Суретшілік сиқырлы да сырлы өнер
Жер шарында сан алуан суретші бар. Оның ішінде еңбегімен төрткүл дүниені таңғалдырғандар болса, көзге ілінбей туындысы сандық түбінде шаң басып немесе ошақ ішінде күлге айналғандары да кездеседі. Әрине қиялға ерік беріп, ойға алған бейнені қағаз бетіне түсіру сіз ойлағандай оңай емес. Оған қоса туындының ойдағыдай шыққанын қалап, біршама парақтардың бетін бояумен ысырап етуге мәжбүр боласың. Сонан соң қиыншылықпен қолға алған сүйікті ісің нәтижесін берсе бөркіңді аспанға лақтырып, қуанышыңды айналаңдағылармен бөлісуге тура келеді.
Біле білсеңіз француз кескіндемешісі Огюст Ренуар сурет салуды жақсы көргені соншалық, тіпті қартайған шағында буын ауруынан саусақтары икемге келмей қалғанда қылқаламды білегіне байлап жұмысын тоқтатпаған. Одан бөлек әлемге әйгілі италияндық ұлы суретші Леонардо да Винчи бір қолымен сурет салып жатқанда, екіншісімен жаза алатын қасиетке ие екен. Бұл тұлғалардың өз еңбегін бағалап, барлығынан артық көргенін көз алдыңызға әкеледі.
Біздің елде қазақ сурет өнері төменгі деңгейде дей алмаймыз.Себебі қандас суретшілердің ұшар басында әйгілі кескіндемеші, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Әбілхан Қастеев тұр. Ал одан кейін жетістікке жетіп жүрген жастардың елімізде төбе көрсетіп жүргені анық. Бейнелеу өнерінен аудан өскіндері де хабарсыз емес. Оған дәлел аудандық оқушылар үйінде 4-5 сыныптағы балалардың аптасына екі мәрте үйірме сабағында дәріс алуы. Бүгінге дейін талай суретшілер осы жерде білім алып, туындысын көпшілік алдына шығарып, өнерлерін шыңдаған. Қазіргі таңда кішкентай бүлдіршіндерден жасақталған құрам ептеп жергілікті жерде танылып келеді. Олардың басым бөлігі №266 және №249 мектеп оқушылары екен. Топ-топқа бөлінген шәкірттер ортасындағы сурет үйірмесінің мұғалімі Ғалымжан Қабылов:
– Суретті асығыс салуға болмайды. Оған шеберлік керек, яғни қандайда бір көріністе адамның белгілі бір сезімі көрінуі қажет. Бұл жағынан аудан жастарының бейнелеу өнеріне деген талабы зор. Баланың мұндай қабілетін байқаған ата-ана біздің оқушылар үйіне алып келеді. Бастапқыда кескіндеудің жеңіл түрімен айналысқан бүлдіршіндер оның жолын түсінгеннен кейін негізгі бейнелерге ден қояды. Бұған дейін түрлі жарыстарда оза шапқан жасөспірімдер болды. Бірақ көбісі ержете келе басқа салаға кетіп қалды. Негізі сурет салуда салғырттық танытпаған жөн. Қанша дегенмен басқалар жасай алмаған нәрсе сіздің қолыңыздан келіп тұр емес пе?! – деген түйінді ойын жеткізді.
Қазірдің өзінде жергілікті жерде жоғары деңгейде сурет салып жүрген балалар да бар. Олардың басында Күнсәулет Ордабаева мен Азиза Илиясова есімді қыздарымыз тұр. Дегенмен екеуі де әлі күнге дейін республика көлеміндегі көрмеге қатыспаған. Бейнелеу өнерінде талантымен көрінген қос қызымыз алдағы уақытта жақсы нәтиже көрсететініне сеніміміз мол.
Кейбіреулер сурет салуды уақытша әдетке айналдырады. Сонымен қатар бізде мұның бағаланбайтынын айтып, туындысын шетел жұртшылығының алдына шығаруды құп көретіндер де бар. Бұл жайлы сурет салуды сүйікті ісіне айналдырған Перизат Бақытқызы:
– Жұмыстан бос уақытта қағаз бетін бедерлеген қатты ұнайды. Түрлі құбылысты бейнелеу арқылы демалып қаламын. Ара-тұра әлеуметтік желідегі пікірлерге көзім түссе кейбір адамдар Қазақстанда бұл саланың дамымағанын, басқа жаққа кетуді айтып жатады. Шындығында жат елде сан мыңдаған кескіндемешілер бар. Олардың көлеңкесінде қалып қою басты қорқыныш. Керісінше, талантыңмен Қазақстанды таңғалдырып, одан соң өзге елге бару дұрыс болатын секілді, – деді.
Сурет салу аса бір шыдамдылықты қажет ететін өнер. Миллиардтар арасынан ерешеленіп, өзгелерден дараланып айналаңды таңғалдыру туа біткен дарын, болмаса басыңа түскен бақ болуы ғажап емес. Өйткені басқалардың жасай алмаған дүниесін жарыққа шығару қажымас еңбекті талап етеді. Сол секілді жан-тәнін, бар уақытын бір кескінге беріп, қағаз бетіне телміріп отыру тек суретшілерге ғана тән қасиет. Олай дейтініміз, шабытын қамшылап, оған өмірін арнау кез келген жанның қолынан келе бермейді.
Ел арасында жастардың бірі спортпен танылса, екіншісі басқа да өнерімен тәнті етеді. Сол секілді аудандағы суретшілер Қазалы атын республика емес, әлемдік аренаға шығарып жатса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Абзал ЖОЛТЕРЕК