Елбасы: «Қазақстанның 100 есіміне» енгендер осы жетістікпен шектелмеуі тиіс
Сіздер - бірегей тұлғасыздар және өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асырудың маңыздылығына назар аударып, кездесуге қатысушыларға қоғам тарапынан артылған жауапкершіліктің мол екенін ескертті.
«Сіздер байқаудың іріктеу турынан өттіңіздер. Дауыс беру интернет арқылы жүргізілді. Сіздер - бірегей тұлғасыздар. Тәуелсіздігіміз сіздерге таланттарыңызды шыңдап, болашаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар», - деді Президент.
Кездесуде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары рухани жаңғыру бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде ой бөлісіп, өздерінің жетістіктері туралы айтты.
Елбасы жобаның бірнеше қатысушысының жеткен жетістігімен танысып, қазақстандықтардың тұлғалық тұрғыдан дамуының маңыздылығын атап өтті.
«Сөз сөйлегендердің барлығы туралы фильм түсіріп, кітап жазуға болады. Адамдар одан шабыт алады. Шын жүректен құттықтаймын. Жастарымыз мақсатқа қарай талпынуға тиіс», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы халықтардың дамып, жаһандық үрдістерге бейімделуінің әлемдік тәжірибелері жөнінде ой бөлісті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жобаның барлық қатысушысына табыс тілеп, оларды бұл жетістіктермен шектелмеуге шақырды.
Елбасы кездесу аяқталған соң «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушыларға арналған арнайы фотокөрмені аралап көрді.
Еске сала кетсек, 1-желтоқсан күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «100 жаңа есім» жобасының 102 жеңімпазымен кездесті. Қазақстанның туын биікке көтерген спортшылар мен ақ халатты дәрігерлер, меценаттықпен көзге түскен белді кәсіпкерлер мен ғалымдар, мәдениет пен қоғамдық салада ел аузында жүрген азаматтар Мемлекет басшысының жылы лебізіне бөленді.