«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалық шарасы өтті
Бүгін Қазалы ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан әкімдігі, аудандық прокуратура және аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен тазалық шарасы өтті.
Тазалық шарасы Әйтеке би кентіндегі мәдени-демалыс кешені аумағында ұйымдастырылып, оған мемлекеттік мекеме, кәсіпорын қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, «Жасыл ел» жастары және аудан тұрғындары белсене қатысты.
Экологиялық шарада аудан әкімі Алмасбек Есмаханов сөз сөйлеп, тазалық мәдениетін қалыптастыру мен тазалықты сақтау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы – ел болашағына бағытталған маңызды бастама. Президентіміз «Таза Қазақстан – бұл бір реттік науқан емес, бұл – әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс қағида» деп атап өткен болатын. Бүгінгі таңда экологиялық акция аясында ауқымды абаттандыру және құрылыс жұмыстары жүргізілген Қазалы мәдени-демалыс кешені аудан тұрғындары мен қонақтарының ең көп жиналатын, сүйікті демалыс орындарының біріне айналды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған кешенде тұрғындардың жайлы демалуына барлық жағдай жасалған. Күн сайын кешенге 3 мыңнан астам адам келіп, өздерінің бос уақытын тиімді өткізуде. Туған жеріміздің тазалығын сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы орайда аудан әкімдігі мен аудан прокуратураның, құқық қорғау органдарының ұйымдастыруымен өтіп жатқан бүгінгі сенбілік шарасы – туған жерге деген құрметтің, елге деген жанашырлықтың нақты көрінісі, - деді аудан басшысы.
Аудан прокуроры Мадияр Бекпанов та сөз сөйлеп, қоршаған ортаны таза ұстау – азаматтық жауапкершіліктің маңызды көрінісі екенін жеткізді.
Экологиялық акцияға орай ұйымдастырылған шара серпінді сенбілік жұмыстарына жалғасып, қазалылықтар туған жердің тазалығына ауызбіршілікпен атсалысты.















