны, арқаны, белдемені, қарын мен тоқ ішекті салады.
Қыз табақ – бұл төркіндеп келген қызына көрсетілетін құрмет. Жамбасты, асық жілікті, жауырынды, белдемені, тіл-жақты, қарын-сүрінді, сүбе қабырғаны, жүрек-бауырды, бүйрегін салады.
Келін табақ – ата-енесі келінге асық жілік, тіл-жақ, белдеме, арқа, жауырын, ортан жілік, жүрек-бауыр салынған табақ тартады.
Жеңге табақ – халық арасында аз кездессе де, мұндай табақ түрі де бар екен. Табаққа қойдың жамбасын, жауырынын, арқа белдемесін, сүбе қабырғасын, жүрек-бауырын, тоқ ішегін, қарын-бүйректерін салады.
Жезде табақ – бұл табақты балдыз қыздар дайындайды. Ортан жілік, жауырынын, арқа, белдеме, қарын, тоқ ішек, бауыр, жүрек, бүйрек, құймышақ салынады. Жезде табаққа салынатын сый-сыбаға негізінен жеңге табақтағымен бірдей болады. Ал ұқсамайтын жері құймышақ қосылады. Онысы – балдыз қыздардың жездесіне көрсеткен әзілі, қалжыңы деп түсінген жөн.
Беташар табақ – қазақтың келін түсіру салтында, "беташар" рәсімін жасаған адамға арнап ұсынылады. Табаққа тіл-жақ, жүрек-бауыр, ортан жілік, жауырын, белдеме, арқа, қабырғалар салып, үстіне таңдай қосады. Оның үстіне әдемі кестелі қолжаулық жабады, болса күміс жүзік, теңге қояды.
Бала табақ – үйге келген балаларға арнайы табақ тартып, дәм сыйлап отырған. Мұндай табаққа асық жілік, жауырын, ортан жілік, арқа, белдеме, тіл-жақ, қабырға салынады.
Құрдас табақ – қонаққа жылдас адамды шақырғанда жамбас, ортан жілік, жауырын, қабырға, арқа, белдеме сияқты сыбағалы жілік сыйлайды.
Қос табақ – қазақтың қонақ күту салтында үлкен қарияларға, ерекше сыйлы қонағына тартады. Қос табақ – құрмет-сыйдың ең үлкені саналады, жоғары бағаланады. Қос табаққа да жамбас, ортан жілік, арқа, белдеме, жауырын, қабырға салады, біреуіне бас қосады.
Тіл ашар табақ – баланың ең алғаш былдырлап тілі шыға бастағанда, әке-шешесі қойын сойып, мол дастархан жаяды. Ауылдың үлкендерін шақырады. Арнайы сойылған қойдың жамбас, кәрі жілік, жауырын, белдеме, арқа, сүбе қабырға, қара қабырға, тоқ ішек, қарын-сұрындары салынған табаққа ең үстіне қойдың басы мен тіл-жағын қойып тартады.
Төре табақ – табақ тартудың бір түрі. Ел арасында кейде "төбе табақ" деп те атайды. Төре табаққа бір қойдың етін, кәделі жілігін түгел салады да, балуан, батыр азаматтардың алдына тартады.
Кежім табақ – қазақ тарихында өте сирек тартылған. Оны өте сыйлы, мәртебелі қонақтарға ғана тартады. Кежім табаққа үлкен қойдың еті, бас-сирағымен қосып бір-ақ салынады. Бөліп-жарып жатпайды. Кезінде Абайдың әкесі Құнанбай Қытай жеріндегі қазақ еліне барғанда Шәку деген бай қажыны қонақ қылғанда осы кежім табақты тартқан екен.