Домбыра жан серігі жастайынан
Әр шаңырақтың төрінен орын алған қасиетті домбыраның қос ішегінен төгілген қоңыр әуен көңілді тербеп, жүректі елжіретіп, өткен мен бүгінді жалғайды. Ал сол киелі аспапты өміріне серік етіп, ұлттық өнердің шырағын сөндірмей жүрген жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Сондай жанның бірі – қазалылықтарға жақсы таныс, домбыраны жанына серік еткен Едіге Айдаров.Қолына қасиетті қара домбырасын қастерлей ұстап, халқымыздың төл өнерін дәріптеп жүрген Едіге ағайдың өмір жолы өнермен өрілген. Ол Қожабақы ауылының тумасы. Сондағы Жданов атындағы №25 мектептің түлегі. Оның өнерге деген құштарлығы бала кезінен қалыптасқан. Тегінде оның өнерге жақын болуы да бекер емес. Себебі Едіге Жанқуатұлы – қазалылық жұртшылыққа кеңінен танылған «Айдаровтар» жанұялық ансамблінің белді мүшесі. Әкесі Жанқуат пен анасы Айсәуле де өнерді серік еткен жандар.
Осы ретте көпшілікті кейіпкерімізбен әңгіме барысында көңілге ерекше қонған мына бір жайтқа назар аудартқым кеп тұр. Ол бала Едігенің домбырамен табысу тарихы. Мына бір қызықты қараңыз. Өнерлі өлкеде туып өскен баланың домбыраны үйренуі ата-анасы арқылымен байланысты деп ойлағанбыз. Сөйтсек, Едігеге домбыраны арнайы үйреткен ұстаз болмаған.
– Шыны керек, біздің кезде қазіргідей арнайы домбыра үйрететін ұстаздар да, үйірмелер де көп болған жоқ. Той-думан мен ауылдың алқалы басқосуларында өзімізден үлкен ағалардың домбыра шерткенін қызыға тамашалайтынбыз. Қол қағысына, саусақ басуына зер салып, көңілге тоқитынбыз. Үйге келе сала соны қайта-қайта қайталап, өз бетімізше ізденіп, домбыраның тілін ұғына бастадық. Осылайша өнерге деген құштарлық пен табандылықтың арқасында домбыраны меңгердік, – дейді ол.
Жалғасы 2-бетте
Осылайша үлкендердің орындау мәнерін бақылап, өздігінен үйренген бала уақыт өте келе домбырамен ән айтып, халық алдында өнер көрсету деңгейіне жетеді. Кейін отбасылық ансамбль құрамында өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленеді.
Едіге Жанқуатұлы домбырадан бөлек, бірнеше музыкалық аспаптың құлағында ойнайды. Бір қызығы, олардың да басым бөлігін ешқандай арнайы ұстазсыз меңгерген. Кейін арнаулы орта білім алып, домбырадағы орындаушылық шеберлігін кәсіби деңгейде шыңдайды.
Өнердегі ең алғашқы үлкен сахнасы 1987 жылмен тығыз байланысты. Дәл осы жылы «Айдаровтар» жанұялық ансамблі құрылып, өнер жолындағы үлкен белес басталды. Сол кезеңді ерекше сағынышпен еске алатын кейіпкеріміз үшін бұл сахна өміріндегі ұмытылмас сәттердің бірі болып қалды.
Сол жылы Қызылорда қаласындағы Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен байқауда ансамбль құрамында қазақтың ұлттық аспаптарымен өнер көрсетіп, ІІІ дәрежелі жүлдені иеленді. Бұл жеңіс жас өнерпаздардың шығармашылыққа деген сенімін нығайтып, алдағы биік белестерге жол ашты.
Өмір жолында түрлі салада еңбек еткенімен, өнер ешқашан оның өмірінен алыстаған емес. Қай қызметте жүрсе де домбырасын қолынан тастаған жоқ.
2011 жылы Қалалық мәдениет үйіне қарапайым қызметкер болып жұмысқа орналасады. Қарапайым еңбекпен қатар мәдени-көпшілік шаралардан шет қалмай, концерттер мен түрлі мәдени іс-шараларға белсене қатысып жүрді. Өнерге деген адалдығы мен жауапкершілігі көп ұзамай бағаланып, қарапайым жұмысшыдан мәдениет үйінің дыбыс инженері қызметіне дейін көтерілді. Бүгінде осы жауапты міндетті абыроймен атқарып келеді.
Сонымен қатар жас ұрпақты ұлттық өнерге баулуды өзінің азаматтық парызы санайды. Домбыра үйренуге ынталы балаларға дәріс беріп, қазақтың қасиетті аспабын насихаттап жүр.
Бүгінде оның тәлімін алған бірнеше шәкірт ұлттық аспапты еркін меңгеріп келеді. Олардың арасында ұстазының үмітін ақтап жүрген дарынды жастар аз емес. Солардың бірі – Нұрперзент Ерікұлы.
Шәкірті республикалық «Жарқыра, Жұлдыз» ұлттық-дәстүрлі өнер байқауында І орын иеленсе, «Үйірме – өнер баспалдағы» атты аудандық өнер байқауында ерекше өнер көрсеткені үшін марапатталды. Ұстаз үшін шәкірт жетістігінен асқан қуаныш жоқ. Сондықтан бұл жеңістер Едіге ағайдың да мерейін өсіріп келеді.
– Алдыма келген, домбыра шертіп отырған ұл-қыздардың бойынан ұлттық аспапта ойнауға деген ерекше ынта-ықыласты байқаймын. «Болам деген баланың белін бу» демей ме?! Талаптанған баланың еңбегі еш кетіп жатқан жоқ. Домбыраны құр үйреніп қана қоймай, шебер орындап жүр. Олардың бәрі кәсіби музыкант болмаса да, ұлттық құндылықтарды құрметтеп өсетін саналы ұрпақ болады деп сенемін, – дейді ол.
Едіге Жанқуатұлы – белгілі термеші Жасталап Оңдабаевтың шәкірті. Ұстазынан алған тәлімін өмірлік ұстанымына айналдырып, ұлттық өнерді лайықты дәріптеп келеді.
Еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Ерімбет Көлдейбекұлының 170 жылдығына арналған «Жыр дүлділі – Ерімбет» аудандық жыршы-термешілер байқауында орындаушылық шеберлігі үшін ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ Өтебас би Әйтекеұлының 350 жылдық мерейтойына арналған «Билік қонған басына» облыстық жыршы-термешілер байқауында ІІІ орын иеленді.
Өнерпаздың репертуары да мазмұнды. Ол Сыр сүлейлерінің терме-толғауларын, жыр-дастандарын кеңінен орындайды. Сонымен қатар ақын Байназар Өтептің «Адам жоқ бір қалыпта тұратұғын», «Ерке көкке», «Ұмтыл ерлер жауыңа», «Аттан халық Жеңіске» шығармаларын, Дасқал Сәрсенбайұлының «Жер-су аттары», «Тәуелсіз елміз», «Наурыз» термелерін орындап, халыққа насихаттап келеді.
Едіге ағайдың өнері тек домбыра шертіп, жыр айтумен шектелмейді. Ол аудандағы «Халық» театрының белсенді мүшесі ретінде де көпшілікке танымал. «Бәрінен де батыр, Қорқақ көжек» балалар ертегісінде қошқар мен бөлтірік рөлдерін сомдап, сахна өнерінде де өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған.
Өнерді өмірінің өзегіне айналдырған азамат отбасы құндылығын да жоғары қояды. Бүгінде бес ұл мен үш қыз тәрбиелеп отырған өнегелі әке. Балалары да өнерден алыс емес. Қызы Ақтолғай музыкалық білім алған. Ұлы Сұңғат Қорқыт ата атындағы аудандық өнер мектебінің домбыра сыныбын биыл аяқтаса, кенже қызы Інжу да осы өнер жолын жалғастырып келеді.
«Өнер – адам жүрегіне ізгілік егетін ұлы күш» дейді дана халқымыз. Шынында да, домбыраның қоңыр үнімен сусындап, жыр-терменің тағылымын бойына сіңірген жанның рухани әлемі байып, ұлттық құндылықтарға деген құрметі арта түседі.
Едіге Жанқуатұлы да шәкірттеріне домбыраның қыр-сырын ғана үйретіп жүрген жоқ. Ол олардың бойына халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық рухын, өнерге деген сүйіспеншілігін, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті де сіңіріп келеді.
Қазақтың қастерлі қара домбырасын қадірлеп, төл өнерімізді кейінгі ұрпаққа аманаттап жүрген өнерпаздың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, жас буынның жүрегіне домбыраның қасиетін ұялатып жүрген Едіге ағайдың еңбегі еселеніп, шығармашылық жолы жаңа белестермен толыға берсін деп тіледік.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














