Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Музыка – менің мамандығым

Музыка – менің мамандығым

Кеңес жазушысы В.А. Сухомлинскийдің «Музыка арқылы тәрбиелеу – бұл музыкантты тәрбиелеу емес, ең алдымен адамды тәрбиелеу» деген сөзі бар. Осы нақыл сөзді өзінің өмірлік ұстанамына айналдырған жас ұстаздың бірі – Ақбота Сырлыбай. Ол аудандағы Қорқыт ата атындағы балалар өнер мектебінің қобыз сыныбы бойынша дәріс береді. Ақбота бұл мамандықты жүрек қалауымен таңдағанын айтады.
– Менің музыкаға қызығушылығымды оятқан өзімнің туған әпкем. Ол қазір өзім қызмет етіп жатқан мектепте дәріс береді. Соның айтуымен 2 сыныпта Ерпазыл Жүсіпов ағайдың класына қабылдандым. Одан кейін қызығушылықты арттырған осы ұстазым деуге болады. Негізінен әкем жағынан аға-әпкелерімнің бәрі музыкаға біртабан жақын. Кәсіби білімдері болмаса да, түрлі аспаптарда еркін ойнап, керемет ән салады. Сол қабілеттері маған дарыса керек, – дейді Ақбота Жақсыгелдіқызы.
Ел аузында адам бойындағы қабілет-қарымның 99 проценті – еңбектен, 1 проценті – таланттан тұрады деп жатады. Расымен егер қаннан дарыған талант болмаса, үлкен табысқа жету мүмкін бе?! Бірақ жетістікке жетіп, жеңіс тұғырынан көріну үшін таланттың өзі аздық етеді. Оған талмай еңбектенуде қажет-ақ. Ақбота маңдай тер мен тынымсыз еңбектің маңыздылығын жүрегімен түйсінеді. Онысын үнемі ізденісте жүретін талабы таудай жастың талпынысынан аңғардық. Ал қолынан үнемі тастамайтын аспабына деген құрметін көргенде тіпті қайран қалдық. Жаны бар затпен теңестіретіндей болып көрінді. Мұнысын байқап, себебін сұрағанбыз.
– Әрбір музыкант өзінің аспабына ерекше ықыласпен қарайды. Бұл таңданатын дүние емес. Қобыз – менің тұмарым іспеттес. Бұл аспаптың ерекше қасиеті бар. Тіпті бұл жайында түркілік сопылықтың негізін қалаушы Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың «Дүниеде ең ұлы (қасиетті) екі нәрсе бар: оның бірі – Құран, екіншісі – қобыз. Осы екеуімен де аққан суды теріс ағызуға болады екен. Адамның рухын көтеретін бірден-бір аспап – қобыз» дегені бар. Осыдан-ақ оның қандай киелі екендігін бағамдай беріңіз, – дейді ол.
Ақботаның басқа емес, дәл осы аспапты таңдауының да себебі осында болса керек. Оның үстіне қобыздың ішегінен төгілген сазды әуен де адамды өзіне елітпей қоймайды. Бұл да осы аспапқа деген қызығушылық мен махаббатты арттырғанға ұқсайды. Сол үнге ғашық болған ару Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы жоғары колледжінде аспапты кәсіби тұрғыда меңгеріп, бүгінде өзі алғаш оқыған өнер мектебінде шәкірт тәрбиелеп жүрген жайы бар.
– Қорқыт ата атындағы балалар өнер мектебінде жұмыс жатқаныма 6 жылға жуықтады. Осы аралықта оқушыларым жақсы деген бағамен бітіріп, бір оқушым колледжге оқуға түсті. Алғаш жұмысқа қабылданғанда балалармен жұмыс жасау аздап қиындық тудырды. Дегенмен уақыт өте солармен бірге өсіп, өзіме үлкен тәжірибе жинақтап келемін. Оқушыларыммен бірге жетістіктерге қол жеткізген сайын мамандығымның мен үшін қаншалықты маңызды екенін түсініп жүрмін, – дейді жас маман.
Ақботаның арманы тым бөлек. Өмірін музыкамен байланыстырған ару болашақта қобыздан бөлек, жетіген аспабын да меңгеріп, сол бойынша дәріс беруді армандайды. Мұнысын музыкаға деген сүйіспеншілігі деп түсіндік. Оның үстіне бұл оның таңдап алған мамандығы. Расымен Ақбота музыканы сүймесе, бұл мамандықты таңдамас еді. Орыс педагогы С.Т. Конёнковтың «Егер бала кезден музыканы сүймесем, мен еш уақытта өнер жолына түспес едім» деген сөзінің жаны бардай.
Арайлым ЖҮСІПОВА

30 қыркүйек 2023 ж. 445 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930