Қазақстандағы барлық оқулықта ұлттық валюта атауы “теңге“ деп жазылады
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп бағдарламалары мен оқулықтар жаңа Конституцияға сәйкестендіріліп, ұлттық валюта атауы "теңге" деп жазылатынын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкіметте өткен брифингте министрге орыс тіліндегі мәтіндерде ұлттық валюта атауын "тенге" әлде "теңге" деп жазу керек пе деген сұрақ қойылды.
"Конституцияда "теңге" сөзі "ң" әрпімен жазылған, сондықтан біздегі барлық бағдарлама мен оқулықтар қазір соған сәйкес келтіріліп жатыр", - деп жауап берді Сүлейменова.
Журналистер бұл қазақтың "ң" әрпі бар "теңге" нұсқасын орыс тілді БАҚ, басылымдар мен оқулықтар да қолдануы керек дегенді білдіре ме деп нақтылап сұрады.
Министр бұл сауалға мақұлдап жауап берді.
Сүлейменованың айтуынша, оқу материалдарын қайта басып шығару үшін тиісті жоспар бекітіліп, онлайн-нұсқаларды қоса алғанда, арнайы кесте жасалған.
Дегенмен министр брифингте барлық оқулық жаңаша жазылуы тиіс нақты мерзімді атамады. Ол кестені журналистерге қосымша ұсынуға уәде берді.
Мән-жайы
Ұлттық валюта атауының жазылуына қатысты мәселе 2026 жылғы 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін туындады. Оның орыс тіліндегі мәтінінде ұлттық валюта "теңге" деп көрсетілген. Бұған дейін Tengrinews.kz мемлекеттік органдардан "тенге" сөзін енді заңдарда ғана емес, күнделікті орыс тілді мәтіндерде де өзгерту қажет пе екенін анықтаған болатын.
Сол кезде Әділет министрлігі мемлекеттік органдар Конституция терминологиясын басшылыққа алуы тиіс екенін түсіндірді. Бұл ретте орыс тілінде "тенге" деп жазылған бұрынғы келісімшарттар мен құжаттар заңдық күшін сақтайды және оларды қайта жасаудың қажеті жоқ. Ұлттық банк те өз құжаттарын сәйкестендіруді бастап, ресми хабарламаларда "теңге" нұсқасын қолданатынын мәлімдеді.
Кейін Тіл саясаты комитеті түсініктеме берді: Конституция жоғары заңдық күшке ие болғандықтан, "теңге" сөзі Қазақстан аумағындағы барлық мәтінде Ата заңға сәйкес жазылуы тиіс.











