Нұрқожа көпірі
Бүгінгі күнге дейін Лақалы, Отгон, Тасарық елді мекендеріндегі халыққа қаншама жылдан бері жол қатынасы жағдайын жасап тұрған Қуандария басында ескі көпір болды. Бұл өткелді жасаған осы өңірдің тұрғыны Нұрхожа деген атамыз екен. Осы туралы қызықты деректі ауылымыздағы жасы тоқсанға келген Шахан Досжанов атадан естідік. Сыр аймағына атымтай жомарттығымен танымал тұлға Нұрқожа атамыздың əкесі Сырлыбай 1740 жылдары өмір сүрген, ол аумаққа белгілі хан болып, халыққа билік жүргізген. Ұрпақтары Нұрман, Нұрқожа, Айтмамбет. Нұрқожа қайырымдылығымен танылып, атамыз ел ішіндегі жарлы-жақыбайларға малдан, ақшадан көмек берген.
Қазалы жерінде сағасын жоғарыдан алатын Қуаң деген кіші өзен бар. Сол Қуаңнан арғы бет, бергі бетке өту көпшілікке өте қиындық келтірген болған, қаншама адам суға кеткен. Иманды жан Орынбордан түйемен ағаш тасып, ағыны бөгет бермейтін Қуаңның үстіне көпір салдырған (былтыр бюджеттен ақша бөлініп, оның жанынан жаңа көпір салынып, пайдалануға берілді) Нұрқожа атамыздың қолының қайыры, жомарттығы жөнінде ел ішінде әлі-күнге əңгімелер көп. Соның бірі былай өрбіді. Оның елге берген қарыздары жазулы үлкен қалың кітап болыпты, бақилық сапарына аттанар алдында балалары «елден қарыздарымды сұрап жүрмесін» деген ниетпен оны өз келісімімен өртетіп жіберіпті. Мұсылмандық қағида бойынша:
шөлге құдық қазған, өзенге көпір салған, жолға ағаш еккен адам мол сауап иемденеді деген пікір бар. Олай болса Нұрқожа бабаларымыздың ізгі жолы келешек ұрпақтарына әрдайым үлгі-өнеге болып қаларына күмән жоқ.
Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласын негізге ала отырып, өткенімізді саралап, санамызды жаңғырта түссек нұр үстіне нұр болар еді.
Мейрімхан МАҚСАТБАЕВ,
Лақалы ауылы.