Тарихи мұра – әлемдік деңгейге жол
Белгілі ирандық геолог, ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер кеңесінің мүшесі, геотуризм саласының халықаралық сарапшысы Алиреза Амриказеми Қызылорда облысына арнайы іссапармен келді. Халықаралық деңгейдегі маманның бұл жолғы сапары өңірдің тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, оны сақтау және әлемдік туристік кеңістікке ілгерілету бағытындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалануда.Жұмыс сапары барысында сарапшы Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев және Алматы қаласындағы ЮНЕСКО өңірлік кеңсесінің жаратылыстану ғылымдары бағдарламасының мамандарымен бірге Қазалы ауданындағы республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш – Жанкент қалашығына барды. Қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Мұрат Әбсұлтанов күтіп алып, тарихи орынмен таныстыру жұмыстарын ұйымдастырды.
Сапардың негізгі мақсаты – Жанкент секілді бірегей тарихи нысандарды сақтау, қорғау және ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстарын жетілдірумен қатар, оларды халықаралық деңгейде таныту. Сонымен бірге өңірдің туристік және ғылыми әлеуетін арттыру, геотуризмді дамыту арқылы экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту де басты назарда болды.
Іссапар барысында VII-XI ғасырларда Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент қалашығының тарихи-археологиялық ерекшеліктері кеңінен таныстырылды. Мамандар көне шаһардың құрылымдық жүйесі, қорғаныс қабырғалары, тұрғын және шаруашылық аймақтары туралы мәліметтермен таныстырды. Сонымен бірге жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті.
Бұдан бөлек нысанның туристік әлеуетін дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, келушілер үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы ұсыныстар ортаға салынды.
Халықаралық сарапшы Алиреза Амриказеми Жанкент қалашығының тарихи құндылығы мен геотуризм тұрғысындағы мүмкіндігін жоғары бағалап, оны халықаралық деңгейдегі туристік маршруттарға енгізу әлеуеті зор екенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай бірегей ескерткіштер тек ғылыми тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар мәдени туризмді дамытуда да маңызды рөл атқарады.
Айта кету керек, Алиреза Амриказеми – геомұраларды сақтау және тұрақты туризмді дамыту саласында мол тәжірибесі бар беделді маман. Ол әлемнің көптеген елдерінде геопарктер құру және дамыту жобаларына қатысып, халықаралық кәсіби қауымдастықта жоғары беделге ие. Оның ұсыныстары мен тәжірибесі Қызылорда облысында геотуризмді дамытуға, тарихи-мәдени мұраларды сақтаудың заманауи тәсілдерін енгізуге тың серпін бермек.
Ауқымды сапар өңірдің тарихи байлығын әлемге танытуға, туризм саласының әлеуетін арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды бастама болып отыр. Алдағы уақытта Жанкент қалашығы секілді бірегей нысандарды ЮНЕСКО деңгейінде таныстыру мүмкіндіктері қарастырылып, өңірдің туристік тартымдылығын арттыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасатын болады.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат














