Ұлттық тағамды ұлықтап жүр
«Жасында еңбек еткен, қартайғанда қуанады» деген жақсы тәмсіл бар. Қазіргі жастар кәсіпкерлікке белсенділік танытып, тың идеясымен тыраштанып жүр. Жұмыссыздық актуалды мәселе десек, кәсіп ашуды да соған балайтыны аз емес. Себебі неден ашарын, неден бастарын білмей дал болған талай жас¬ты көз көрді.
Ашпақ болса – қаражат жоқ, қаражат болса – идея жеткіліксіз. Кәсіп ету үшін адамға бірқатар қабілет қажет. Ол ұйымдастыра білу, үнемі іздену керек. Айтпақшы бұл тұрғыда бастағалы отырған кәсіпті дұрыс таңдай білу де, нарық экономикасын жан-жақты зерттеу мен тұтынушының өнімге деген сұранысын бажайлау да маңызды екенін естен шығармаған жөн. Бүгінде кәсіпкерлікті қолдауға мемлекет тарапынан біршама бағдарлама жүзеге асуда. Оның ішінде ерекше кәсіп ашқандардың қатары қалың. Ал біраз уақыттан бері ойлаған ісін жүзеге асыруы үшін өз қаражаты есебінен кәсібін бастаған жандар да бар. Солардың бірі – Ринат Жұмаділ.
Ол 2002жылы Қазалы ауданы, Ғани Мұратбаев ауылдық округінде дүниеге келген. №91 орта мектепті бітірген бозбала Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне түсіп, 2023 жылы «Әлеуметтік қызметкер» мамандығы бойынша білім алып шығады. 2023-2024 жыл аралығында туған жері Ғани Мұратбаев ауылдық округ әкімшілігінде өз қызметі бойынша қызмет жолын бастайды.
– Қазіргі таңда ата анам төрт түлік мал басын көбейту бағытында кәсіппен айналысады. Көптен армандап жүрген мақсатым еді. Қазақтың ұлттық тағамын өндіру барысында, қазағымның әл қуат, денсаулығын жақсарту бағытында осы кәсіпті қолға алдым. Кәсібімнің атауын «Несібе» деп қойдым. Себебі қазақта сөз маржаны бар екенін ұмытпағанымыз жөн. «Несібе» деген сөз жан жақты несібенің келуі деп білемін. Қазақта ұлттық тағамдардың түрлері көп. Алдағы уақытта осы кәсібімді кеңейтейтіп, тұрғындарда қалтқысыз қызмет еткім келеді. Бұл жобаны былтыр қараша айында қолға алып шығара бастадым. Аз уақыт өтсе де қазір көптеген сұранысқа ие, – дейді жас кәсіпкер Ринат Жанболатұлы.
Ел болашағы – жастар. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Мемлекеттің ендігі дамуы мен өркендеуі жастарға тікелей байланысты. Ал біз қаузаған талапты жастың кәсіпке серпілісі бастамасы ғана. Иә, «Қалауын тапса – қар жанады». Тек талаптанса болғаны.
Айнұр ӘЛИ