Қазақстанда күн күрт салқындап, күзгі ауа райы орнайды
Фото: Pixabay.comЕлдің басым бөлігіндегі аптап ыстық біртіндеп басылып, оның орнына күзгі салқын ауа райы орнайды. Синоптиктер ауа райының күрт өзгеретінін ескертті: атмосфералық фронттардың әсерінен Қазақстанның көп өңірінде жауын-шашын, екпінді жел болып, ауа температурасы айтарлықтай төмендейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Нөсер жаңбыр, бұршақ және тұман
Қырық градусқа дейін жеткен ыстықтың орнын жаңбыр мен бұршақ басады. Кейбір өңірлерде түнгі температура бір таңбалы көрсеткішке дейін төмендейді.
Алдағы күндері елдің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Солтүстік және орталық өңірлерде найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарында қатты жаңбыр жауады.
Елдің батысы, солтүстігі мен орталығында түнгі және таңғы уақытта қою тұман түсіп, жолдағы көріну қашықтығы нашарлайды. Салыстырмалы түрде құрғақ әрі тынық ауа райы елдің батысы мен Қызылорда облысында сақталады.
Ауа температурасы айтарлықтай төмендейді
Қазақстанның барлық дерлік өңірінде ауа температурасы төмендейді. Солтүстік және солтүстік-батыста күндіз 15-20 градус жылы болып, түнде ауа температурасы 7-12 градусқа дейін түседі.
Орталық, шығыс және оңтүстік өңірлерде де аптап ыстықтың беті қайтады. Оңтүстік және оңтүстік-шығыста күндізгі температура 43-44 градустан 30-37 градусқа дейін төмендейді.
Батыста керісінше жылынады
Батыс өңірлерде ауа райы өзгеше болады. Мұнда салқын күндерден кейін температура қайта көтеріліп, 18-26 градустан 25-33 градусқа дейін көтеріледі.












