Астаналық өнерпаздар Сыр халқына тарту жасады
Елорданың мәдени күндері аясында «Мәңгілік бала бейне» атты қуыршақ театрының қойылымы, «Ақ тілекпен, Астана!» көрмесі және қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев астаналық қонақтарды 20 жылдық мерейтоймен құттықтап, жаңа жетістіктер тіледі. «Бүгінде Астана ең қысқа мерзімде салынып, әлемді сүйсінткен, жаһандық сәулет өнеріндегі бірден-бір қайталанбас «Ғасыр жобасына» айналды. Биыл - Астана қаласының 20 жылдық мерекесі өтсе, енді Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Қазақстанның алғашқы және бүгінгі Астанасының арасындағы осы бір байланыс көп нәрсені аңғартса керек. Астананың 20 жылдық мерейтойына облыстан сый ретінде зымыран - ғарыштық техника музейінің ашық экспозициясының құрылысы Елбасының қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Байқоңыр ғарыш айлағы - қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың мақтанышына айналған тарихи кешен»,-деді аймақ басшысы. Айта кетейік, биылғы жылы Сырдарияның сол жағалауында Астана іспетті жаңа қала салынуда, оның ішінде 1925 жылы ұлтқа «қазақ» атауын беру туралы тарихи шешім қабылданған бұрынғы ҚазОАК ғимаратының сызбасына сәйкес қайта жаңғыртылып жатқан «Рухани жаңғыру» орталығы салынды. Астана делегациясы Қызылорда облысына жасаған сапар барысында аймақтың тарихи, мәдени, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарын аралап көрді. Қармақшы ауданындағы Қорқыт Ата мемориалдық кешені, Мемлекеттік рәміздер аллеясы, сол жағалаудағы «Рухани жаңғыру» орталығы, Кәсіпкерлер палатасы, IТ паркі және т.б көрнекі орындарымен танысты. Астана қаласының Қызылорда облысындағы күндері бүгінде жалғасады. Елордадан келген меймандар Ә.Тәжібаев атындағы IТ паркі, «Достық үйі» жұмысымен және Сырдария ауданы Бесарық ауылының тыныс-тіршілігімен танысады.