Өнердің өріндегі өмір
Өмірде кез келген нәрсе қанмен беріледі. Тіпті өнерге деген құштарлық та. Содан да болар «Өнер де тек қуалайды» дейтініміз. Әсілі, бойдағы дарын іште қайнап жатса, ол әйтеуір тысқа төгілмей қоймайды. Бүгінгі кейіпкеріміз Дастан Пірімбаевтың өмір жолы да осы оймен үндеседі. Өнердің қайнаған ортасында дүниеге келіп, шығармашылықтың шуағын сезініп өскен оның бұл жолды таңдауы – кездейсоқ шешім емес. Өйткені бала көңілге алғаш ұялаған дүние көбіне адамның болашағына бағыт сілтейді.Қазақ «Әке көрген оқ жонар» дейді. Әке өнегесін көріп, сол соқпақты жалғаған Дастан бүгінде өнер атты өлкеде еңбек етіп келеді. Ендеше, өнерді өмірінің өзегіне айналдырған кейіпкеріміз жайлы кеңірек қаузасақ.
«Ес білгеннен өнер өлкесіндемін» деп әңгімесін бастаған Дастан Серікұлы бүгінде сол мәдени майданның бел ортасында еселі еңбек етіп жүр. Ал оның өнер сахнасына басқан алғашқы баспалдағы сол мектеп қабырғасында бастау алды.
«Алғаш 3 сыныпта аудандық «Әнші балапан» байқауына қатысып, бірінші иемдендім. солай ән айтуға деген қызығушылығым арта түсті, – дейді ол өткен күндерге шегініс жасап.
Алғашқы жеңіс оның талабын ұштап, үлкен өнер жолына жетеледі. Кейін облыстық байқауларда бақ сынап, талантымен көпшіліктің назарын аудара бастайды. Облыстық деңгейдегі өнер додаларында лауреат атанып, «Таңшолпан», «Бозторғай» секілді байқауларда шығармашылығын шыңдай түседі.
Осы кезеңде Дастан өзінің болашақ тағдырын өнермен байланыстыратынын анық түсінді. Мектепті тәмамдаған соң Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетке оқуға түсіп, студент атанады. Университет қабырғасында да оның шығармашылық қарымы көптің назарынан тыс қалмады. Талант пен талғамды қатар серік еткен жас өнерпаз студенттер арасында өткен «Жас толқын» байқауына қатысып, өнерімен дараланды.
Дастан Серікұлы еңбек жолын 2006 жылы жалпы білім беретін орта мектепте бастап, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруден бастады. Алайда жүрек түкпіріндегі өнерге деген құштарлық оны мәдениет саласына жетелеп әкелді. Осылайша 2007 жылдың соңында мәдениет саласына біржола бет бұрып, шығармашылық әлемге қадам басты. Содан бері 18 жылға жуық уақытын осы салаға арнап, өнер мен мәдениеттің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.
Кейіпкеріміз бүгінге дейін біршама белесті бағындырып үлгерген. Қоржынындағы жетістіктер де аз емес. Дегенмен ол үшін – қазақ ән өнерінің бұлбұлы, КСРО халық әртісі әрі Халық қаһарманы Роза Бағланованың құрметіне ұйымдастырылған республикалық «Ақмаңдайлым» байқауында Бас жүлденің, Сыр өңірінің талантты сазгері Рамазан Таймановқа арналған «Шапағат» байқауында еншілеген екінші орынның, сондай-ақ Байқоңыр қаласында өткен «Мой родной край» байқауында жеңіп алған «Золотой микрофон» жүлдесінің орны ерек.
Пернелі музыкалық аспап, домбыра, гитара сынды бірнеше аспапты меңгерген кәсіби маман бүгінде Қазалы қалалық мәдениет Үйінің көркемдік жетекшісі боп еңбек етеді. Ол аудандық, облыстық деңгейде өткізілетін мәдени іс-шараларға жауапты. Өнерпаздың еңбегін халықтың ықыласымен және қошеметімен өлшесек, ол ұйымдастырған концерттер кей шаралардан көш ілгері. Оның ұйымдастыруымен жыл сайын өтетін облыстық деңгейдегі ретро фестиваль сөзіміздің анық дәлелі. Бұл фестиваль бүгінде көпшілік асыға күтетін мәдени шаралардың біріне айналған.
Дастан Серікұлы тек мәдени іс-шаралармен шектелмей, жас таланттарды тәрбиелеп, үйірме жұмыстарын үйлестіріп, шәкірттеріне ән өнерінің қыр-сырын үйретіп жүр. Оның тәлімін алған жастар түрлі байқауларда топ жарып, ұстаз сенімін ақтап келеді.
– Шәкірттерімнің арасында халықаралық байқауларда жүлделі орын иеленгендері бар. Серікбол Алладин бірнеше өнер додасында бақ сынап, жүлделі орын алып қайтты. Сондай-ақ Ақерке Қылышбай есімді шәкіртім бүгінде облыстық, республикалық байқауларда өнерімен танылып келеді, – дейді ол мақтанышпен.
Қазақ «Әкенің рөлі, әкенің сөзі – балаға бастау» деп бекер айтпаса керек. Әкесінің бойына сіңірген өнегесі мен айтқан өсиеттерін өмірлік ұстаным еткен ол бүгінде сол құндылықтарды кейінгі буынға дәріптеп жүр.
Мамандығын ерекше жақсы көретін ол өз ортасында сыйлы жан. Бірі оны өз ісінің білгірі, өте сауатты әрі жауапты, кәсіби маман деп бағаласа, екіншісі оның қашанда ұстамды, сабырлы, кішіпейіл, азаматтық қасиеттерін айрықша атап өтті. Бір сөзбен айтсақ, бәрі дерлік ол туралы оң пікірде. Мұнысын мінезісінің байлығы деп байладық. Расында «Адам өнерімен емес, мінезімен ортаға сияды» дейді Абай дана. Аңғарғанымыз, кейіпкеріміз бойдағы бар қасиетті тең ұстауға тырысады.
– Қалың көптің ортасында жүрген соң, баламен де, данамен де бірдей қарым-қатынас жасауға тырысамыз. Әкем, қашан да «Төрден орын аламын десең, мінез дұрыс болуы керек» деп отыратын. Сол ұстанымды жанымызға жалау етіп, тура жолмен жүріп келеміз, – дейді ол.
Дастан Серік ұлы бір үйдің отағасы. Бүгінде 4 бала тәрбиелеп отырған ардақты әке. Өнерлі өлкедегі отбасының ішінде өнерлі өрендер бар болар деген қызығушылықпен «ұл-қыздарыңыз өнерге қаншалықты жақын?» деп сұрағанбыз.
– Жалпы өнерге кей адам адасып қосылады. Дәл қазір балаларым әннен алыс, дегенмен болашақта өнерге бет бұрып жатса қуанар едім,– деді кейіпкеріміз.
Балаларының ішінде әнге ден қойғандар жоқ болса да, бір қызы өнерден құр алақан емес екенін білдік. Бүгінде ол биге қатысып жүрген көрінеді. «Алма ағашынан алыс түспейді» демекші, бәлкім болашақта әке жолын жалғап қалуы да бек мүмкін.
Қош. Өнерді арындай аялайтын Дастан Серікұлы бүгінде қазалылық қауымды әдемі әнімен әлдилеп келеді. Біз өз кезегімізде өміршең өнерді бойындағы биік ой-өремен өріп жүрген кейіпкерімізге шығармашылығыңыз шарықтап, өнеріңіз өрістесін деп тілек білдірдік.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














