Өнерпаздарға жарқын жол
Әлемдік ғалымдардың тұжырымдамасына сүйенсек, бала ерте жастан айналадағы құбылысты бойына тез қабылдайды. Сондықтан жеткіншекке 6-7 жастан бастап берілген тәрбие мен білім оның жадында өмір бойы сақталатынға ұқсайды. Мамандар ата-аналарға өскелең ұрпақ бойындағы осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, оны түрлі үйірмелер мен ақыл-ойын дамытатын курстарға қатыстыруға кеңес береді.
Қазақтың сан түрлі ұлттық аспаптары мен жыраулық шеберлігін, әлемге әйгілі классикалық өнермен бірге скрипка, күйсандық, баян сияқты музыкалық құралдарды толықтай меңгеріп, куәлік алған аудандық Қорқыт Ата атындағы балалар музыка мектебінің түлектері де білімдерін ұзақ жылдар бойы санада жаңғыртатыны анық. Өйткені олар қабылдау қабілеті жоғары жаста 5 жыл бойы бойларына рухани өнерді сіңіре білді. Ал өткен аптада оқу ордасының 50-ші түлектері атанған оларға мектеп бітіру кеші ұйымдастырылып, куәлік табысталды. Оған аталмыш мектептің директоры Сәукен Әліш, білім саласының мамандары мен ата-аналар қатысты.
Алдымен сахнаға Қазақстан Республикасының Туы әкелінді. Оны көтеру құрметі мектеп мақтанышы, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Дәулет Досқалиге бұйырды. Бұдан соң С.Әлмәмбетұлы бітірушілерді айтулы мерекелерімен құттықтады.
– Бүгін осы өнер ордасын тәмамдаған 52 оқушыға мектеп бітіргендігін айғақтайтын куәлік табыстап, өнер әлеміне шығарып салғалы отырмыз. Сондай-ақ оқу жылдарында талантымен тамсандырып, үлгерімі үздік болған 8 түлек “Үздік куәлік” иесі атанды. Болашаққа деген қадамдарыңызға сәттілік, ақ жол тілеймін, – деп құжаттарын үлестірді.
Бұдан кейін түлектер өз өнерлерін көрсетті. Асылхан Еркебұлан, Эльмира Тілеуберген, Саяжан Оразхан, Дәулет Досқали, Динара Құдайберген сияқты өнерпаздар мен хореографтар, қобыз мамандығының лауреаттары, баянистер мен фортепиано түлектерінің орындауындағы қойылымдардан олардың қимастық сезімі анық байқалды.
Кеш соңында музыка мектебінің бірінші сынып оқушылары аға буынға жүрекжарды тілектерін айтты. Ізін ала мемлекеттік Ту мен білім ордасының алтын кілтін табыстау рәсімі өтті. Соңғы қоңырау соғылып, “Қоштасу вальсі” орындалды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ