Аудан әкімі Шәкен ауылына барды
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қарақұм беткейдегі Шәкен ауылына барып, елді мекеннің халқымен кездесті.
Шәкен ауылдық клубында өткен халықпен кездесуде аудан әкімі Президенттің, Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауымен елдегі және өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Бүгінде ауданымызда білім, мәдениет, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, кәсіпкерлік салалары мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл Бекарыстан би ауылында заманауи спорт кешені пайдалануға берілсе, өткен жылы Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клуб ел игілігіне табысталды. Қарлан көпірінің құрылысына қажетті қаржы бөлініп, бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бірқатар елді мекендердің электр желілері жаңғыртылып, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының электр қуатын арттыруға бағытталған қосалқы станса құрылысы жүргізілді. Газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарын көгілдір отынмен қамту бағытындағы жұмыстар қолға алынған. Алдағы уақытта дарияның арғы бетіндегі ауылдарға да магистральды газ желілерін тарту жоспарлануда. Өткен жылы Мемлекет басшысының елді мекендерді таза ауыз сумен толық қамту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауданымызда жүйелі жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде 2025 жылы Шәкен ауылы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, бүгінде ауыл тұрғындары сапалы ауыз судың игілігін көріп отыр. Сонымен қатар жуық арада Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында жаңадан салынған спорт кешендері пайдалануға беріледі. Аудан көлемінде жол жөндеу және абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде, – деді аудан басшысы.
Аудан басшысы алдағы уақытта аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының қолдауымен аудан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа жобалар мен жоспарлар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан мал ауруларының орын алуына байланысты мәселе көтерілді. Осыған байланысты аудан әкімі жауапты сала мамандарына ветеринариялық қауіпсіздікті күшейтіп, мал ауруларының алдын алу және емдеу шараларын жүргізуді тапсырды.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген ұсыныс-пікірлер мен өтініштердің заң аясында қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.















