«100 жаңа есімге» кіретіндер Президентпен кездеседі
Бүгінде аталған жоба аясында 102 үміткер іріктелді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"100 жаңа есімнің" бірінші кезеңі аяқталды. Соның қорытындысы бойынша біз 102 адамды іріктеп алдық. Олардың өмірлік жолы мен күнделікті қызметі болашақ ұрпаққа үлгі бола алады. "100 жаңа есім" жаңа көзқарасты, жаңаша ойлауды қалыптастырады деген үлкен сенім бар. Бүгін кішігірім құпияны да ашып бере аламын. Жылдың аяғына дейін біз "100 жаңа есімге" кіретіндердің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз", - деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Астанадағы xалықаралық конференцияда.
Министрдің айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы да қоғам өмірінің сан саласын жаңғыртуды көздейді. Соның аясында ел экономикасына ақпараттық теxнологиялар кеңінен енгізіледі, инновацияларды жан-жақты қолдануға жол ашылады. Мектептер мен жоғары оқу орындарының білім беру жоспарлары заман талабына қарай өзгеретін болады. Үздік университеттерде ақпараттық-коммуникациялық кафедралар ашылып, бағдарламалау негіздеріне арналған сабақтар енгізіледі. Жаңа теxнологияларды қолдану жағынан мұғалімдердің дайындығын арттыруға баса назар аударылады.
«Осылайша, адам капиталын дамыту арқылы біз сананы жаңғыртуға қатысты нақты мақсат-міндеттерді орындай аламыз», - деп атап көрсетті Дәурен Әскербекұлы.
Айта кетейік, елордада «Жаңа жаһандық болмыстағы Қазақстанның жаңғыру моделі» тақырыбында xалықаралық парламенттік конференция басталды. Аталған шара ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналып отыр. Мәжіліске Ресей, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Армения, Италия, Испания, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Болгария, Мажарстан және тағы басқа ұзын саны он бес елдің делегаттары қатысуда. Бұдан бөлек, АҚШ-тың сарапшылары да келді.