Қазақ жаңғырамын десе...
Мойнымызда мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың аманаты бар еді. «Қазақ жаңғырам десе…» деген мақаласын қолымызға тапсырып тұрып, жазылған дүниенің жай-жапсарын жан-жақты түсіндірген. Осының баспасөзде жариялану жағдайын тапсырған. Тіршіліктің қамытын киіп алып, тынбайтын тірліктің соңында жүргенімізде аздаған уақыт өткізіп алдық. Сөйтіп жүргенде, Сейілбек Шаухаманұлы келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанып кетті. Көзі тірісінде мақаласын жариялауға көмектесе алмағанымызбен, аманатқа қиянат жүрмейді. Орындалуы керек. Сол ниетпен «Айқын» газетіне арнайы ұсынып отырмыз. Әлпеті әлемтапырақ болған қоғамның, құндылықтар атаулы құнсызданып, бәсі төмендеп тұрған тұста ойлы адамның бей-жай өмір сүруі неғайбыл. Ал ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел басқару ісін қолға алып, саналы ғұмырын ұлтына арнап, халқының барақатты өмірі үшін тер төккен тұлға болса, онда жауапкершік пен міндеттің де батпандай берері бесенеден белгілі. Мақаланы редакцияға жіберер алдында тағы бір қайта қарап шықтық. Қазақтың қайраткер ұлының жанайқайы мен жанашырлығы алыстан айқайлап көрінеді. Ұлтты түзеудің, халықтық қалпымызды қайта табудың, жаппай жаңғырудың жолын көрсетіп, айтып кетіпті. «Айтарыңды айтып кет, айта алмайсың қайтып кеп» деген сөздер де біздердей кісілерге, жасы шектеулі ақсақалдарға арналса керек» депті мақаласының бір тұсында. Бәлкім, ажал періштесінің айналшықтап жүргенін сезді ме екен? Дегенмен жөні түзу, санасында саңлауы барға сәуле боп құйылар сөзін арнап кетті. Енді айтылған әңгіме қоғамның құлағына жетсе, орындалса дейсің. Ол да болар, оңалар. Тек Сейілбек Шаухамановтың ол күнді көре алмайтыны өкінішті. Оқып шығыңыз, ой түйіңіз. Біз тек аманатты орындаушы ғанамыз…
Ержан БАЙТІЛЕС.
Тегінде, дағдарыс, тоқырау атаулының аса қауіптісі саяси, экономикалық, әлеуметтік дағдарыс емес – рухани дағдарыс болса керек. Қазіргі таңда қоғамда зинақорлық, нашақорлық, жезөкшелік, әділетсіздік, ретсіздік, жөнсіздік, алдау-арбау, зорлық-зомбылық, сыбайлас-жемқорлық, мансапқорлық, жүзшілдік, жікшілдік, жершілдік, рушылдық, топшылдық, ұятсыздық, имансыздық геометриялық прогреспен өсіп, қазақи қасиеттеріміз құнсыздануда. Қазақ дәстүрінде бұрын-соңды болмаған, адамның құлағы естіп, көзі көрмеген, кісінің жанын түршіктіріп, иманын бір уыс ететін жабайы, жат, өрескел, теріс оқиғалар кеңінен етек алуда.
Ең сорақысы – адамның мүшелерін, тәнін ғана емес, тіптен өзінің қаны мен қанасынан шыққан, бауыр етінен жаралған баласын сату еді. Бұл – арымызды, намысымызды сату, елдігімізді, халықтығымызды, қанымызға сіңген қадір-қасиетімізді түгел сату емес пе? Тағы бір қасіретті жағдай балаларының әке-шешесін бақпай-қақпай қарттар үйіне апарып тастауы, сондай-ақ тірі әке-шешелері бола тұра туған балаларын жетімдер үйіне өткізуі немесе тіптен көшеге тастап кетуі секілді санамызға сыймайтын, ойымызға орнықпайтын оғаш оқиғалар.
Осындай безбүйрек балалардан, имансыз ата-аналардан не жақсылық күтуге болады? Ондай азғындардан не үміт, не қайыр?! Туған әке-шешесін, баласын қиналмай сатқан адам Отанын да, халқын да ойланбай сатады.
Сондай-ақ Қазақстан өзіне-өзі қол салудан, отбасының ажырасуынан, некесіз бала туудан, түрмелердің саны жағынан әлемде үшінші орын алады. Елімізде әрбір үшінші отбасы ажырасады. Өзіне-өзі қол салудан қазақ қыздары әлемде бірінші орынға шыққан. 22 пайыз бала некесіз туады, 8 мың бала 25 елге сатылған, 2000 қыз шетелге тұрмысқа шыққан, 11% қаракөздер басқа дінге кіріп кеткен. Қылмыстың, дүниеге мүгедек балалардың көптеп келуінің, жастардың 80 пайызының денсаулығының әскер қатарына алуға жарамсыздығының, еркектердің 50 пайызының белсіздігінің басты себебі – маскүнемдік.
Мың өліп, мың тірілген қазақ тарихында мұндай жағымсыз жағдайлар ешқашан болған емес. Бұл біздің итімізге ар, мысығымызға намыс боларлық жайттар. Енді біз тәуелсіздік заманында, ел аман, жұрт тынышта бұндай індетке неге жол беріп отырмыз?
Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ қоғамындағы орын алып отырған осындай келеңсіз кемшіліктер жайлы халықаралық «Түркістан» газетіне мақала жазған болатынмын. Тақырыбын «Сыпайының сипағаны сұрағаны» дегендей «Қазақ ел болам десе…» деп қойған едім. Халықтың нағыз жанашыр, жаңашыл газеті мақаланың тақырыбын «Қазақ қайда қаңғырып бара жатырсың?» деп жариялады. Не деген батылдық, не деген қара қылды қақ жарған әділеттілік десеңізші? Осы рухани азғындауымыздың, азып-тозуымыздың салдары ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздігімізге қатер тудырмауы үшін, теріс, қауіпті процестерді тоқтату үшін, халқымыздың тәнін, жанын сауықтыру, рухани жаңғырту мақсатында Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялады. Өзінің ұлағатты ұсыныстарын, ордалы ойларын ортаға салды.
Ия, аспанда құстай болып ұшуды үйрендік, теңізде балықтай болып жүзуді де меңгердік, бірақ өкінішке орай адам болып, адамша өмір сүруді үйрене алмай-ақ келеміз. Егер осы қауіп-қатердің, аурудың, апаттың ет пен теріден өтіп, қанға, сүйекке сіңуінің алдын алмасақ, өз қатемізді өзіміз жедел жөндемесек, дұрыс адами, қазақи, адал, таза, түзу жолға түспесек, жаңғырмақ түгілі, қаңғырып кетеріміз сөзсіз.
Не істеу керек? Бүгін ойланайық, толғанайық, оянайық, ағайын! Ертең кеш болады.
Бірінші кезекте: Бүкіл ел, халық, қазақ болып, басшымыз бен қосшымыз, жасымыз бен кәріміз бәріміз жоғарыда айтылған, әлі де айтылмаған қауіпті індеттердің ауқымына, қарқынына, салдарына терең талдау жасап, оның тамырына балта шабу үшін жан-жақты ойластырылған батыл да жедел, қатаң да аяусыз шаралар қолдануымыз керек. Бүкіл қоғам болып, азғындардың аяғының астында жер жәннатындай етуіміз қажет. Оған қоғамның, халықтың күші де, құдіреті де жетеді деп ойлаймын.
Екінші кезекте: Осындай мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздігімізге кері әсер ететін қайсыбір жағдайдың пайда болып, қоғамда, адамдардың санасында, өмірінде орын алып, өрістеуінің алдын алатын, болдырмайтын, түбірімен жоятын қатаң заңдар шығарылып, оның орындалуын мемлекет және бүкіл қоғам болып қамтамасыз ету керек.
Бұрын «ел болам десең бесігіңді түзе» десек, енді «есігіңді де түзе», «терезеңді де түзе» дейтін заман туды. Біздің ашық-шашық есігімізден кімдер келіп, кімдер кетпей жатыр, жат елдің шетке шыққан шегірткелерінің қорығына айналдық емес пе? Тереземізден қаншалықты теріс үгіт-насихат, теріс идеология, бүлдіргіш ақпараттың ағыны кіріп жатыр десеңізші?
Сондай-ақ Мәңгілік ел болу үшін, өркениетті, өнегелі халық болу үшін, тарихтан тағлым алу үшін, болашағымыз баянды болу үшін, рухани жаңғыру үшін алдымызда тағы да бірнеше аса жауапты, тағдырлы міндеттер тұр.
Ол шілдеханадан бастап, жаназаға дейінгі, тал бесік пен табыттың арасындағы қазақ тарихында қалыптасқан елуге тарта рәсімдерімізді, әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрлерімізді уақыт, заман талабына, бүкіләлемдік, бүкіл адамзаттық мәдениетке, өркениетке сәйкестендіріп, артығын алып тастап, жетпегенін жетілдіріп, жаңартуымыз, жаңғыртуымыз керек. Ол біздің өзіміз, өміріміз, өмір салтымыз, болмысымыз, болашағымыз. Оны тәртіпке келтірмей, реттемей, адамдарымыздың санасын, салтын рухани жаңғырта алмаймыз, іргелі ел, қабырғалы халық, қазақ болып қала алмаймыз.
Қазақта «Ас көп болса, кәде көп» деген сөз бар. Қазір бүкіл қазақ есепсіз ас пен тойдың әлегімен әуре. Қазақ дәстүрінде той және томалақ деген ұғымдар бар. Қызды ұзату, ұлды үйлендіру, сүндет – бұл той, ал қалғанының бәрі томалақ болып есептеледі. Той-топыр емес, ас ішіп, аяқ босататын жер емес, той – кезекті көңіл көтеру кеші емес, той – ұрпақ, рух салтанаты, тарихи, мәдени шара, мәдениет, өнер, өнеге, тәрбие мектебі. Той – тарихтан тағлым, қазақтың ұлылығынан ұлағат алатын орын. Ал енді осы тойлар, томалақтар бізде қалай өтіп жатыр? Кез келген дәстүрдің озығы да, тозығы да бар емес пе?
Бірінші кемшілігі: шақырылған қонақтардың алыстан, жақыннан келіп кетуін, 1-2 сағат кешігіп басталуын қоса есептегенде бір тойға 6-7 сағат алтын уақыт кетеді. Бұл бір жұмыс күні емес пе? Онсыз да біз демалыс күндерін, таусылмайтын 3-4-5 күннен тұратын мереке күндерін, 39 күндік еңбек демалысын қоса есептегенде әр жылдың тең жартысына жуығында жұмыс істемейміз.
Ендеше жұмыс істемей, қалай жақсы тұруға болады?
Дүниеде ең қымбат нәрсе ақша да, алтын да емес – уақыт. Уақыт –қоғамның, мемлекеттің, халықтың, жеке адамның ортақ меншігі, байлығы. Оны жекешелендіруге болмайды. Жеке-дара біреудің уақытын ерікті-еріксіз иемдену, жеу – барып тұрған мәдениетсіздік, жабайылық, ұрлық, ысырап, сыбайлас жемқорлық, қиянат, имансыздық деп бағалауымыз керек.
Әдетте біз үйі жоқ адамды үйсіз, көлігі жоқ адамды көліксіз, білімі жоқ адамды білімсіз, жұмысы жоқ адамды жұмыссыз, ұяты жоқ адамды ұятсыз, көргені жоқ адамды көргенсіз дейміз. Ал өзінің той-томалағына арнайы шақыра отырып, сол азаматтардың алтынға пара-пар уақытын бағалау былай тұрсын, мақтаншақтықпен, бетбақтықпен өз қалауынша билеп-төстейтін дәл мұндай сорақы көргенсіздік әлемнің бірде-бір елінде, бірде-бір халқында жоқ.
Екінші кемшілігі: тойға жарыспен, бәсекемен, даңғазылықпен, дарақылықпен есепсіз көп адамдардың шақырылуы. Тойға біздіңше, туыстар, жекжаттар, әріптестер, достар, жолдастар, өзің жақын білетін, өзіңді жақсы танитын, жақсы көретін, отбасылық қарым-қатынастағы тілеулес адамдар ғана шақырылуы керек.
Ал өмірі үйіңді көрмеген, үйін көрмеген, есігінің қай жаққа қарай ашылатындығын білмейтін адамды тойға шақыру да жөнсіз, жосықсыз, ретсіз жағдай, көпшілік оны тек ақша жинаудың, ақшасын қайырудың шарасы деп бағалауда. Басқаша қалай бағалауға болады?
Үшінші кемшілігі: той-томалаққа негізінен тек қолында байлығы, билігі бар адамдар ғана шақырылады. Онда жетімді, жесірді, мүгедекті, жоқ-жұқаны, кем-кетікті, төңірегіміздегі мыңдаған әлжуаз, қамқорлыққа зәру топтың бірде-бір уәкілін көрмейсің. Осының өзі нағыз әділетсіздік емей немене?
Төртінші кемшілігі: тойлардың басым көпшілігінде нағыз аста-төк ысырапқа жол берілуі. Ислам қағидаларында ысырапты шайтанның ісі деп бағалайды. Қажет пе, қажет емес пе, жей ме, жемей ме, онда ешкімнің де шаруасы жоқ, әйтеуір дастарқанды толтырып, жайнатып қою міндет. Көп жағдайда есепсіз, талғамсыз дайындалған тамақтың 70-80 пайызының ысырап болуы ешкімді де ойландырар емес. Тіптен банкіден несие алып, той жасап, кейін қарызын қайтара алмай қиналып жүрген жандар қаншама?
Бесінші кемшілігі: жаппай ішімдікке салыну. Кей жерлерде қазан-ошақтың басында жүрген келін-кепшіктерден бастап, жастар, ауыл ақсақалдары да тойдың бар қызығы тек арақ ішу деп біледі.
Алтыншы кемшілігі: тойдың үштен бір уақытын дайындығы жоқ, дәрежесі төмен, мәдениеттен бейхабар, өзін де, өзгені де сыйламайтын асабалар алады. Олар әрі-беріден соң тіпті зиялы қауымды да өздерінше оқытып, жеңіл-желпі әңгімелер айтып, ретсіз, парықсыз, әдепсіз әзіл-оспақтарға бой алдырып, жұртты мезі етеді. Сондай-ақ сондай асабалар атқаратын беташарлар да бетімен кеткен рәсімдердің бірі.
Жетінші кемшілігі: өтіп жатқан тойлардың басым көпшілігінің деңгейінің, дәрежесінің, тәрбиелік мәнінің төмендігі, өнеге, үлгі, сабақ аларлық ештеңенің жоқтығы. Айқай-шудан, мәнсіз, мағынасыз әннен, әдепсіз биден, даңғаза музыкадан басың айналады. Оннан, жиырмадан, отыздан топтап сөз беріледі, той-томалақ үлкен бір мылжыңбайлардың ұзын сонар жиналысына айналады. Сонда да тойдың аяғы кәдімгі бітпейтін наз, дауасыз дау, өкпе-реніш. Тойдан демалып, көңілденіп, шаттанып қайтудың орнына ренжіп, еңсең түсіп езіліп, шаршап қайтасың.
Ал енді осы той-томалақтарды қалай реттеуге болады?
Бұл– аса өткір, өміршең маңызды мәселе.
Той жөнінде Өзбекстан, Тәжікстан президенттерінің, Қытай басшылығының арнайы жарлық шығаруы, Елбасының бірнеше рет ерекше ескертпе жасауы, тегіннен тегін емес.
Тойлар қандай шарттарға, қандай талаптарға, қандай өлшемдерге жауап беруі қажет? Міне, бұл да ел-халық тағдырына жауапты, жанашыр, жаңашыл көкірегі ояу, көзі ашық әрбір азаматты ойландыруы керек. Барлық қазақи, діни, елдік, халықтық шаралардың біріншіден: ең басты құндылығымыз адамдардың денсаулығына, екіншіден: өміріміздің өзегі мен темірқазығы жұмысқа, үшіншіден: елдің, халықтың ауызбіршілігіне зияны тимеуі тиіс, төртіншіден: ретсіз шығын мен ысырапқа, даңғазылыққа, дарақылыққа, жарысқа, бәсекеге жол берілмеуі қажет.
Біздер, ардагерлер ұйымдары, дін жетекшілері, жергілікті билік, зиялы қауым осы аталған талаптарға сәйкес келмейтін шараларға жол бермеуіміз керек. Тойларды өткізудің мәдени, тәрбиелік, әдептілік, ұлттық, ұлағаттылық мазмұндағы 2-3 сағаттық қызғылықты бағдарламалары жасалып, қазіргі қалыптасқан той өткізу мерзімін екі есеге қысқарту қажет деп есептейміз. Осы бағдарламаны жүзеге асыра алатын, лицензияланған асабалар дайындалуы қажет. «Мұсылман болу әсте, әсте, кәпір болу бір пәсте» дегендей бірте-бірте ішімдік мөлшерін азайту, шараптың жеңіл түрлеріне көшу, түптің түбінде ішімдіксіз, қымыз, қымыранмен той өткізу – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселелерінің бірі. Арақ – біздің атамыздың асы емес. Тойда топтап сөз беруді доғару, сөйлеушілердің санын азайтып, 4-5 кісіге дейін жеткізу аса қажет шаралардың бірі.
Атам қазақ ешқашанда жаппай жарысып сөйлемеген, бір дуалы ауыз адам сөйлеп, басқалары тыңдаған. Қазақ адам түгілі төрт түлік малды да топтап, бірге қамамайды, есек пен атты, түйе мен өгізді арбаға парлап жекпейді. «Атымды ата да, сыбағамды итке таста» деген қазақтың ұрпағымыз ғой. Сол 20-30 сөйлеуге тиісті топтың атынан бір-екі кісіге сөз берілсе, өте орынды болар еді.
Қазақ торқалы тойлар мен кәделі астардың арқасында іргелі ел, қабырғалы халық болған. Қазақ тарихында астар ас ішіп, аяқ босатар даңғаза шара емес, халықтың, елдің, бірлігіне, тірлігіне, өміріне байланысты «жер дауы, жесір дауынан» бастап, барлық дау-дамайдың, ұрыс-керістің, барымтаның, құн алып, құн берудің соңғы нүктесін қоятын, қара қылды қақ жарған әділдік, шындық шыңы ретінде қарастырылған. Ас деген үш жүздің, 46 тайпаның, 345 рудың басын қосатын және халықтың, елдің, мемлекеттің іргесін бүтіндейтін, төңірегін түгендейтін мерейлі, мәртебелі, мағыналы, мақсатты, ұлан-ғайыр шара болған. Ас – қазақтың бәйгесі, көкпары, күресі, айтысы, әні, сәні, көрмесі, мәдениеті, өнері, өмірі, өзі, қазақтың дәрежесі, деңгейі, бет-бейнесі, болмысы. Дана қазақ бір астың аясына қазір әлемде жоғарғы деңгейде өтіп жатқан спартакиада, олимпиада, фестиваль, конференция, конгресс, симпозиум, съездердің атқаратын ауқымды міндеттерін сыйдыра білген.
Мұндай 500-700 үй тігетін, соншама бір түсті бие сойылатын, әр үй Сібірден әкелінген жолбарыстың терісімен, Бұхара, Хиуа кілемдерімен әшекейленген, арбамен нан тарататын, жорғамен табақ тартатын, 1000 саба қымыз ішілетін, қазақтың кең-байтақ жерінің түкпір-түкпірінен апта, ай жүріп атпен келген 10000-дай қонақтарға айдалада қажетті жағдай жасайтын бұндай ас әлемнің бірде-бір елінде, бірде-бір халықта болған да емес, болмайды да.
Қазір егеменді елімізде астар уақытқа, заманға, қалыптасқан жағдайға байланысты жаңаша үрдісте өтуде. Астарда бәйге шаптыру, көкпар беру, тоғыз құмалақ, күрес, футбол сияқты спорттың түрлерінен облыстық, республикалық, мемлекетаралық, жарыстар өткізу дәстүрі қалыптасуда. Бұл құптарлық та, қолдарлық та жаңалық.
Ал енді астардың кемшілігіне, теріс тұстарына келер болсақ, жоғарыда толық дерлік талданған тойлардың кемшіліктері, өкінішке орай, астарда да айна қатесіз түгелдей қайталануда. Ең өрескел кемшілік сол, кейінгі кезде астардың дастарқан мәзірі тойлардікіне теңесіп, есепсіз ысырапқа жол берілуде. Ас дастарқанына желінетін де, желінбейтін де, қажет те, қажет емес те, тегі дүдамал тағамдар талғамсыз қойылуда. Тіптен ішімдікке бейімделген ащы салаттар, колбаса, сыр, селедка бәрі-бәрі бар. Құдай-ау, қазақтың дастарқаны қай заманда осындай болып еді? Көп жағдайда дайындалған тамақтың төрттен үш бөлігі желінбей қалады. Ас дастарқанында қазақтың ұлттық тағамдары нан, бауырсақ, шелпек, майсөк, жент, құрт, ірімшік, сорпа, ет немесе палау желінетін мөлшерде ғана болып, ысырапқа жол берілмеуі керек қой.
Келесі өрескел кемшілік – ас өту мерзімінің ұзақтығы. Кейбір астардың келу, кету уақытын қоса есептегенде 2-3 сағатқа созылатындығы бәріңізге белгілі. Менің соңғы жылдары байқап жүргенім, облыс әкімі қатысқан аса мәртебелі азаматтардың асында 4-5 адамның ғана сөйлеп, астың бір сағаттың аясында бітуі.» Мың қарға шақырса да жаз болмайды, бір қаз қаңқ етсе жаз шығады» деген – осы да. Осы үлгіден, осы өнегеден менің түйген ойым, бүгінгі нақты ұсынысым – алдағы уақытта облыста өтетін астардың, тойлардың тізгінін әкімдіктер, ішкі саясат, мәдениет басқармасы алып, тиісті тәртіп қалыптастырғаны дұрыс болар еді. Осындай біздің тарихи, тағдырлы, ұлттық дәстүрлерімізден артық қандай мәдениет, қандай ішкі саясат, қандай рухани жаңғыру болуы мүмкін?
Біздің халқымыздың тарихында адамның дүниеден өтуі қаншалықты табиғи, тағдырлық іс болғанымен, ол – өте ауыр, қайғылы, қасіретті орны толмас оқиға. Әр аймақта өлікті жөнелтудің әртүрлі дәстүрлері қалыптасқан. Әрине, оның дұрысы да, бұрысы да бар, артығы да, кемі де бар. Халықта: «Өлім ортақ, жау серік» деген сөз бар. Өлім ортақ дегені – туу болса, өлу де болады дегені, тал бесікке тиген арқа табытқа да тиеді, өлмей адам қалмайды, өлім кезекпен бәріне де, бәрімізге де келеді, сондықтан ортақтасып атқарыңдар, біріңді бірің сүйеңдер, демеңдер, жәрдемдесіңдер дегені.
Өлім қаншалықты қайғылы болғанмен ағайын мен ағайынның, әулет пен әулеттің, халықтың, елдің арасын жақындататын, туыстыратын, жуыстыратын, ауызбіршілігін қамтамасыз ететін киесі, қасиеті бар. Қазақ адам дүниеден өткенде арадағы, әдетте өмірде болмай тұрмайтын өкпе-ренішті, дау-дамайды, кикілжіңді жиып тастап барып көңіл айтады, қайғысына ортақтасады, төс түйістіріп көріседі, осыған дейінгі жіберілген кемшіліктер, қателіктер, ағаттықтар қай жағынан болса да кешіріледі, қайтадан дос, жолдас, туыс, жекжат, ағайын болып жүре береді. Міне, елдің, халықтың ауызбіршілігін қамтамасыз етудегі, қалыптастырудағы өлімнің осы мәмлегерлік қасиеті мен құдіретін тиімді пайдалана білуіміз керек.
Сондықтан да, өлім-жітімге байланысты өткізілетін барлық шараларға халықтық, мемлекеттік аса маңызды іс деп қарағанымыз абзал.
«Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген де сөз бар. Бізде қазір өлік үлкен шығынмен, шашып-төгумен, ішіп-жеумен, алып-берумен, бәсекемен, атан жарыспен атқарылуда. Онсыз да ауыр қазадан, қайғыдан қан жұтып, қабырғасы қайысып, омыртқасы майысып отырған отбасына осының бәрі ретсіз, жөнсіз, өліге де, тіріге де пайдасы жоқ қосымша бейнет, қосымша салмақ, қосымша қайғы, ақылға қонбайтын артық жұмыстар.
Біздіңше қазалы үйден қазан көтерілмеуі керек. Өлік шығып жатқан үйден тамақ ішу дұрыс емес. Қазалы үй қарын толтыратын жер емес. Қайта барлық туыс, жора-жолдас, ағайын, ұжым, көрші-қолаң болып 3-4 күн қаралы отбасын, оның әрбір мүшесін ерекше қамқорлыққа алып, олардың қайғысын жеңілдетуге, барлық шаруадан, қосымша міндеттерден түгелдей босатуға күш салу қажет. Біздің аймақ үшін ең өткір, өміршең мәселе – қонақасы беру мәселесі болып тұр. Қонақасы деген аты айтып тұрғандай, о заманда да, бұ заманда да сырттан, алыстап келген қонақтарға көрсетілетін қызмет. Өлік жерленбей тұрып қонақасы беру рәсімі мүлдем дұрыс емес. Дін де, дәстүр де бұған түбегейлі қарсы. Ас-садақа өлік жерленгеннен кейін берілуі керек. Сонда тірі де, өлі де, Алла да разы болады деп білеміз.
Сондай-ақ қазалы жандар есінен танып жатқанда сөмке алып келіп, оған жауап күтіп, тепсініп тұруды үзілді-кесілді тыю керек. Бұл – нағыз барып тұрған мәдениетсіздік, жабайылық, бұл да бірде-бір елде, бірде-бір халықта жоқ дәстүр. Тағы да бір ойланатын мәселе, қазақта тас ату, топырақ шашу деген ұғымдар бар. Дүниеден өткен кісінің ең жақындарының, ең жанашырларының, көпшіліктің көзінше қолға кезекпе-кезек күрек алып, асарлатып топырақ ату – өте ыңғайсыз, дөрекі, жабайы көрініс. Оның да бір мәдениетті үрдісін тапқан жөн сияқты. Мысалы, Алматыда, мынау іргеміздегі Таразда топырақты алдын ала қапқа салып дайындап қойып, сыпайы ғана тиісті орнына жайғастырып жатыр. Бізге де осылай істеудің не қиындығы бар? Сондай-ақ ақша тарату, жаназаның үстінде жүзге, руға арналған шапандарды айқайлап, ұрандатып тапсыру да қолдауға жатпайтын теріс үрдіс. Бұл үрдістің онсызда бөлінуге, жарылуға бейім, сыныққа сылтау іздеп жүрген қазаққа зияннан басқа көк тиындық пайдасы жоқ.
Ия, қазақта адамды сыйлау, құрметтеу, ұлықтау, ат мінгізу, тай сойып, қонақасы беру, ішік, шапан жабу рәсімдері болған. Бірақ осындай құрмет, сый – жаппай көрсетілмеген және үлкен талғампаздықпен, ішінара, белгілі жағдайда ғана, елге, халыққа құрметті кісілерге ғана жасалған. Қазір елімізде жаппай шапандандыру үрдісі етек алып барады. Қайсыбір астар мен тойларда 30-40 шапан таратылуда. Кейбір ардагерлердің үйіндегі жиналған шапан қоры 100-ге дейін жетіпті. Бірақ өкінішке қарай, бірде-бір адам үйде де, түзде де шапан киіп жүрмейді. Осы шапандандыру үрдісі басталған егемендіктің алғашқы жылдары облыс басшысы кезімде «ағайындар, шапанның қадірін кетіріп, шұлғау қылып алмаңдар» деп дер кезінде ескертіп-ақ едім, ешкім құлақ аспады. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген – осы да. Қазір халқыма айтарым, айналайындар, жаппай шапандандыруды доғарыңдар, мүмкіндіктеріңе қарай, адамға қажет, пайдаланатын зат сыйлаңдар, ағайын.
Ендігі бір назар аударарлық мәселе – ол өлікті сақтау, жуу мәселесі. Мүмкіндігі болғанша өлікті бір түнетуден артық сақтамау керек. Біздің жағдайымызда 40 градустық шыжыған шілдеде көп қабатты үйдің бір, екі бөлмесінде өлікті сақтау, жуу мүмкін емес. Сондықтан мешіттердің, ауруханалардың жанынан өлікті сақтайтын, жуатын арнайы орын дайындалып, олар барлық сақтандыру шараларынан хабардар, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген арнайы маманмен жасақталуы керек. Өйткені жұқпалы аурудан, түрлі апаттардан, кісі қолынан қайтыс болған мүшесіз жандарды жуу – кез келген туыстардың, ағайындардың қолынан келе бермейтін іс.
Енді мазарларға да назар аударатын уақыт жетті. Дүниеде өлі көп пе, әлде тірі көп пе? Әрине, өлі көп, өйткені адамның дүниеге келетін бір ақ жолы, ал дүниеден өтетін тоқсан тоғыз жолы, себебі бар ғой. Атам қазақ топырақтан жаралған адам бәрібір топыраққа айналады деп өлген кісіні түбінде бәріміз де баратын ортақ анамыз жерге жерлеген, асып кетсе, қам кесектен сыпа, кесене, төрт құлақ тұрғызған, 50-100 жылда бәрі де топыраққа, жерге айналып кететін болған. Сондықтан да өлілердің тірілерден көптігі байқалмай келген. Адам атадан бері 90 миллиард адам дүниеге келіп, 83 миллиарды өліп, қазір әлемде 7 миллиардтың үстінде адам өмір сүруде. Қазір бір елдімекеннің төңірегінде бірнеше зираттар пайда болды, тірісінде бір ауылға сыйған ағайындар өлгесін бір зиратқа сыймайтын болып барады. Теміржолдың, автомобиль жолдарының жағасынан зәулім, қызылды-жасылды ескерткіштер, кесенелер, ғимараттар атан жарыспен бой көтеріп, молалар қалаға айналып барады. Егер осы қарқынмен кете берсе 40-50 жылдан кейін мынау тірілердің елі ме, әлде өлілердің елі ме деген сұрақтың туындауы әбден мүмкін. Бүкіл әлемде мазарлар қасиетті, киелі, ғибадат орны, мәдениет ошағы болып есептеледі. Онда адамдар демалады, серуен, саяхат жасайды. Біздегі жердің де, тірінің де, өлінің де егесі жергілікті әкімшілік органдары бұл маңызды мәселеде де бүкіл әлемдегідей тиісті мемлекеттік тәртіп орнатуы кезек күттірмейтін өткір, өміршең мәселе деп есептейміз.
Келесі мәселе – отбасы құндылықтарының құлдырап кетуі. «Отан от басынан басталады», оны қара шаңырақ, құттыхана мешіт, құтты қоныс, құтты мекен, алтын ұя деп те атайды. Табалдырықтан биік тау жоқ, дастарқаннан, төрден артық қасиетті, киелі орын жоқ. Келін түсіру, оның бетін ашу, неке қию, ат қою, шілдехана, бесікке салу, тұсаукесер, сүндетке отырғызу, дүниеден өткен кісінің бейсенбілігі, жетілігі, қырқы, жүзі, тағы да көптеген әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрлер отбасында өту керек. Қазір осы ұлттық қазақи шаралардың басым көпшілігі мейрамханаларда өтіп жүр.
Оның үстіне қазақтың «Аллаға жағам десең азанды бол, халыққа жағам десең қазанды бол», «Асың барда, беріп жүріп ер таны, атың барда, желіп жүріп, жер таны», «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол», «Бір күн дәмдеске қырық күн сәлем», «Сен қонақ болсаң мен құлмын, мен қонақ болсам, сен құлсың», «Қонақ кірсе есіктен, бәлекет кетер тесіктен» дейтін даналық қағидалары әдрам қалып, қазір жұрт үйіне қонақ та шақырмайтын болып барады. Әрине, зәулім сарайлардың қаңырап бос тұрғаны өкінішті-ақ.
Данышпан Қорқыт бабамыз: «Қонақ келмейтін үйдің қирағаны дұрыс», – деп бекер айтпаған болар.
Олай болса, от басының, ақ дастарқанның қасиетін, құдіретін, киесін, қазақи дәстүрлерімізді, отбасының мәртебесін қалпына келтіріп, рухани жаңғыру үшін ұтымды пайдаланайық!
Ұлтымыздың кемел келешегі мен жарқын болашағына, саулығы мен салауаттылығына, сыр-сымбаты мен қадір-қасиетін арттыруға, заман, уақыт талабына сай рухани жаңғыруына қатысты бірқатар өзекжарды ойларымды ортаға салдым.
Айтылған пікірлердің, сындардың, ұсыныстардың артығы да, кемі де, дұрысы да, бұрысы да, ащысы да, тұщысы да болуы әбден мүмкін. Атам қазақ: «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады»,– демей ме? Мен сіздерге, бүкіл елге, халыққа ортақ, дос, жанашыр, тілектес адаммын. Сондықтан айтқандарымның артығы болса, менің шіркін-ай осындай болса деген арманымнан, қиялымнан туған ойлар деп қабылдап, кемі болса кешірерсіздер. «Айтып өткен ақында арман бар ма» дегендей, біздің үлкендік міндетіміз – парызымыз айтып кету. «Айтарыңды айтып кет, айта алмайсың қайтып кеп» деген сөздер де біздердей кісілерге, жасы шектеулі ақсақалдарға арналса керек. Олай болса, ұлттың тағдырына тікелей байланысты осындай ұлағатты әңгімені бүгін айтпағанда, қашан айтамыз, сіздерге айтпағанда кімге айтамыз? Қоғамымызда орын алып отырған кемшілік, қателіктерімізді жөндеуді біздің әрқайсысымыз ең алдымен мына өзімізден, өз отбасымыз бен әулетімізден бастап, жалқыдан жалпыға қарай көрші-көлем, ұжым, ауыл, аймақ болып қолға алуымыз қажет.
Енді, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» дегендей жалпы, түпкілікті, кең көлемде мемлекеттік, бүкілхалықтық деңгейде не істеуіміз керек?
Бірінші: қазір бізге мемлекеттік, ұлттық идеология керек. Мемлекеттік идеология – Қазақстандағы барлық ұлттар мен ұлыстардың Конституциядағы бекітілген теңдігін қамтамасыз етеді. Ал ұлттық идеология – ұлтымыздың алдында тұрған сан алуан өткір, өміршең, тағдырлы, тарихи мәселелерді шешіп, мақсаттарымыз бен мұраттарымызды қамтамасыз етуі тиіс.
Ислам мемлекеттік идеологияға негіз, өзек болып, ұлттық идеологияның барлық талаптары мен сұраныстарын толық қамтамасыз ете алады. Әлемнің 50 елінде дін мемлекеттік идеология болып есептеледі. Жақында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «біздің Конституциямыз – Құран» деп жаһанға жар салды. Біз үшін бұдан басқа тура, түзу, төте, таза да дұрыс жол жоқ.
Екінші: біз жаңғыруды, жақсылықты, жаңалықты, тағылымды, не істеу керектігін өз елімізден, жерімізден, қазақи қасиеттерімізден, өзіміздің төл тарихымыздан алуымыз керек. Қазақ Абылайханның ақ жолымен, Есімханның ескі жолымен, Қасымханның қасқа жолымен жүріп, Тәуке ханның жеті жарғысының қағидаларымен өмір сүріп, ешкімнен де артық болмаса кем емес арлы, намысты, иманды, антына адал, сертіне берік халық болған. Бүкіл қазақ сын сағаттарында төрт-ақ ұранның төңірегінде топтасып, жүрек те, білек те, тізе де қосып, бірігіп, жұдырықтай жұмылатын болған. Асар десе, халықтың күнкөрісінің барлық шаруаларын бүкіл ауыл болып асарлатып тегін орындап тастайтын болған. Аттан десе, ауыл азаматтары түгелдей белдеудегі байлаулы аттарына қонып, ауылын, жерін, малын басқыншылар мен шапқыншылардан, барымташылардан қорғайтын болған. Алаш десе, бүкіл қазақ атқа қонып, елін, жерін, халқын жаудан қорғайтын болған. 300-400 жыл аттан түспей соғысып жүріп ұлтарақтай жерін де ешкімге таптатпаған. Алас десе, елдегі ұрыларды, қарыларды, тентектерді, телілерді, бұзықтарды, бұзақыларды есекке теріс қаратып мінгізіп, мойнына құрым киіз байлап, бетіне күйе жағып, артынан топырақ шашып, ауылдан аластайтын болған. Бұл не деген өлімнен де ауыр ар жаза десеңізші?!.
Сондықтан да қазақ тарихында, қазақ дәстүрінде қазақи тәрбие, қазақи тәртіп болған. Жоғарыда айтылғандай, әлі де айтылмаған өрескел, жантүршігерлік рухани азып-тозу, азғындау болмаған. Бізге осыдан артық қандай үлгі, қандай өнеге, қандай бағыт, қандай бағдар керек?
Ел болам десең бесігіңді де, есігіңді де түзе, адастырмай алып шығар ақылыңа жүгініп, халықтық қамыңды қыл, қайратыңа мін, қайсар қазағым!…