Қазалыда Орманшылар күніне орай мерекелік шара өтті
Бүгін Қазалы ауданында Орманшылардың кәсіби мерекесіне орай «Орман – ел байлығы, орманшы – оның айбыны» атты мерекелік салтанатты шара өтті.Қазалы қаласындағы Орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінде өткен мерекелік шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, табиғи байлықтарды сақтау мен қорғау жолында еңбек етіп жүрген қазалылық орманшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
- Орман – табиғаттың баға жетпес байлығы, экологиялық тепе-теңдіктің кепілі. Әсіресе, шөлейтті аймақта орналасқан Қазалы ауданы үшін орман шаруашылығының маңызы зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту, орман қорын молайту және табиғи байлықтарды сақтау мәселелеріне үнемі айрықша мән беріп келеді. Бүгінде Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 1 миллион 785 мың 542 гектарды құрайды. Оның 890 мың 724 гектары орманмен көмкерілген алқап. Бұл – ауқымды аумақты қорғау мен күтіп-баптауды, тұрақты бақылау жүргізуді талап ететін үлкен міндет.
Мекеме құрамындағы Қарақұм, Қызылқұм, Жанқожа, Сарбұлақ және Ұялы орманшылықтарында 100-ден астам қызметкер еңбек етіп келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Үкіметтің және өңірімізді төрт жылдам астам уақыт басқарған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы мен аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының қолдауымен Қазалы аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Соңғы үш жылда мекемеге вахталық автобус, борттық автокөлік және 15 мотоцикл берілді. Биыл мекеменің техникалық мүмкіндігін арттыру мақсатында өрт сөндіру техникасы да табысталды. Өткен жылы Мемлекет басшысының орман қорын ұлғайту және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес Қазалы қаласының шетінен 33,5 гектарлық тұрақты орман тұқымбағының жұмысы жанданды. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халқымыздың тағылымды сөзі бар. Ендеше, табиғатты қорғау – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, болашақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз. Сыр елінің табиғатын сауықтыру, орманды сақтау, қорғау жолында әрі қарай да аянбай еңбек ете берулеріңізге тілектеспін, - деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Мерекелік шара барысында қоршаған ортаны қорғауға, орман алқаптарын сақтап, молықтыруға және жануарлар дүниесін қорғауға елеулі үлес қосып жүрген бірқатар сала қызметкерлері Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызмет үшін» төсбелгісімен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік шарада қоғам қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Самұрат Имандосов, сала ардагері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Сақтаған Ешмаханов және Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі бөлімінің басшысы Дәмелі Бердешова құттықтау сөз сөйлеп, орманшыларға ізгі тілектерін жеткізді.
Салтанатты шарада сала ардагерлеріне де құрмет көрсетіліп, олардың кейінгі буынға үлгі боларлық еңбек жолы мен табиғатты қорғау ісіне қосқан үлесі атап өтілді.
Мерекелік шара орманшылардың құрметіне арналған аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасты.













