Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Түрік еліндегі тәжірибе

Түрік еліндегі тәжірибе

Осы жылғы 4-15 ақпан аралығында ҚР Композиторлар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қорқыт Ата атындағы Қазалы аудандық балалар музыка мектебінің директоры Сәукен Әліш Түрік елінде өткен “Заманауи музыкалық шығармашылықты дамытудағы тәжірибе алмасу” тақырыбындағы халықаралық семинарға қатысты.
Түркі мәдениетінің халықаралық «Тюрксой» ұйымының басшысы Дүйсен Қасейіновтың ұйымдастыруымен және Қазақстан Композиторлар Одағының төрағасы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Балнұр Қыдырбектің ұсынысымен оған жерлесімізбен бірге республика бойынша Композиторлар Одағының тағы 6 мүшесі барды. Олардың қатарында ҚР Композиторлар Одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек, Алматы мемлекеттік консерваториясының композиция бөлімінің оқытушы-профессорлары, Композиторлар Одағының мүшелері: Бейбіт Дәлденбай, Бақтияр Аманжол, Ермек Өміров, өскемендік композитор Светлана Степурина, Семей қаласының композиторы Ләззат Жұманова болды. Қазақстандық композиторлар Анкара консерваториясының профессорлары, атақты композиторларымен тәжірибе алмасты.
Қонақтар Түркияның Балу округі Себен ауданының таулы жеріндегі шығармашылық адамдарына арналған шағын коттедждерге орналасты. Мұнда Түркия, Қазақстан, Қырғыстан, Түркменстан, Әзірбайжан, Татарстан, Башқұртстан елінің өкілдері 11 күн бойы музыкалық шеберлігін дамытты.
– Кеңес Одағы тараған соң Қазақстан Республикасы сырт мемлекеттермен әр түрлі салаларда байланыстар орнатты. Соның ішінде Қазақстан Түркиямен мәдени саладағы қарым-қатынастарды жаңартуға көшті. Қазақ халқы түрік халқымен тарихы мен мәдениеті тамырлас болғандықтан, уақыттың өзі бұл саланың қайта жаңғыру қажеттігін көрсетіп берді. Сондықтан екі мемлекет, екі халық арасындағы ескірген мәдени қатынастарды қайта жаңғыртуға баса назар аударылуда. Мұндай сапарлардың музыка өнері үшін берері көп. Түрік елінен ерекше әсермен оралдым. Бізге мұндай мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – дейді Сәукен Әліш алыс сапардан алған әсерімен бөлісіп.
А.ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ

26 ақпан 2019 ж. 1 708 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031