Роза рухын асқақтатты
«Ел мен елді бір-бірімен өнер жалғайды» деген тәмсіл қалған. Өнер ұрпақтан-ұрпаққа жоғалмай жететін халық мұрасы, мақтанышы һәм байлығы. Оның құндылығы сонша, бір-біріне қарым-қатынасы жоқ жатты жақындастырып, рухты үндестіретін қасиетке ие. Қазақ өнері өзінің дара талантымен танылған дарабоздарға кенде емес. Солардың бірегейі – КСРО Халық әрітісі, ҚР Халық Қаһарманы Роза Бағланова.
Саңлақ әншінің өмірден өзі озғанымен, оның мәңгілік мұрасы халық жадында жатталған. Жақында өнер иесінің туған жері Қазалы ауданы орталығында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Іңкәрім-ай» атты облыстық әншілер байқауы өтті.
Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға облыс көлемі аудандарынан сегіз талапкер қатысып, бақ сынады. Қатысушылар алғашқы кезеңде Р.Бағланованың ән қоржынынан әндер орындаса, екінші кезеңде өздері қалаған шығармалар шырқады.
Өнерпаздар өнеріне Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының балалар музыка шығармашылығының меңгерушісі Бағдагүл Есмұрзаева,ҚР мәдениет саласының үздігі Галя Оспан,«Қазақстан дауысы» жобасының қатысушысы, Қорқыт ата атындағы аудандық музыка мектебінің вокал класының оқытушысы, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы Гүлдана Мұратбай баға берді.
Байқау соңында үшінші орынды Қызылорда қаласынан келген Айбек Шүкіров пен шиелілік Сафуан Көрегенов алды. Екінші орынды Жалағаш ауданының намысын қорғаған Орнықхан Пазыл иеленді. Бірінші орынға қазалылық Мадияр Жеткерген лайық деп танылды. Бас жүлдені топ жарған қазалылық өнерпаз Сәкен Қуантқанұлы қанжығалады. Өзге де өнерпаздар Алғыс хат және ақшалай сыйлықпен марапатталды.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, әр қатысқан конкурстың өзіне тән ерекшелігі болады. Сондай бүгінгі байқау да бәсі жоғары, бағасы биік. Қатысушылардың ешқайсысы осал емес. Барлығының дерлік музыкалық білімдері бар.
Алғашқы сында Роза апамыздың репертуарындағы, композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Асыл арман» әнін орындасам, екінші бөлімде Муслим Магомаевтың «Синяя вечность» шығармасын орындадым», – дейді Сәкен әсерімен бөлісіп.
Бұл күні Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев ризашылығын білдіріп, қатысушыларға аудан әкімінің ыстық ықыласын жеткізді. Сахна шымылдығы Р.Бағланованың «Іңкәрім-ай» әнін әуелете айтып, сахналық отшашумен жабылды.
Серік АҚМЫРЗА