Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жыр тербеткен жүрегін

Жыр тербеткен жүрегін

Жақында қазалылық өнер иесі, жыршы-термеші Әмитжан Бөріқұлақовтың 95 жылдығына орай «Жыр тербеткен жүрегін» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы өтті. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған шараға Қызылорда қаласы мен барлық аудандардан 18 бен 40 жас аралығындағы өнерпаздар қатысып, бақ сынады. Шараны аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Келушілер мәдениет орталығының фоесіне қойылған кітап көрмесі мен сахнадағы лед экран арқылы Әмитжан Бөріқұлақовтың өмір жолынан сыр шертетін бейнероликті тамашалады.

Ә.Бөріқұлақов ауыз әдебиетінің озық үлгісін тыңдармандар арасында белсене насихаттаған, өзіндік мақамы бар зерделі жырау. Ол орындаған термелер қазақ телевизиясы арқылы жазылып алынып, бірнеше рет көрермен назарына ұсынылған. Өзіне тән қоңыр даусымен тыңдарманын баураған өнерпаз Қашаған, Бұхар, Мұрын жырауды, Нұртуғанның, Қарасақал Ерімбеттің, Нұрсұлтан Жұбатұлының, Байназар Өтептің термелерін орындаған. Сыр бойын, Қарақалпақ өңірін талантымен тамсандырған жыршы-термешінің өнегелі өмір жолын үлгі еткен байқауда белгілі жырау, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының жыраулармен жұмыс секторының меңгерушісі Майра Сәрсенбаева, жыршы-термеші, Арал ауданындағы «Жыраулар» үйірмесінің жетекшісі Айбек Тәңірбергенов, жыршы-термеші, Қазалы аудандық Қорқыт ата атындағы балалар музыка мектебінің терме сыныбының оқытушысы Сандуғаш Бисенбаева талапкерлер өнеріне баға берді.

Екі кезеңнен тұрған сайыс­та өнерпаздар алдымен Әмитжан Бөріқұлақовқа арнау айтса, екінші кезекте оның мезгілінде орындаған жыр-термелерді нақышына келтіре жеткізді.

Әділқазылар алқасының шешімімен Қазалы ауданының намысын қорғаған Жанболат Өмірзақ бас жүлдені жеңіп алды. Ал жаңақорғандық Көкен Өскенбай бірінші орынға қол жеткізді. Жүлделі екінші орынға Сырдария ауданынан Алмат Өтеуов, Арал ауданынан Жақсан Жәнібек лайық деп танылса, аралдық Еркебұлан Шынжанов, қармақшылық Малика Алдамжарова және Руслан Өтегеновке үшінші орын бұйырды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
23 қараша 2019 ж. 2 065 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 27

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930