Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » 18 айда 350-ден астам кітап оқыдым

18 айда 350-ден астам кітап оқыдым

Кітап – уақыт пен кеңістіктің шекарасын бұзып, адамзат жанын мәңгілік сәулеге бөлейтін рухани серік. Кітап оқитын қауым қашан да қоғамның қозғаушы күші, ұлттың рухани діңгегі. Онымен өткен әрбір минут – адамның өз болашағы, өз рухының асқақтауына қосқан ең үлкен үлесі. Бұл пікірді тәжірибесі ұғындырған кітап жанашыры Қайыржан Тілеуқабыл тілшілеріміздің сұхбаттасу сәті туды.

ОТЫЗ ЖАСТА БАСТАЛҒАН ЖОЛ МЕН РУХАНИ ІЗДЕНІС
– Қайыржан Темірбекұлы, әңгімені өмір жолыңыздан бастасақ. Білуімізше, техникалық сала маманысыз. Кәсіби жолыңызды қалыптастырған адам ретінде кітап әлеміне деген ерекше ықыласыңыз қалай пайда болды?
– 1994 жылы Әйтеке би кентінде дүниеге келдім. Жоғары білімді Тараз қаласында алдым. Еңбек жолымды Ж.Жабаев атындағы №234 мектепте информатика пәнінің мұғалімі болып бастадым. Кейін аудандық білім бөліміне жұмысқа шақырылдым. Арада тоғыз ай өткен соң Ұлттық тестілеу орталығының конкурсына қатысып, сарапшы атандым. Одан кейін жастар орталығында инспектор қызметін атқарып, бүгінде Отбасын қолдау орталығында бұқаралық ақпарат құралдары және жұртшылықпен байланыс жөніндегі маман ретінде еңбек етіп келемін. Отбасылымын. Жұбайым, перзентім анаммен бірге тұрамыз.
Ал кітапқа деген қызығушылығым бір күнде пайда болған әуестік емес. Бірде жұмыс барысында қате жазылған ресми іс-қағазына көзім түсті. Сол жағдайдан соң «Егер мен өз мамандығымның шеңберінен шықпай, соның аясында қалып қойсам, уақыт өте келе ойлау жүйем де, сөз саптауым да белгілі бір шеңбермен шектеліп қалмай ма?» деген сұрақ өзіме қойылды.
Өйткені белгілі бір мамандықты жетік меңгеру – кәсіби тұрғыдан қалыптасудың бір бөлігі ғана. Ал адамның жан-жақты дамуы үшін оның сөздік қоры, дүниетанымы, ойлау тереңдігі, талғамы мен рухани ізденісі қатар жүруі керек. Мен сол кезде кәсіби білімімнің жанында өзімде жетіспей тұрған бір маңызды дүние бар екенін сезіндім. Ол – кітап арқылы қалыптасатын ой мәдениеті еді.
Кітап мен үшін сол сәттен бастап бос уақытты өткізудің құралы емес, өзіңді үнемі қайта қарап, кемшілігіңді түзеп, ойыңды тереңдетудің тәсіліне айналды. Тіпті ресми құжаттағы бір ғана қате мені «адамның сауатты жазуы оның кәсібіне ғана емес, жалпы ойлау мәдениетіне де байланысты екен» деген тұжырымға алып келді. Содан бері мамандығым техникалық бағытта болғанымен, рухани және тілдік тұрғыдан өзімді үнемі толықтырып отыру қажеттігін түсіндім.
– Алғашқы қадам мен әрекеттер туалы білсек...
– Тіл – ұлттың жаны, рухани коды және сананың түпкірлі қабаты. Алайда жаһандану дәуірінде күнделікті қолданыстағы сөздік қор жұтаңдауы, ойды қазақша жеткізуде ішкі кедергілердің пайда болуына әкеп соқтыратыны жасырын емес. «Сөздік қорым аз» деп мойындау – тоқырау емес, керісінше, кемелденуге бағытталған алғашқы саналы қадам, рухани оянудың белгісі.
Әлемге әйгілі Джеймс Клирдің «Атом әдеттері» еңбегіндегідей, кез келген әрекет қайталау арқылы санаға сіңіп, мінез-құлық пен өмір салтына айналады. Бұл заңдылық тілдік орта мен сөйлеу мәдениетіне де тікелей қатысты. Сауатсыз жазу, ойды қалай болса солай жеткізу – уақыт өте келе сананы дағдарысқа ұшыратып, ұлттық тілдің табиғи құнарын жоғалтатын қауіпті үрдіс. Сондықтан бұл олқылықтың орнын толтыру тек ғана лексиканы байыту емес, саналы тұлға болып қалыптасу, рухани тұралап қалмаудың кезек күттірмес императиві.
Осы орайда, ана тілінің грамматикасын қайта түлету, сөз төркінін терең ұғынып, шұрайлы сөйлеуді мақсат етіп қою – әрбір саналы азаматтың парызы. Бастапқыда ойдың қазақша баламасын санада ұзақ іздеп, қиналғанымызбен, бұл үдеріс бірте-бірте тұрақты дағдыға айналып, тілдік қорымыздың табиғи бөлігіне ене бастайды.
Күнделікті өмірде санаға сіңіп кеткен шеттілдік калькалар мен орысша кірме сөздердің орнына төл баламаларды қолдану – бастапқыда өзгелердің түсінбеушілігін немесе күлкісін тудыруы мүмкін. Мәселен, «изолента» сөзін «электр оқшаулағыш таспа» деп қолдану – тілдік шұбарлыққа қарсы жасалған қасаң емес, керісінше, саналы қарсылық, ана тілдің қадірін асқақтатып, болмысымызды құрметтеудің жарқын көрінісі.
Ұлттық тілдің тазалығы мен байлығын сақтау – жаппай үрдісті жаттанды қайталау емес, әрбір жеке тұлғаның жүрегінен басталатын патриоттық қадам. Шұрайлы сөйлеу арқылы ойдың көкжиегін кеңейту – саналы қоғам құрудың басты кепілі.
САПА МЕН САНА БИІГІ
– 18 айдың бедерінде 350-ден астам туындыны еңсеру – интеллектуалды дара көрсеткіш, үлкен танымдық марафон. Бұл межеге қалай қол жеткіздіңіз? Жалпы, оқыған дүниелеріңіздің бәрін жадымызда қаз-қалпында сақтайсыз ба, әлде бұл жүйелі талдаудың нәтижесі ме?
– Нақты есебін жүргізбеппін. Алайда соңғы жарым жылдықтың еншісінде 350-ден астам басылымға қол жеткізіппін. Бірақ бұл көрсеткішті «бәрін жатқа білемін немесе әрбір парағын соңына дейін түгел тауыстым» деген мағынада қабылдауға болмас. Бастапқы кезең мүлде басқаша өрбіді. Алғашқы 80-90 туындыны түгелдей оқып шығуға тырыстым. Дәл осы алғашқы марафондық кезең санада сұрыптау тетігін іске қосып, келе қажеттіні ажырататын, шынайы құнды дүниелерді тез танитын өзіндік талғам мен сүзгі қалыптастырды.
Кітап оқу – рухты шыңдайтын үдеріс, алайда оны надандықпен немесе өзін-өзі мәжбүрлеумен қатаң жүйеге байлап қоюға болмайды. Өзін шектен тыс қинау мен жасанды түрде қатаңдық таныту оқырманның кітапқа деген ынтасын төмендетіп, құштарлығын түбегейлі өшіріп жіберуі әбден мүмкін. Жеке тәжірибемдегі күнделікті танымдық әлеуетімнің шегі – орта есеппен 90 бет. Егер қолға алған туынды ой көкжиегін кеңейтіп, санаға сілкініс беріп, берері мол болса, оқуды құмарлықпен жалғастыра беремін. Керісінше, көңілге қонбаса, қай жерде үзілді – сол тұстан еш өкінішсіз тоқтата саламын.
Неге десеңіз, оқырманның талғампаздығы мен уақытты қадірлей білуі – алдымен сарқылмас рухани ресурсты үнемдеу, интеллектуалды гигиенаны сақтаудың басты кепілі. Уақыт – өте қатал өлшем, ал сапасыз немесе көңілге қонбаған дүниеге ғұмырды сарп ету – рухани ысырап.
– Бағдарыңыз қай арнаға бағытталған? Кітап әлемі сіздің өмірлік парадигмаңыз, дүниетанымыңызға нақты қандай түбегейлі өзгерістер әкелді?
– Жеке басым белгілі бір қасаң шеңбермен шектелмеймін, түрлі бағыттағы туындыларды парақтаймын. Дегенмен жүрегіме жақыны – классикалық және заманауи көркем әдебиет пен өзін-өзі жетілдіру, яғни тұлғалық даму бағытындағы іргелі еңбектер.
Бұл үдерістің өміріме әкелген өзгерістерін екі маңызды арнаға бөліп қарастыруға болады.
Біріншіден, ой ұшқырлығының артуы және ми нейрондарының белсенді түлеуі. Биологиялық заңдылықта ағзаның қандай да бір мүшесі жүктеме алмаса, уақыт өте атрофияға ұшырайды. Егер сана тынымсыз еңбек етпесе, терең ойлау қабілетімізден де айырылып қаларымыз хақ. Кітап оқуда мидағы миллондаған нейрондық байланыстар оянып, сана биіктейді. Сыни көзқарас пен рационалды шешім қабылдау мәдениеті қалыптасады. Мысалы, Дэйл Карнегидің «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері» еңбегін оқыған соң адамның мінін бетіне басып көрсету қарым-қатынасты үзіп, рухани байланысты әлсірететінін ұғынып, өмірлік сабақ түйдім.
Екіншіден, қаржылық сауаттылық пен экономикалық тәуелсіздік. Қоғамдағы «кедейлік» ұғымы көбіне материалдық тапшылықтан емес, таяз ойлау мен қаржылық сауатсыздықтан бастау алады. «Қарыздан құтылу жолдары» атты еңбекті оқып жатқанымда, айналамдағы бір досым: «Сенің айлығың белгілі ғой, бұл ғұмырда қарыздан құтылуың мүмкін емес» деп әзілге айналдырғаны бар. Алайда кітаптан алған білім мен жүйелі қаржылық сауаттылықтың арқасында бүгінде ешкімге тәуелді емеспін, өз қаржылық қауіпсіздік жастығымды қалыптастырдым. Өйткені сапалы білім – ертеңгі күнге сеніммен қарауға, ықтимал қауіп-қатерлерді алдын ала жоспарлап, стратегиялық қадам жасауға үйрететін бірден-бір күш.
КІТАП — ҮНСІЗ МҰҒАЛІМ, ТАПТЫРМАС ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ
– Қоғамдателефонға тәуелділік өзекті мәселе. Осы орайда кітаптың орны қандай деп ойлайсыз?
– Бүгінде қоғам әсіреқұмарлық пен виртуалды шынайылықтың тұтқынына айналуда. Әсіресе, жастар бойындағы шыдамсыздық – ертеңгі ұлт болашағы үшін аса қауіпті деструктивті құбылыс. Үздіксіз экранға телміру терең ойлау қабілетін тұсап, миды тежеуші факторға айналады.
Бұл ретте орта мен тәрбиенің рөлі шешуші. Егер үйдің дастарқанынан жеміс-жидек үзілмесе, тәттіге құмар бала соған ұмтылатыны секілді, көз алдында бай кітап қоры жинақталған сөре тұрған ортадан міндетті түрде саналы, кітапқұмар ұрпақ өсіп шығады. Диванға жантайып телефон шұқылайтын әке мен баланың арасындағы рухани алшақтық күн санап ұлғайып барады. Керісінше, қолына кітап ұстаған әке ғана ұрпағына адал бағдар, өнегелі үлгі көрсете алады. Өзінің таным көкжиегін кеңейтіп, кітаппен сырласпаған ата-ана баласын ізгілікке бастай алмайтыны хақ. Белгілі қаржыгер Морган Хаузель өзінің өмірлік тәжірибесі мен биік жетістіктеріне жету үшін тұтас жетпіс жылын сарп етсе, біз сол ғұмырлық тәлімді кітап арқылы небәрі екі-ақ күнде санамыздан өткізіп, қажетті қорытынды жасай аламыз. Сондай-ақ Арестотел, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Энштейн, Абай, Шәкәрім заманында өмірге келмей-ақ, кітаптан өнегесін алуға болады. Данышпандар айтқандай, «Адамға адам айтпайтын сыр болуы мүмкін, ал кітап – барлық ақиқатты бүкпесіз ашып беретін сарқылмас қазына».
ЖЕТІСТІК – ІЗДЕНІСТІҢ ЖЕМІСІ
– Кітап оқу әдебіне де ерекше мән береді екенсіз. Осыған тоқталып өтсеңіз...
–Өкінішке қарай, кітапты жай ғана ақпарат көзі ретінде қабылдап, оның қадір-қасиетіне мән бере бермейтіндер кездеседі. Бірі кітаптың бетін қайырып, енді бірі қарындашпен сызып, тіпті тамақтанып отырып оқиды. Мұндай әрекеттерді кітапқа деген құрметсіздік деп қабылдаймын. Себебі кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған рухани тәжірибесі мен ой-санасының жемісі. Оны қолға алған сәттен бастап кітаппен қарым-қатынасымыздың өзінде белгілі бір мәдениет, жауапкершілік болуы керек деп есептеймін. Қарапайым мысал келітерейін, сіз біреуден дұрыс жауап алу үшін дұрыс сыпайы түрде сөйлесіз ғой. Егер тұрпайы сөйлесеңіз, тиісінше, алар жауабыңыз да, сондай болмақ. Мыңдаған коуч бере алмаған мәліметті бүкпесіз берген «ақылшыға» сіз де құрмет көрсетуге тиіссіз.
Меніңше, кітапты құрметтеу – оның мазмұнын түсінуге деген құрметтен басталады. Шынайы білімді бойға сіңіру үшін асықпай оқу, ой елегінен өткізу, маңызды тұстарын есте сақтау және алған тағылымды күнделікті өмірмен сабақтастыра білу қажет.
– Сүйікті әуестігіңіз арқылы жуырда үлкен жеткен бір жетістігіңіз бар екен, бұл туралы оқырмандарға айтып берсеңіз...
– Оныңыз рас. Биылғы шілде айында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған тағылымды шараға қатысып, өз білімім мен кітап оқуға деген қызығушылығымды сынадым. Байқау «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылып, қатысушылардың кітапты қаншалықты түсініп оқитыны, шығармадағы негізгі ойды саралап, өзіндік пікірін қалыптастыра білуіне мүмкіндік берді.
Мен сүйікті қос кітабымнан түйген ойларымды ортаға салдым. Бұл шығармалар маған адамның өмірлік мақсатын айқындауы, қиындыққа мойымай, өзін үнемі жетілдіруі және күнделікті қалыптасатын шағын әдеттердің үлкен нәтижеге бастайтыны туралы терең ой салды. Кітапты оқып шығу бір бөлек те, оның идеясын түсініп, өз сөзіңмен жеткізу – мүлде басқа жауапкершілік. Нәтижесінде «Ең үздік оқырман» номинациясын иеленіп, ақшалай сыйлыққа ие болдым. Әрине, бұл марапат мен үшін жай ғана жүлде емес, кітапқа деген қызығушылығым, тұрақты ізденісімнің бағаланғанын білдіретін үлкен мотивация. Бір жағынан, өзіме деген сенімімді арттырса, екінші жағынан, бұдан да көп оқып, көбірек ізденуге жауапкершілік жүктеді.
Меніңше, кез келген жетістіктің артында көзге көрінбейтін еңбек, үздіксіз ізденіс және өзіңе деген талап жатыр. Сондықтан бұл жеңісті кітап оқуға деген құштарлығымның бір белесі деп қабылдаймын. Ал алда оқитын кітаптарым мен бағындырар белестерім әлі көп.
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!
– Сіздерге де рахмет! Шығармашылық биіктен көріне беріңіздер!
Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
15 тамыз 2026 ж. 24 0

Өнерге толы шаңырақ

15 тамыз 2026 ж. 22

Абай күні аталып өтті

15 тамыз 2026 ж. 17

Аналар алқа тағынып...

15 тамыз 2026 ж. 17

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31