Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Табыс талпынғанға келеді

Табыс талпынғанға келеді

«Еңбек еткен — мұратқа жеткен» деген тәмсіл маңдай термен келген адал кәсіп қашан да шаңыраққа шаттық пен мол береке сыйлайтынын ұғындырса керек-ті. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті, әсіресе ауылдық жерлерде мал шаруашылығы мен отбасылық бизнесті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осындай оңтайлы саясаттың игілігін көріп, өз күштімен ата кәсіпті ақсатпай, отбасының әл-ауқатын еселеп отырған жандардың бірі — Меңдіқараевтар әулеті.
Төрт түліктің төресін тиімді салаға айналдырған отбасы кәсібімен тілшіміз танысып қайтты.
МАСЫЛДЫҚТАН АДА ҰСТАНЫМ
Біздің назарымызды аударған жайт, ауылдың топырағында өсіп, төрт түліктің құлағында ойнаған бала емес, Байцқоңыр қаласы, Әйтеке би кентінде өскен жігіттің ата-бабадан қалған сара жол, қасиетті аманатты арқалауы болды.
Отағасы Медет Меңдіқараевтың теміржол саласы маманы болса, отанасы Таңшолпан Файзрахманова есепші-экономист, педагог-мұғалімдік қос қызыл диплом иесі. Тағдыр олардың жолын басқа арнаға бұрып, мамандығы бойынша қызмет етпесе де, алған білімі мен өмірлік тәжірибесін отбасы бизнесін өрістетуге сәтті жұмсап келеді. Қос жас қаланың ыңғайлы өмірінен гөрі төл кәсіпті жандандырып, ауылда еңбек етуді жөн көреді. Қызығы сол, мемлекет берген жер келін болып түскен үйдің атақонысы болып шыққан. Бұл – тағдырдың бір жазуындай көрінетін табиғи ұштасу еді.
Бүгінгі таңда қоғамда «мемлекет бәрін беріп қоюы керек» деген жаңсақ пікір, яғни масылдық психологияның орын алып жататыны жасырын емес. Алайда Меңдіқараевтар бұған қарама-қарсы жарқын үлгі көрсете білді.
2019 жылға дейін Әйтеке би кентінде тұрған жұптардың ата-атасының 2010 жылы алып қойған жер телімі бар еді. Жас отбасы мемлекет ұсынған осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, 7 жыл бойы тек шөп шауып, соны сатумен күн көреді.
Таңшолпанның жастайынан ата-анасының мал шаруашылығымен айналысуы оның бойында бұл кәсіпке деген айрықша қызығушылық пен терең түсінікті қалыптастырады. Өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, ол жолдасына аграрлық секторда өз істерін бастау туралы ұсынысын білдіреді Жолдасы да тиімді ойды қолдап, осы бизнес-идеяны жүзеге асыру мақсатында, мемлекеттен 12 миллион теңге көлемінде мақсатты несие ресімдейді.
МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ЖӘНЕ БАТЫЛ ҚАДАМ
Шаруашылықтың негізін қалайтын 400 бас қой сатып алады. Кәсіпті игеруде түрлі жолдан жүріп өткен жандар бірте-бірте мал шаруашылығын жай ғана дәстүрлі кәсіп емес, экономикалық әлеуеті жоғары заманауи бизнеске айналдырады. Заман ағымы мен нарық талаптарына икемделген олар тетіктерді тиімді пайдалана отырып, өндіріс ауқымын айтарлықтай кеңейтеді. Алғашқы кезеңде шағын отбасылық ферма ретінде басталған бұл жоба бүгінде өнімділігі жоғары және аймақтың агроөнеркәсіптік кешенінде өзіндік орны бар шаруашылық субъектісі біріне айналады.
Кез келген бастама қаржы мен сенімді қолдауды қажет ететіні анық. Меңдіқараевтар отбасы да уақыт талабына сай кәсіптерін жаңа деңгейге көтеру үшін ізденістерін арттырып, жаңашылдық тетіктерін тиімді пайдалана біледі.
Мақсатты бағдар құрып, өз қаражаттарына жылқы малын сатып алады. Мал басын көбейткен соң, төзімділігімен және емдік қасиеті мол сүтімен ерекшеленетін түйе шаруашылығын дамытуға басымдық береді.
Қора-жайлар салып, малының қысқы азығын түгелдей өздері өндіретін техникалық базаны қалыптастырды. Бұл орайда отбасылық жауапкершілік ортақ мүддеге тоғысады. Кәсіптің жүгін әулеттің үлкенінен бастап жастарына дейін бөлісіп, әрқайсысы өз саласына жауап беретін біртұтас командаға айналады.
БЕРЕКЕ КӨЗІ
Түйе – қыста суыққа, жазда ыстыққа төзімді төрт түліктің төресі. Осы шаруашылық – денсаулық пен береке көзі Ойсылқара төлі күтімі жайлы жайылым малы. Тебіндіде де, отқа да жақсы жайылады. Негізгі азығы – жайылым өсімдіктері, сапалы пішен және көк шөп. Қыста қарды аяғымен тарқатып, жусан оттайды. Шөл кемесі атанғанымен, жазда таза әрі тұщы сумен әрдайым қамтамасыз етуді қажетсінеді. Қысқы кезеңде немесе буаз інгендерге қосымша дәнді дақылдар мен сапалы пішен беру маңыздылығы тағы бар. Иелері олардың кеңістіктері мен күнделікті қозғалысын қадағалап, уақытымен вакцинация жұмыстарын жүргізіп тұрады.
Айтуларынша, жаңа туған ботаға суық тигізбей, інгеннің уызын толық ауыздандырмау маңызды. Жұмсақ шөптермен ерте жастан азықтандыруды үйрету керек.
«Түйе – байлық, жылқы – сән, сиыр – көлік» деген қағиданы ұстанған шаруалар өнімділіктің қыр-сырын жеттік меңгерген. Өркешті түлікті сүт әрі емдік бағытта ұстап отырған отбасы тек ет өндірісімен шектеліп қалмай, ұлттық құндылығыққа айналған шұбат пен түйе сүтін өндіруді жолға қойған.
«Барды ұқсату, жақындардың қолдауы мақсатымызға жетуіне көмектеті»,–дейді Таңшолпан. Мектепке баратын балалардың барлығы ата-әжелері тәрбиесінде, аудан орталығында білім алуда.
Біз барғанда кезек күткен тұтынушының бірімен тілдестік.
«Мен бұл кәсіпкерлердің шұбатын «Нағыз шебердің қолынан шыққан өнімдей» деп айтар едім. Себебі Меңдіқараевтар әзірлеген табиғи таза шұбаттың дәмі мен шипалық қасиеті бүгінде ауыл, аудан шекарасынан асып, облыс орталықтары, сырт қалаларға дейін сұранысқа ие болып отыр. Таза ауада, еркін жайылымда жүрген түйенің сүтінен жасалатын бұл сусынның емдік қуаты ерекше», – дейді Ақболат Мейрамбайұлы.
ЕҢБЕК ЕТКЕНГЕ БАҚ ҚОНАДЫ
Қазалы ауданының Арал ауданымен шектесетін шекарасындағы Шәкен елді мекенінің Сайқұдық деген жерінде орналасқан Меңдіқараевтар отбасы – жастарғаа үлгі боларлық озық үлгідегі шаруашылық. Қолдағы бар мүмкіндікті бағалай білген, мемлекет көмегін тиімді пайдаланып, «жұмыс жоқ» деп қол қусырып отырмай, адал маңдай терімен дәулет тапқан бұл әулеттің тірлігі көз қуантады.
Әр таңы малдың дыбысымен ататын, маңдайы терлеп, қажырлы еңбек еткен шаңырақтың берекесі де жыл санап арта түсуде. Өйткені өз жерінде өнім өндіріп, халыққа сапалы ас ұсынып отырған Меңдіқараевтар секілді еңбекқор азаматтар — елдің экономикалық тірегі, ауылдың алтын діңгегі екенін айтады ауыл азаматтары.
Медет Меңдіқараевтың атына тіркелген «Атақоныс» шаруа қожалығы мен «Медет» жеке кәсіпкерлігі 2020 жылы алған қос түйенің басын бүгінде 50 басқа жеткізген. Қосымша үйір жылқылары мен сиырларымен кәсіпті дөңгелетіп келе жатыр.
«Бізді көбі түйе арқылы таниды. Түйенің қандай киелі жануар екенін білемін. Сүті ем, өте берекелі. Шұбаттың сезоны болмайды, қысқа дейін сауа бересің», — дейді кейіпкеріміз.
Атқарылатын жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Күніне 5 түйе 3 мезгіл сауылады.
«Әрқайсысынан орта есеппен 10 литрден сүт шығады.
Тапсырыс берушілер толастамайды. Түйе құртын әсіресе ауыр дертке шалдыққандар ем үшін іздеп келеді екен. Оның келісі ауылда 6000 теңгеден саудаласа, сыртқы қалаларда 7000–9000 теңгеге дейін бағаланады.
5-6 түйенің өзі айына 500–600 мың теңге көлемінде тұрақты кіріс әкеліп тұрады», – дейді ісіне мығым келіншек.
Қазір елімізде жүзеге асырылып жатқан ауыл шаруашылығын қолдау бағытындағы мемлекеттік саясат қарапайым еңбек адамдарына мол мүмкіндік береді. Дегенмен, оны іске асыру әркімнің өз жігеріне байланысты.
Таңшолпан мен Медеттің отбасы тек кәсіпкерлікпен ғана емес, үлкен отбасылық жауапкершілікпен де ерекшеленеді.
«Байлығымыз тасып кетпесе де, ешкімнен кенже қалып жатқан жоқпыз. Қажеттілігіміз өтеліп, өз армандарымызға бірте-бірте қол жеткізудеміз», – дейді олар.
«Шөлдің шөліркеген топырағын басып, бота мөңіреген қораның иісін кеудеге толтырып жүрген біз сияқты түйеші қауым үшін бұл сусынның қадірі бөлек. Атадан қалған нар мінезді аруананың сүті мен одан ашытылатын шұбаттың қандай шипа екенін даланың төрт түлігімен алысқан әрбір жігіт жақсы біледі. Жайлаудың ыстығы мен қара желге кеуде тосқан адамға бұдан асқан қуат, шөл басар дауа жоқ.
«Біз бұл малды тек еті мен сүті үшін ғана емес, байырғы ата-бабамыздан қалған ұлы байлық ретінде қадірлейміз. Ал осы түйе сүтінен бабын тауып дайындалатын шұбаттың қасиетін сөзбен айтып жеткізу тіпті қиын. Күні бойы күн астында жүргенде әлсіреген денеңді сергітіп, бойға қуат құятын осы бір ақ көбіктенген сусынның қыр-сырына үңілу қажет», – дейді кәсіпкер.
Расында түйе сүті мен шұбаттың басты қасиеттері мол.
Құрамындағы С дәрумені қарапайым сиыр сүтінен 3 есе артық. Далада жүргенде ауру-сырқауға төтеп беретін табиғи қорғаныс осы.
Ас қорытуды тәртіпке келтіреді. Ішекті тазартып, астың қорытылуын жақсартады. Асқазан жарасы мен гастритке қарсы таптырмас шипа.
Қант диабетіне ем. Қандағы қанттың деңгейін реттейтін инсулин тәрізді табиғи қуаты бар.
Жүйке жүйесін тыныштандырады. Күндізгі қажырлы еңбектен шаршағанды басып, жүйкені орнына түсіреді, ұйқыны қалыпқа келтіреді.
Тыныс алу жолдарын тазартады. Өкпе аурулары, созылмалы бронхит пен кеуде жолдарын емдеуге көне көз қариялар ертеден қолданған.
Аллергия тудырмайды. Құрамында аллергия беретін ауыр ақуыздар жоқ, сондықтан асқазаны әлсіз жандарға да таза тағам.
Бауыр мен бүйректі тазалайды: Ағзадағы артық токсиндер мен ауыр заттарды сыртқа шығарып, ішкі ағзаны сергітеді.
Ағзаға қажетті байлығы А, В, С, Е дәрумендері – ағзаның сергектігі мен жастығын сақтайды. Кальций, фосфор, темір, мыс – сүйекті нығайтып, анемияның (қан аздық) алдын алады. Қант диабеті мен асқазан ауруларына шипасы. Инсулиннің табиғи көзі. Шұбат пен түйе сүтінің құрамында қандағы глюкозаны түсіретін инсулин тәрізді ақуыз мол.
Тұрақты ішкен адамның ұйқы безінің жұмысы оңалып, зертханалық көрсеткіштері жақсаратыны дәлелденген.
Бұл сусынды жүйелі тұтынғандар қажетті дәрі-дәрмек мөлшерін азайтып, өздерін әлдеқайда сергек сезінеді. Бұл дәлелдегенген нәтиже. Алайда науқасқа байланысты өз бетінше қабылдауға кәсіпкерлер де кеңес бермейді.
Таңшолпан бізге үйде шұбатты дайындау әдісімен бөлісті.
«Шұбат жасау үшін пластик ыдыс жарамады. Арнайы ағаш күбі немесе таза қыш ыдыс қолданған жөн.
Күбінің түбіне алдымен ашытқы ретінде ескі, ашыған шұбаттан 1–2 кесе құямыз. Оған жаңа сауылған таза түйе сүтін жылы күйінде құямыз. Ыдыстың бетін жауып, жақсылап араластырасыз. Қымыз сияқты қарқынды піспейміз, тек майы біркелкі таралғанша ақырын қозғау жеткілікті.
Жылы орында 6–8 сағат ішінде өздігінен ашып, көпіршіп, нағыз бабына келген шұбатқа айналады».
Дайын болған шұбатты салқын жерде немесе тоңазытқышта +2°C пен +5°C аралығында ұстау керегін де жеткізді.Қымызға қарағанда шұбат тез ашып кетпейді, бабын ұзақ сақтайды. Дегенмен, үйде 3–5 күннен артық ұстамаған абзал.
Табыс талпынғанға келеді.Кәсіпті бастағандарына көп болмас да, өз күштерімен шаруашылықты дөңгелетіп отырған Меңдіқараевтар тірлігінен еңбек адамының бейнесін көрдік. Бірлікшіл бастамалары елдіктің, еңбекқорлықтың және берекенің айқын дәлелі.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
15 тамыз 2026 ж. 25 0

Өнерге толы шаңырақ

15 тамыз 2026 ж. 23

Абай күні аталып өтті

15 тамыз 2026 ж. 18

Аналар алқа тағынып...

15 тамыз 2026 ж. 19

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31