Ауызсу жайы алаңдатпайды
Фото: ашық дереккөзден алындыБұрынғының адамдары үшін құдықтың орны бөлек еді. Әр ауылдың шетінде немесе үй іргесінде аузы апандай болып қазылған құдық тұратын. Таң алакеуімнен шелек көтеріп суға баратындар, құдыққа қауға тастап, тіршілік нәрін жоғарыға тартатындар үшін бұл үйреншікті көрініс болатын. Бір үйдің күнделікті тіршілігіне қажет судың өзі маңдай термен келетін. Құдықтан су тартып, оны үйге жеткізу – ауылдағы қалыпты тірліктің бір бөлшегі еді. Кейін уақыт өзгерді. Технология дамыды, елді мекендердің инфрақұрылымы жаңарды. Кезінде шелектеп тасылған су бүгінде үйге құбыр арқылы келетін жағдайға жеттік. Дегенмен шалғай елді мекендердің барлығында бірдей орталықтандырылған ауызсу жүйесі қалыптаса қойған жоқ. Кейбір ауыл тұрғындары тіршілік нәрін осы уақытқа дейін құдықтан немесе басқа да көздерден алып келгені жасырын емес. Сондықтан халықты сапалы әрі қауіпсіз ауызсумен қамтамасыз ету – елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсартудың ең маңызды бағыттарының бірі.
Аудандағы ахуал көңіл қуантады. Бүгінде қазалылық ағайынның ауызсумен қамтылу деңгейі 100 пайызға жетіп отыр. Яғни аудан тұрғындары таза ауызсудың игілігін көріп, өркениеттің басты талаптарының бірі саналатын сапалы суға қол жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында бес жылдың ішінде қалалар мен ауылдарды 100 пайыз сумен қамтамасыз ету міндетін қойған болатын. Бұл тапсырманың мәні тереңде жатыр. Себебі таза ауызсу – жай ғана тұрмыстық қажеттілік емес, ең алдымен, халықтың денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін стратегиялық ресурс.
Сапалы ауызсудың қолжетімді болуы – елді мекеннің әлеуметтік тұрғыдан қаншалықты дамығанының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Адамдардың күнделікті тұрмысында пайдаланатын суының сапасы жоғары болған сайын, санитарлық жағдай да жақсара түседі. Сондықтан ауызсу мәселесіне мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлінуі заңды.
Қазақстанда халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар бір күнде басталған жоқ. Осы мақсатта 2002-2010 жылдарға арналған «Ауызсу», кейін 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламалары жүзеге асырылды. Ал 2021 жылдан бастап ауызсумен қамту мәселесі «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында шешімін тауып келеді.
Аталған бағдарламалар мен жобалардың негізгі мақсаты – елді мекендердегі су инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа су құбырларын тарту, ауызсу сапасын арттыру және тұрғындарға тұрақты су жеткізуді қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазалы ауданында да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Ауданда халықты таза ауызсумен қамтуға бағытталған жұмыстар өткен жылы да жүйелі түрде жүргізілді. Мәселен, Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жобалар іске асырылды. Бұл жұмыстарға Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтер есебінен, республикалық және облыстық бюджеттен, сондай-ақ арнайы есеп шоттан жалпы 1,5 миллиард теңге бөлінді.
Қыруар қаржыға жүзеге асқан жобалардың нәтижесінде төрт елді мекеннің тұрғындары сапалы ауызсуға қол жеткізді. Бір қарағанда, бұл тек жаңа құбырдың тартылуы немесе су жүйесінің іске қосылуы секілді көрінуі мүмкін. Алайда ауыл тұрғыны үшін оның маңызы әлдеқайда зор. Енді тұрғындар суды алыстан тасып, құдық басында уақыт жоғалтпайды. Таза су үйлеріне тұрақты түрде жеткізіледі.
Сарбұлақ ауылын таза ауызсумен қамтуға арналған жобаның құны 714,9 миллион теңгені құрады. Ауылды таза ауызсу желісіне қосу жұмыстарын мердігер «Дәнекер» мекемесі атқарды.
Ал Шилі елді мекенінде жүзеге асқан жобаның құны 222,4 миллион теңге болды. Елді мекенді ауызсу желісіне қосу жұмыстарын «Намыс-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.
Шәкен ауылындағы жобаға 353,3 миллион теңге қарастырылды. Ал Шитүбек елді мекеніндегі жобаны жүзеге асыруға 204,0 миллион теңге қаржы жұмсалды. Мұнда ауылды таза ауызсу желісіне қосу жұмыстарын мердігер «Аңсар-сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.
Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Қазалы ауданында 41 елді мекен және 1 қала ауызсумен қамтылған. Олардың ішінде 32 елді мекен және 1 қала орталықтандырылған ауызсу құбырына қосылған. Ажар, Бірлік және Жұбан елді мекендері су тұщыту қондырғылары арқылы ауызсу пайдаланса, Шөлқұм, Мәдениет, Қожақазған және Тапа елді мекендері ауызсуды тікелей скважиналар арқылы алады. Ал №101 және №102 разъездері ауызсуды тасымалдау арқылы тұтынып отыр.
Аймақта 2022 жылдан бері қолға алынған 14 миллиард теңгенің 60 жобасы тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталды. Бұл жобалар халықтың таза суға қолжетімділігін арттырып қана қоймай, жаңа экономикалық мүмкіндіктердің қалыптасуына жол ашып, елді мекендердегі тұрмыс сапасын едәуір жақсартуға ықпал етті. Өткен 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыс халқын орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамту деңгейі 98,6 пайызға жетті. Ал былтыр бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткен. Бұл – аймақ үшін аса маңызды меже. Себебі таза ауызсу мәселесінің шешілуі халықтың денсаулығына, тұрмыс сапасына, әлеуметтік тұрақтылығына және елді мекендердің болашақтағы дамуына да тікелей ықпал етеді.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ











