БЖБ мен ТЖБ неге алынып тасталды? Министрлік себебін түсіндірді

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда 1–4-сынып оқушыларының оқу жетістіктерін бағалау тәртібі өзгереді. Бастауыш сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталады. Оқу-ағарту министрлігі мұндай шешімнің қабылдануына не себеп болғанын түсіндірді.
БЖБ мен ТЖБ-дан неге бас тартты?
Оқу-ағарту министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесінің тиімділігіне кешенді талдау жүргізген. Зерттеу аясында БЖБ мен ТЖБ-ны қолданудың тиімділігі де қарастырылған. Бағалау жүйесін қайта қарауға ата-аналардың бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны қолдану мәселесін талқылау жөніндегі өтініштері, сондай-ақ педагогтер қауымдастығының критериалды бағалау жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстары негіз болған.
Министрліктің мәліметінше, жүргізілген талдау БЖБ мен ТЖБ бастауыш сынып оқушыларының білім деңгейін барлық жағдайда бірдей толық көрсете бермейтінін анықтаған. Сонымен қатар мұндай бағалау түрлері балаларға қосымша оқу және эмоционалдық жүктеме түсіретіні белгілі болған.
Жүргізілген талдау бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны қолдану оқушылардың оқу жетістіктерін толық көлемде көрсете бермейтінін, балаларға қосымша оқу және эмоционалдық жүктеме түсіретінін көрсетті, – деп түсіндірді ведомство.
Осыған байланысты 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 1–4-сынып оқушыларының оқу жетістіктерін нөлдік, аралық және тоқсандық қорытынды бағалау кезінде қолданылатын тәсілдер мен нысандар қайта қаралады.
Оқушылардың білімі қалай бағаланады?
Білім беру бағдарламасын меңгеру деңгейін анықтау үшін бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне сәйкес келетін ағымдағы бақылаудың әртүрлі нысандары қолданылады.
Олардың қатарында диктант, мазмұндама, бақылау жұмыстары, практикалық және шығармашылық тапсырмалар бар. Яғни оқушының білім деңгейі бір ғана бағалау форматына емес, оқу барысында орындайтын әртүрлі жұмыс түрлеріне сүйене отырып анықталады.
Министрлік өзгерістен қандай нәтиже күтеді?
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңа тәсіл оқушылардың пәндік білімін, оқу және жазу сауаттылығының даму деңгейін неғұрлым объективті бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бағалаудың жаңартылған тәртібі функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға, оқушылардың когнитивтік дағдыларын, сыни ойлауын және коммуникативтік құзыреттерін дамытуға бағытталған.
Осылайша, бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесінде оқушының жас ерекшелігі мен оқу жүктемесін ескеруге, сондай-ақ оның білімін әртүрлі тапсырмалар арқылы кешенді бағалауға басымдық беріледі.












