Астананың 20 жылдығы: Қызылордалықтар елордада ғарыш музейін салады

«Байқоңыр ғарыш айлағы - қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың мақтанышына айналған тарихи кешен. Сондықтан Астананың мерейтойына орай елордада «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран тасығыштары мен «Боран» орбитааралық кемесінің макеттерінен құралған зымыран-ғарыш техникасы музейін салуды ұйғардық. Музей ашық аспан астында орналасады,», - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі кездесу барысында, сондай-ақ Қызылордадағы тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және әлеуметтік-экономикалық дамудың басқа да маңызды бағыттары туралы айтты.
Қ.Көшербаев ағымдағы жылға арналған жоспарларды айқындап, нақты тапсырмалар жүктеді.
«Осы жылы біз - Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдығын жоғары деңгейде атап өтетін боламыз. Бұл екі мерейтойдың біздер үшін тарихи маңызы ерекше. Себебі, Астана - Тәуелсіз еліміздің елордасы болса, Қызылорда - 1925-1929 жылдары еліміздің тұңғыш астанасы мәртебесін иеленіп, ұлтымызға ресми түрде қазақ деген атауды алып берген тарихи шешімдер ордасы. Жыл бойы көптеген халықаралық, республикалық және облыстық іс-шаралар ұйымдастырылып, ауқымды нысандар ашылады. Оның бірі - Қазақ орталық атқару комитетінің байырғы ғимаратының үлгісінде салынған «Рухани жаңғыру» орталығы»,-деп атап өтті облыс әкімі.