«Қазгидромет» тоғыз қалада қолайсыз метеорологиялық жағдай болатынын ескертті
Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін. Бұл адам денсаулығына кері әсерін тигізеді.
PIXABAY.COM18 қазанда Қазақстанның тоғыз қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) күтіледі. Тұрғындарға жолға шығуды жоспарлау кезінде ауа райы факторларын ескеру ұсынылады. Бұл туралы BAQ.KZ «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап хабарлаqды.
Синоптиктердің мәліметінше, 18 қазанда Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Ақтөбе, Алматы және Астана қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай дегеніміз – желсіздік, желдің баяу соғуы, тұман және температуралық инверсия сияқты қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың үйлесуі. Мұндай жағдайлар атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал етеді.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін. Бұл адам денсаулығына кері әсерін тигізеді.
Ауаның ластану деңгейін анықтайтын маңызды факторлардың бірі – синоптикалық жағдайдың болжамы. Оған жел, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы мен температурасы жатады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде мамандар мынадай ұсыныстар береді:
- Ашық ауада болу уақытын қысқарту керек. Әсіресе автожолдардың маңында және басқа да ластану көздеріне жақын жерлерде ұзақ жүрмеген жөн. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.
- Өкпенің созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары аурулары және аллергиясы бар адамдар далаға шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруі керек.
- Ашық ауадағы физикалық жүктемені шектеген жөн. Дене шынықтырумен және спортпен жабық спорт кешендерінде айналысу ұсынылады.










